ЖЕР – АНА

/uploads/thumbnail/20170709014542822_small.jpg

Жердi бүгiн салып қойдық саудаға,

Оңбаймыз-ау,

Әй, оңбаймыз қайда да!

Адам деген шибөріден ашқарақ,

Құлып салмас ынсап атты қоймаға.

Көз қарайған,

көң қабарып,

бет кепкен,

Қазақтығың қайда қалған қаймана?

Жарға жықпай алып шыққан өкпектен,

Қай тесiкке түсiп кеткен ой дана?

Жасырынар тұс емес пе күнi ертең,

Арам тәндi орағанда жаймаға...

Оңбаймыз-ау,

Әй, оңбаймыз қайда да!..

 

***

Жердi қара ниет тұмшалады,

Жер мұң шағады.

Сәл тынысқа бермейдi мұрша-дағы.

Уақыт бiр шабады,

Адам бiр шабады.

 

Ғасырлардың еркіне қайран қайда!?

Желмая жыл жөңкiлер ойланбай да.

Тоңған қайда,

Беймәлiм.

Тойған қайда?

Хас дүние жапсырар сор маңдайға.

 

Сорасы аққан сорлыдан күш құрғады,

Адалды арам айғыздап күс тырнағы.

Төсiн емген тiлеуiн қыстырмады,

Дүмпiп-дүмпiп қалды ол –

Ышқынғаны.

 

Сезген бар ма?

Сезбейдi,

Керең бәрi,

Дүниенiң, байқашы, көнердi әрі.

Ұшса ауада қалтылдап қауырсындар,

Құйрық бiткен қобырсыр қонардағы.

Бұлт жамылды, деймiз, жер –

О, Жасаған,

Қара ниеттен сәті де қабарғаны.

 

Адамдардың бүгiнде кәрi нық-ты.

Көңiл көңге ұмтылып қағыныпты.

Тағы туып,

ұштаған тағылықты,

Мейiрiнен

төгетiн зәрi мықты.

Сөйте тұра

о, ғажап,

«Ана!» – деп кеп,

Жердi бәрi құшақтап болады өбпек.

Қадір білмес бесiктi тербемеген,

Отыр әне, кіл қалқып төрде керең...

Ана – шуақ,

Ана – ауа,

Ана – тiрлiк,

Ойнағанды шұқылап...

Көрген емен!

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ

Қатысты Мақалалар