Ресейлік телеарналардың Қазақстанда көрсетілуі шынымен шектелетін сияқты, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Естеріңізге салсақ, былтыр жарнама тәртібін реттейтін заңнамаларға өзгерістер еніп, онда шетелдік телеарналардағы жарнамаларды Қазақстан аумағында хабар тарату кезінде шектеу талабы енгізілген болатын. Бұған а дегенде елдегі кабельдік хабар таратушы компаниялар наразылық танытып, дабыл қақты. Осыған байланысты былтыр желтосақ айында сол кездегі инвестиция және даму министрлігіне қарасты ақпарат, ақпараттандыру және мұрағат комитеті аталған талаптың орындалуын 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін шегере тұру керек деген шешім шығарған. Оған дейін кабельдік операторлар мен мемлекеттік мекемелер бір мәмілеге келуі тиіс болатын.
Жарты жылдан астам уақыт өтсе де тараптар бір тоқтамға келе алмаған сыңайлы. Мұның басты себебі шетелдік арналардағы жарнаманы экранға шығармай қиып алатын біріңғай қондырғы қолданудың мүмкін еместігінде көрінеді. Ал, ондай құралсыз, шетелдік арна басшылары бізге тарататын хабарларындағы жарнамаларды қиып алудан бас тартып отырса керек.
Мұны Алматыда өткен «Asian Cable TV Conference-2016» конференциясына қатысушылар да растады.
«Қазтелерадио» АҚ коммерциялық директоры Бақтияр Ошурбаев мұндай мәселе үкіметаралық деңгейде шешілуі керек десе, «Қазақтелеком» АҚ менеджері Ольга Дрелина «Ресейлік арналардың бұлай шіренуі негізсіз емес, өйткені, бізде олардың орнын басатын басқа контент жоқ» дегенді айтады.
Осылайша, тараптардың бұл мәселеде бір шешімге келе алмауына байланысты, шілдеден бастап телеарналарымыз ресейлік контенттен біршама тазарып қалатын сияқты. Қалай болғанда да, былтыр қабылданған заң биыл орындалуы тиіс. Оның үстіне, заңнамадағы бұл өзгерістерді отандық телеарна басшылары бірауыздан қолдап шыққан болатын. Тек бір қызық жері алдағы Олимпиада мен футболдан Еуропа чемпионатын түнімен тамашалайтын жанкүйерлер қауымына қиын болғалы тұр.
Дархан Мұқантегі