ТАҒДЫРЫ ҰРПАҒЫМНЫҢ НЕ БОЛАДЫ?

/uploads/thumbnail/20170709021115472_small.jpg

КӨКШЕ МҰҢЫ...

 

Көкшетаудың шыңдарына шырай берген кекілі,

Мен шығарған осы мынау отты жырлар секілді?..

Құс жастықтай текшеленген қатпар-қатпар тастары,

Анталады жан-жағымнан, қуанды ма, желпінді.

 

Жаратқанның шеберлігі –ау, жымдастырып қаланған,

Көздің құртын тойдыруға, құдіреттен жаралған.

Сылқылымен, сылдырымен еркелеген бұлақтар,

Сұлу Көкше хас сұлудай, шашын жайып, таранған.

 

Сахналардың бишісіндей ақ балтырлы қайыңдар,

Жаз шыққалы жасыл желек жапырақтар жайдыңдар.

Әнмен балқып, мың бұралған биші сұлу арудай,

Мына мені өздеріңе ғашық етіп қойдыңдар.

 

Үндестігім табиғатпен тамаша еді, тылсым-ау!

Сұлулықтан жасқандым ба, керек еді қымсынбау.

Үндесіп те, үйлесіп те тұрып сонша,

Неге мен –

Қаймыққаным?..

Сұлу Көкшем,

Сұлулығын ұсынды-ау!..

 

Әулиекөлдің бетіндегі көріп сұлу бейнесін,

Ақ қайыңдар бұратылып, ал кеп тұрып билесін!

Естігелі «сатылды» – деп сұлу ару Көкшені,

Жеке батыр күрсінеді, көтере алмай кеудесін...

 

 

МҰҢ БАСҚАНДА

 

Шыдамадым,

Жанымды мұң басқанда,

Қарай-қарай зарықтым,

Мұңды аспанға.

Шіркін-ай!

Осындайда мұңдасыңмен,

Не жетсін, ақтарылып, сырласқанға!

 

Қылау түсті,

Жарықшақ,

Пәк көңілге,

Тұрғаны, келе алмай, бір кәмілге...

Бәрін істеп тұрған, ол –

Жүрегім-ау?

Бағынбайды,

Ол сондай

Еш әмірге.

 

Көңілге,

Келеді екен,

Қай-қайдағы,

Ерттеулі шеттерінен,

Жоқ жайдағы.

Кей-кейде мен мұндалап шақырады,

Зираты аталардың шалғайдағы.

 

Барғанда зираттарға –

Мұң басқанда,

Ақ шарбы бұлт қалқиды мұңды аспанда.

Тап осы сәт!

Мәңгілік өзгерместен

Жазылып қалар екен қай дастанда?!

 

Осы сәт,

Аруақтармен мұңдасқанда,

Не жетсін,

Дымың қалмай сырласқанға!

Жалғанның неше түстен жаралғанын,

Бояулап

Кемпірқосақ салды аспанға.

 

Жоқ екен,

Арасында ақ, қарасы,

Үндескен бояулардың жоқ дарасы.

Көмкерген,

Төңкеріліп,

Көкжиекті,

Өң беріп,

Кемпірқосақ тұр,

Қарашы!

 

Кей-кейде,

Көңіліңді мұң басқанда,

Жүреді бұлттар көшіп көк аспанда.

Бір күні аунап қалсам,

Жер жастанып

Шаң басып қалар ма екен бұл дастан да?..

 

 

АЖДАҺА

 

Мынау бұлдыр дүние жамандатып,

Жаз шықса да, толассыз «борандатып»:

«Қылаңды» билік бастап беріп еді,

Сонысы кетер ме екен «ылаңдатып»?..

 

«Бұлдырдан» өту мөлдір дүниеге,

Бұйырмас мынау тексіз, сұм жүйеге:

Онда да түкірер ем беттеріне,

Кездесер болсам егер О дүниеде!

 

Сөйлемекпін ұлтымның мінбесінде,

Шықпақшымын билікпен тілдесуге:

Қайда тартып барады,

Қарамай ма –

Қазақтың шыққан тегі іргесіне?!

 

«Егемендік» алдық деп қуанбаған,

Қу билік қуантса да жұбанбаған:

Сұм жүрек сезгені-ау, бұл «бақыттың» –

Алыстан айла екенін «қылаңдаған»...

 

Бұл құлдықты біреулер үлесім дер,

Құл болуға көнбесең –

Күресіңдер!

Аждаһаның араны ашылыпты,

Несіне айта берем, білесіңдер...

 

Қуанбақпыз –

Алдымен қаралы боп,

Жеңіске жетпекшіміз –

Жаралы боп.

Аждаһа жүре берсе шідерленбей,

Қаламыз-ау,

Адамның –

Харамы боп!

 

Езілген елден өскен құл болсақ та,

Құл болып қалғымыз жоқ болашақта.

Шешім сол –

Ант береміз Қазақ Жерін –

Қанымыз сарқылғанша қорғамаққа!

 

Егемендік десек те, сапар алыс,

Бұлт үйірілсе, қалайша жата аламыз?!

Беловежде сыйланған бостандықты,

Болашаққа қалайша апарамыз?..

 

Тіл мен жер қастерленбей,

Көктемейміз,

Төріне болашақтың өктемейміз.

Жау билік берсін қайтып тонағанын,

Кетсе, кетсін!

Жол әне –

Үндемейміз...

 

Ғұмыр өтпек аяныш-өксікпенен,

Баюды мақсат еткен қақ-соқпенен:

Биліктің азғындатқан көрт –

Ұрпағын,

Өмір бақи үшкіртіп, ұшықтаумен...

 

Тізеден тұр қазағым!

Санаңды оят!

Болмады аждаһада ешбір тоят!

Осылай жата берсек бұқпантайлап,

Қазақты тұздай құртып, көзін жоят!

(Оу, қазағым, қазақтың бәрін оят!)

 

ҚАЗАҚТЫҢ АНАСЫ – ЖЕР-АНА!

(Қазақтың марсельезасы – әнұраны)

 

Көкпеңбек аспаны,

Азаттық –

Дастаны,

Қазақтың аңсаған атады ақ таңы!

Киелі қасиет қонған Жер-Анаға,

Мақсат сол –

Жолатпау,

Досыңнан басқаны!

 

Ұраны –

«Абылай!»

Құраны –

«А, Құдай!»

Қазақтың басына қаралы күн туды-ай!

Бастайық шерумен жер қорғау майданын,

Бауырлар сапқа тұр, болмайық екі ұдай!

 

Ежелден ұлт едік,

Еркіндік аңсаған,

Басқыншы жауларын қылышпен жамсаған.

Ел қорғау,

Жер қорғау –

Парызы

Аянбай

Ерен күш, ереулі найзасын жұмсаған!

 

Бұлттанды түйіліп, көк аспан қарайып,

Қапыда қалмайық,

Атқа қон халайық!

Алынбас қамал жоқ біріксек ал қане,

Біртұтас сомдалып алаңға барайық!

 

Бұзайық –

Бұғауды!

Қуайық –

Түнекті!

Ерлері қазақтың,

Қайдасың жүректі?!

Қантөгіс –

Бөтен іс,

Бейбіт Іс бастайық!

Әуелі Аллаға бағыштап тілекті.

 

 

ЖҮРЕКПЕН СЫРЛАСУ

            (Мұң элегиясы)

 

Жүрегім,

Жыламашы,

Білем, білем –

Лайлапты тұнығыңды қайғы кілең.

Тегіңнің біле тұра нәзіктігін,

Қоңсы қону неңді алған, мұң елімен?

 

Кетесің өз-өзіңнен мұңға батып,

Қайтпексің,

Батып тұрып,

Уын татып?!

Не істерсің құбылмалы бұл көңілге,

Алып-ұшып,

Кетті әне

Тағы сатып!

 

Кеудемнің «Бұзамын!» –деп, – тас қамалын»,

Жүрегім дейсің кейде «бұлқынамын»

Сезім ол –

Тұрағы жоқ,

Жалғыз өзім...

О, несі-ай!

Неменеме жұлқынамын?

 

Кеудемнің қиратпасам тас қамалын,

Қалмапты таңдау менде,

Басқа амалым.

Жүрек, сезім, көңілге,

Осы үшеуге

Білмеппін,

Өзі екенмін –

Баспананың!

 

Жүрегім,

Жалғыздығың –

Түрмедесің,

Не істерсің,

Тәңір ісі –

Күрмегесін.

Сүйіп тұрып, артынан ұрсатыным –

Ырқыма көніп кейде,

Жүрмегесін.

 

Көңілім құлазыса –

Ұрандайсың,

Жаназа шығаратын құрандайсың...

Жүрегім-ау,

Жүрегім!

Қайтсем екем?

Ауырып қалмай тағы тұра алмайсың...

 

 

АРЫЛУ...

 

Аспанымда күр-күр етіп, қара бұлттар керісті,

Найзағайын жарқылдатып бірін-бірі перісті.

Қақ айырған қара аспанды қызыл-жасыл жасынды,

Көріп-бағып тұрған еді, дірілдеген жер үсті.

 

Шайқасуға неменеге керек болды жер үсті?

Қара аспанда қара бұлттар неменені бөлісті?

Шатұр-шұтыр тиышталып, жаңбырлатып, нөсерлеп,

Тентектер-ай!

Қара жермен ағыл-тегіл көрісті.

 

Жер-Ана да көптен жауын көрмей әбден шөлдепті,

Қара аспан да мейіріммен ақ жауынын селдетті.

Астан-кестен, қас-қағымда өте шыққан осы сәт,

Неге, неге?

Неге менің көз жасымды көлдетті?..

 

Табиғат та қалғандайын көңілімдей жеңілдеп,

Маужырайды рахаттанып, тұрғандайын желіндеп.

Адамзатпен бар ғой шіркін, олардың да үлесі,

Шұрқырасып, жылқылар да, жүр ғой әне, тебіндеп.

 

Марқұм әжем ол да мендей жылапты,

Жылап тұрып, Жаратқаннан маған ғұмыр сұрапты.

Қуанына ырым етіп, санап көкек дауысын,

Өз-өзінен ғұмыр жасын біле тұра ұрлапты.

 

Жастық шақтан қалған екен талай қимас естелік,

Несін айтам, нелер бейнет, не бір қызық кешпедік!

Неге болсын Жаратқанның қойып қойған шегі бар,

Айтуға да болмайды екен «биледік – деп, – төстедік»...

 

 

ТҮЙСІНУ

 

Жеке-дара жұлдыздарды көргенде,

Таң сібірлеп,

Түн етегін түргенде –

Шет қалыппын,

Жұлдыздардан алыстап,

Жетемін деп ортасына жүргенде...

 

Қайтем ұсақ жұлдыздарды,

Барғанда?

Бытыратып,

Құдай шашып алған ба?

Барам, барам, жерде ұзақ жүрмеспін,

Шолпан жұлдыз аспанда гүл жарғанда.

 

Шоқ жұлдыздар,

Тұрған анау,

Жарқырап,

Жүруші едім көптен бері бақылап –

Қашты екен неге аспан төрінен?

Неге өмір сүреді екен,

Жалқылап?

 

Анаң қара!

Темірқазық,

Үркерді,

Таң атқанда неден олар үркеді?!

Жеті жұлдыз –

Ағайынды қарақшы,

Неге олар күннен бетін бүркеді?

 

Біртұтастық жоқ екен-ау,

Аспанда?

Алалық бар,

Қаралық бар асқанға...

Нені күтіп,

Қарайлаймын аспанға

Не береді мына маған тосқанда?

 

 

АЙ КӨРІНДІ...

Қайдан келді әуені,
Мұң дауыстың?
Ырғағы шарықтаған мың ауысты.
Сұмдығын-ай!
Сұмдығын,
Шыдамадым
Апыр-ау, 
Тағатымды кім тауысты?!

Жел үрлеген қурайдың боздауы ма?
Дауылдың қамыс басын қозғауы ма?
Ышқынады,
Ысылдап,
Ысқырады
Ордасын жыландардың қорғауы ма?

Кей-кейде сыңсығаны –
Жоқтау әні,
Қоштасқан қимастықпен,
Анық мәні.
Апыр-ау!
Мың құбылып,
Сорғалайды
Бояусыз қу жалғанның жоқ қой сәні.

Талқандап,
Ой-санама ойран салған,
Мынау үн,
Жандылардың есін алған!
Астан-кестен сапырып көңілімді,
Бар екен не ақысы менде қалған?!

Сұрапыл тұр әуеннің ырғағында,
Жағаға толқындардың ұрғанындай.
Шырылдап,
Бозторғайдың бір орында,
Арбалып әбжыланға тұрғанындай.

Мынау үн,
Мың құбылып,
Мың егілді,
Бұлбұлдай көмейінен ән төгілді.
Сол екен құдіреті ырғағының – 
Мұздаған жүрегімнен сең сөгілді...

Мұздаған жүрегімнің,
Мұзы еріді,
Сорғалап тамшылардан сөз өрілді.
Жырымның мөлдірлігі содан болар,
Тұнығынан шағылып,
Ай көрінді...

 

ЕЛЕГІЗУ...

 

Атылды,

Жүрегімнен құйын-дауыл,

Білемін ендігімде болмас дамыл.

Мазамды алып тұр-ау, бір жағынан,

Бүгінгі «дос»...

Кешегі ата жауым.

 

Тәңірім қанатымды қайырмасын,

Жерімнен тағдырымды айырмасын.

Туы жоқ,

Отаны жоқ,

Көше кезген

Тағдыры сығандардың бұйырмасын.

 

Ойлап қайтем,

Қанша жыл жасарымды,

Әлі қанша тауларды басарымды –

Қиын болып қалар-ау ұрпағыма,

Мені қойшы,

Жасағам жасарымды.

 

Осал өмір емес қой,

Өткергенім,

Жақсылар бар,

Жаман да...

Жек көргенім.

Өгіздей өрге тартқан өрлігіме,

Ауырлау соқты соңғы көтергенім.

 

Айрылдым ұйқыдан да,

Кұлкіден де,

Жер сату қатты тиді түрпіден де!

Жүйке де тікірейтіп инелерін,

Жаман боп тұр,

Жиырылған кірпіден де.

 

Тежей алмай зұлымдық ырықтарын,

Бір елдің бір ел бұзса шырықтарын.

Шайқалса шаңырағым қандай елде,

Жинармын уығының сынықтарын?

 

Боздаған,

Аңырайды қобыз үні,

Ұлтымның не болар-ау,

Ертең күні?

Таң атса шеңгелінен босата ма,

Құдайдың қарғыс атқан мынау түні?

 

 

ТАҒДЫРЫ ҰРПАҒЫМНЫҢ НЕ БОЛАДЫ?

 

Ойлаймын,

Аспан жайлы,

Ұлтым жайлы,

Сатылмақ болып жатқан,

Жерім жайлы.

Шығарған жер сатуды,

Кім де болса –

Алланың қаһарынан құтылмайды!

 

Ойлаймын,

Отан жайлы,

Болашақты,

Көп ойдан қаным қайнап,

Басқа шапты.

О, Тәңірім!

Жас-шақа ғасырымды,

Айтшы кім, шыңырауға, ала қашты?!

 

Көңілім әр нәрсеге алаңдайды,

Ой ойлау,

Болды –

Апат,

Ала қайғы!

Сананың жетер жері,

Көкжиекте

Өлепат сұрапылдар қылаңдайды...

 

Тағдыры,

Ұрпағымның не болары,

Таусылса,

Дәмі-тұзы –

Кім жояры?

Жер қорғап,

Елін қорғар ерлер қайда?!

Ұлтымның қалмаған ба,

Оқ жонары?

 

Күн бұлттанып,

Қара аспан,

Тұнжыраған,

Сұмдықтан ақын отыр қалжыраған –

Масқара емей?!

Анасын кім сатады?

Жер-Анасын ғасырлар қансыраған...

 

Не көрмеді,

Киелі қазақ жері,

Кешегі «Елім-айлап» тартқан шері.

Жан алып,

Жан берісіп қорғағанда,

Қазақтың сіңген еді қан мен тері.

 

Ұлтымды туған жерден аластаған,

Қай жауыз қасиеттен қалас қалған?

Жері үшін,

Тілі үшін –

Өмір үшін

Бұл қазақ,

Қандай қазақ?!

Таласпаған...

 

 

ҰЯЛАМ ОТАН ҮШІН...

 

Ұялам,
Отан үшін жерге кіріп,
Жұрдай боп,
Қасиеттен, 
Кеткен іріп.
Сауатсыз саясаттың салдарынан,
Жүйесі оңалмастай тұр ғой шіріп.

 

Болары мемлекетті екі талай,
Құртты ғой,
Өңшең қиқым, жалшы-малай.
Қаланған ірге тасы –
Жемқорлықпен,
Тағдыры туған елдің,
Болар қалай?..

 

Ұрпақ ол –
Саналары мәңгүрттенген,
Беймәлім болашағы күңгірттенген.
Айрылған:
Ділден,
Діннен,
Ана тілден,
Керек пе ондай ұрпақ әңгүрттенген?

 

Жер кетті,
Ұстағанның қолдарында,
Жер сатқан –
Саясаттың салдары да!
Қазақтың құны түсті –
Мал құрлы жоқ,
Тектілер қорламайды малдарын да.

 

Құдайды қолдан жасап,
«Уралаған!»,
Әңгіміз,
Шыққан тегін сұрамаған...
Отансыз қалсаң ертең көзің ағып,
Нең қалды,
Беу, қазағым, 
Қурамаған?!

 

Батырдың ұрпағы едім «Отандаған!»
Жау тисе ел шетіне «Аттандаған!»
Елімді жермен қосып сатып жатыр,
Тексіздер қазақтарға қоқаңдаған.

 

Құрдымға тіреп қойды «Нұрекеміз»,
«Қазақ» –деп,
Бекер айтып,
Жүр екеміз.
Тіліміз төрт айыр боп шұбарланып,
Құруға бір-ақ қадам тұр екенбіз...

 

 

ҚАЙРАН ЖҮРЕК ШЫДАМАДЫ, ЖЫЛАДЫ...

 

Қоймады ғой,

Мынау өмір қайтсе де,

Тағыланып кеткен екем,

Әйтседе?..

Төгіліп тұр жарық күннің шуағы,

Қуана да алмай қойдым сөйтсе де.

 

Жаулап алып, болмысымды күш дүлей,

Босатпай жүр көңілімді үш үрей –

Не болады жердің, ұлттың тағдыры?

Тілім әне,

«Орыс болдым» – деп жүр-ей...

 

«Қытай тілін үйрен, қытай – тағдырың!»

Деп «ұрғашы»,

Көңілімді қалдырдың.

Жаттау үшін ұры «шалдың» тарихын,

Тарихымды құрбандыққа шалдырдың.

 

Күшпен зорлап,

Қытай тілін жаттатып,

Жібермекші қытайларды қаптатып.

Ежелгі жау ел болмайды,

Түрлерін

Қойсаң дағы алтынменен аптатып.

 

Отаным жоқ, жерім де жоқ балама,

Қайда кетем?!

Тұз сеппеңдер жарама!

Жерімді алып, қара қытай қаптаса,

Сорым қайнап айдалада қалам ба?

 

Ағылшынды қайтем қытай қаптаса?

Жерді қайтем, жат аяғы таптаса?

Үйретеді-ау, құрт-құмырсқа жегізіп,

Иттің етін қайтем ішке жақпаса?

 

Қыздарымды берсем байға қытайға,

Бабалардың аруағы атпай ма?

Ар-ұяттан жұрдай қылып «нихаулап»,

Намысымды қытай жиен таптай ма?

 

Айтпас едім,

Ананы да, мынаны,

Қайран жүрек шыдамады, жылады.

Қимаса да мынау шіркін жалғанды,

Білем, білем, бір күндері тынады...

Қуаныш Мұқтай

Қатысты Мақалалар