Осыдан дәл бір апта бұрын 31 мамырда қазақстандық БАҚ-тар Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде оннан аса шекарашының қаза тапқаны жайлы суыт хабар таратты. Сол күні бұрын -соңды ешқашан болмаған және әлі күнге дейін нақты анықталмаған қайғылы жағдайға байланысты алғашқы ресми мәлімдеме жасалды.
«Қазіргі уақытта жанып кеткен 13 адамның, посттың жанында орналасқан аңшылық шаруашылығы қорықшысының денелері табылды. ҰҚК және ІІО, шекара қызметінің күшімен жедел іздестіру шаралары жүргізілуде», - деді арнайы ұйымдастырылған брифинг барысында ҚР ҰҚК шекара қызметі директорының бірінші орынбасары Тұрғанбек Сматбеков. Сол күні ҰҚК баспасөз қызметі жазғы уақытта 15 шекарашы күзеткен орындағы ғимараттың үйіндісінен олардың қару -жарақтары табылғанын мәлімдеді. Келесі күні, 1 маусымда жантүршігерлік оқиғаға қатысты тағы бір мәлімет жарияланды. Шекара бекетінде тағы екі сарбаздың сүйегі табылды, деп хабар таратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің баспасөз қызметі. Кейінірек «тағы бір қаза тапқан әскери қызметшінің мүрдесі бекеттен жүз метр жерден табылған. Оның бас киімі, үстінде жылы күртешесі және дүкенге арналған сөмкесі болған» деген ақпарат жетті. Шекара бекетіндегі азаматтардың жаппай қаза тапқаны бұхара халықты алаңдатқаны анық. Барлығының ойында жалғыз сауал –мұндай қылмысты кімнің жасауы мүмкін және тағы бір шекарашының тағдыры не болды... Орын алған оқиғаға байланысты мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құқыққорғау органдары басшыларымен кездесіп, бұл жағдайды «террористік акті» деп атап өтті. «Мен бұл оқиғаны террористік акті деп есептеймін. Бұл ішкі қақтығыстың нәтижесінде болуы мүмкін. Бірақ бұл туралы айтуға әлі ерте. Қазіргі белгілі мәліметтер бойынша шекарашылардың казармасы мен офицерлер тұратын үй өртенген, қаза болғандардың мәйіті сол өртенген үйлердің астынан табылды. Мұндай оқиғалар бейбітшілік жағдайында болудың мән-жайы неде екенін біз әлі тексеретін боламыз», деп атап көрсетті Президент. Сондай –ақ, мемлекет басшысы мәселенің анық-қанығын тергеу үшін арнайы комиссия құрылғанын жеткізді. Төтенше оқиғаға байланысты Бас әскери прокуратура қылмыстық іс қозғады. Орталық және жергілікті құқық қорғау органдары мән-жайды анықтау және болжанған қылмыскерлерді ұстау үшін барлық қажетті жұмыстарды жүргізуде» деді мемлекет басшысы. Әскери прокуратура қылмыстық іс қозғады, үкіметке опат болған шекарашылардың отбасына қолдау көрсетуге тапсырма берілді. Сот- медициналық сараптама нәтижесінде шекарашылардың сүйегінен алкоголь табылмағаныбелгілі болды. «Қазір Астанада жасалған сот-медициналық сараптама нәтижесінде «Арқанкерген» шекара бекетінде қаза тапқан барлық әскерилердің және қорықшының сүйегінен алкоголь табылмағаны белгілі болды», деп хабарлады ҚР ҰҚК ШҚ. Он бесінші шекарашының тағдыры соңғы уақытқа дейін белгісіз болып келді. ҚР Президенті шекарашылардың қазаға ұшырауына байланысты 5 маусымды ұлттық аза тұту күнідеп жариялады. Осы күні Алматы облысындағы «Арқанкерген» шекара бекетінде қаза тапқан шекарашылардың қай өңірлерден шақырылғаны жарияланды. Кейінірек ҚР ІІМ Қ.Қасымов күннің басты жаңалығын хабарлады: «Кеше кешке қарай қыстақтардың бірінен 15-ші шекарашы табылды. Ол азаматтық киімде болды. Одан жауап алынды, түсініктеме берді. Тергеу жұмыстарына кедергі келтірмес үшін анық-қанығын айта алмаймын. Оның берген жауабы тексеріліп жатыр. Тергеу жүргізілуде, оның психикалық жай-күйін де тексереміз. Менің ойымша, бұл жағдай ішкі мәселелермен байланысты деген болжам расталатын сияқты. Ол командирдің қаруымен ұсталып отыр, сол күні кезекшілікте болған, осының бәрін ол өзі айтып, түсіндіріп отыр», - деп қосты ол. Осыдан кейін халыққа ҰҚК «Арқанкерген» бекетінде қазаға ұшыраған шекарашылырдың тізімі белгілі болды. Өрттің шығу себептерін тексеру үшін сараптама тағайындалды. «Біз сот сараптама жұмысымен байланысты өрт-технникалық сараптама жүргізіп жатырмыз. Біз қандай да бір болжам айт алмаймыз, біз бар болғаны осы саладағы біліктілігімізді көрсетеміз. Сараптама жақын күндері аяқталады, айта кету керек қалың өрттің салдарынан бірқатар нысандар, тоқ сымдары да жалынның шарпуына іліккен. Сараптама жұмыстары осының салдарынан қиындай түсті», деді Сот сараптамалық орталығының директоры Бөкенбай Бишманов. Сондай- ақ, ол 8 маусымға қарай сараптама қорытындысы белгілі болатынын жеткізді. БАҚ күн сайын аты шулы оқиғаға қатысты расталмаған деректерді жарыса жариялады. Аты -жөні белгісіз дереккөз Владислав Челах деген қатардағы жауынгердің әріптестерін қырып салғанын, қазір ол түсінік беріп жатқанын мәлімдеді. Қоғамда түрлі болжам айтылып жатқанда, шекарашылармен бірге қаза тапқан 47 жасар қорықшы Руслан Кимнің денесі жер қойнауына тапсырылды. ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоганн Меркель БАҚ өкілдеріне шыдамдылық танытып, ресми ақпарат күтуге шақырды. Қазір Қазақстанның әр түкпірінен қазаға ұшығарған шекарашылардың отбасыларына көмек көрсетілуде. Шекарашылар әріптестерінің отбасыларына материалдық көмек көрсету мақсатындабір күндік жалақыларын аударып, 30 млн теңге жинады. Алматы облыстық әкімшілігінің шешімімен келісім шартпен әскерде болған үш азаматтың отбасына 1 млн теңге көлемінде көмек көрсетуше шешім қабылданды. Сонымен қатар, Ақтөбе облысынан әскер қатарына шақырылған Ағанас Қамбар мен Әли Мақсұтовтың отбасына да осынша мөлшерде көмек берілді.
Дерек: Bnws.kz
Пікір қалдыру