«Оралман» десе болды ақылы таяздардың көз алдына «беспредельщик», «бессовестный», «безграмотный» бір бейшара елестейді де тұрады. Тіпті қандастарымыздың үстінен күлгенді былай қойғанда, біздің арамыздағы кейбіріміз оңтүстік өңірдің қазақтарын жақтырмаймыз. Сондағымыз тіліне күлеміз, дәстүрін мінейміз. Қып-қызыл алмасы мен қызанағының, қырыққабаты мен қиярының қызығына батып отырып даттаймыз оларды. Бетіміз бүлк етпей салат жасап жегенде жақсымыз. Алайда тентектік қай жерде де бар.
Қандастарымыздың арасында білімділері жоқ деп кім айтыпты. Елінің ертеңін ойлаумен ағартушылық жолында еңбек еткен ұстаз, ғалым Халифа Алтайдың Құран Кәрім кітабына жасаған аудармасын әлі күнге дейін пайдаланып жүрміз. Құдай тағала ол кісіге разы болсын. Мінеки, бұл бір ғана мысал. Тапсырыспен күнелтетін журналист-сымақтар да осы бауырларымызға әбден тиісіп болды. «Ертең соғыс бола қалса оралмандар бізбен бірге жауға қарсы шығар ма екен, қалай ойлайсыздар?» деген секілді бұзық тақырыптарда мағынасыз мақала жазып жүргендер де аз емес. Әдетте американдық саяхатшы немесе немістің қыдырымпаздарына қорадағы қойымызды сойып, дастарханға бауырсақ шашып тастап, қымыз бен шұбат ұсынатын біздер қандас бауырлар елім, жерім деп келгенде есікті іштен құлыптап алып, үйде тығылып жататынымыз өтірік пе? Мұсылманның мұсылманға деген сыйластығы, жанашырлығы туралы сөз айту… Байқаймын, әуел баста маңдайына жазылған жетістігі үшін қазақ қазақты жек көреді. Теледидардағы түріктердің ертегі өміріне алданып, тамсанып, корейлердің бұзылған қыздары мен боянуға құмар еркектерінің мәдениетіне сілекейлері шұбырып отырғанда жүрек бүлінеді. Жүректегі махаббаттың хәлі мүшкіл, ол бөтенді жақсы көріп тұр.