Түркия басылымдары ел президенті Ережеп Тайып Ердоғанды бірқатар өнер қайраткерімен бірге әлемге танымал трансвиститті де ауызашарға шақырып, бірге тамақтанды деп айыптап отыр. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды.
Президент отбасы берген ауызашарға келгендер ішінде 80-жылдары жынысын әйел деп ауыстырған Бюлент Ерсой да болған. Тіпті, президент отбасымен бір дастарханда отырған.

Ауызашарға жиналғандарға Е. Ердоғанның өзі: «Шындығында өнер адамдары мен әртістер еліміздің мәдени қуаты болып отыр. Сіздерге елімізді халықаралық қауымдастық алдында одан әрі абыройлы етуді тілеймін», - деген тілек білдірген.

Халықаралық басылымдар таңқаларлық оқиғаға себеп болған Бюлент Ерсой 1980 жылдарға дейін еркек болғанын жазады. Өнер сахнасында 1971 жылы алғашқы альбомын жазып, үш жылдан соң тұңғыш концертін берген.

1980 жылы ол Лондонда хирургиялық ота жасатып, жынысын әйелге өзгертті. Алайда, ерлердің есімі болып табылатын Бюлент атын сақтап қалды. Кейін ол ел үкіметі салған тыйымға байланысты Германияда тұруға мәжбүр болды. Тек Тұрғыт Озал билік еткен тұстағы заңнамалардың босаңдығын пайдаланып, құжаттарын қайта рәсімдеген.

Осы күнге дейін Ерсой 30 шақты альбом жазып, 10 фильмге түскен.
Бюлент сондай-ақ, шоу-бизнес өкілдері арасында бір отырыста он екі гамбургерді бір-ақ жейтін ерекше қомағайлығымен де аты шыққан.

Трансвиститпен табақтас болған Түркия басшысының әрекетін әркім әртүрлі бағалауда. Біреулер Ердоғанды ислам құндылықтары мен ұлттық дәстүрге сатқындық жасады деп айыптаса, енді бірі Батыс әлемі мен АҚШ-қа өзін адам құқықтары мен бостандықтарына қол сұқпайтын демократияшыл саясаткер етіп көрсетпек дейді.
Бір қызығы Б. Ерсой бір топ әріптестерімен былтыр қазан айында да Ердоғанның қабылдауында болған.