Астана әкімі Әсет Исекешев қала тұрғындары мен қонақтарынан толассыз жауған жаңбыр салдарынан болған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Өзінің Фейсбук желісіндегі парақшасында қала басшысы кәріз жүйелерінің құрылыс қарқынынан кейін қалып келе жатқанын жазды.
«Құрметті астаналықтар мен қала қонақтары! Нөсер жаңбырдың толастамауы салдарынан қала жолдарында туындаған қолайсыздықтар үшін əкімдік атынан кешірім сұраймын. Елорданың қарыштап дамуы қаланың суағар кəріз жүйелерінің құрылыс қарқынынан ілгері келе жатқаны нөсерлі күндері басты проблемаға айналып отыр», - деген әкім соңғы күндері Астанада жаңбырдың бір айлық мөлшері жауғанын айтады.
«Қазгидрометтің хабарлауынша соңғы нөсерлі жаңбыр күндері жаңбырдың бір айлық мөлшері жауған екен. Бүгінгі таңда əкімдік қалыптасқан жағдайды тез арада ретке келтіру үшін барлық шараларды қолдануда. Қолда бар барлық 107 дана арнайы техника жұмылдырылып, су басқан аудандарда тəулік бойы су сорып жатыр. Соңғы күндері ғана қосымша сусорғылармен 100 мың т.м. су сорылды, тазартқыш ғимараттар арқылы 150 т.м. су өтті. Біздің коммуналдық қызметтер 300 км-ге жуық коллекторды босату үшін енді бір тəулік керек», - дейді ол.
Тұрғындар мен қала қонақтарынан жолдардың уақытша жабылуы сияқты қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраған ол әкімдіктің ресми ақпарат көздері арқылы тұрғындарды барынша ақпараттандыруды қолға алатынын жазады.
Әсет Исекешев бұл түйткілді проблеманы шешудің кешенді жобалары жасалғанын да айтып отыр.
«Былтыр нөсер кәрізінің қызметіне байланысты мәселелерді шешудің жаңа жолдары әзірленді. Нақтырақ айтқанда, №31 көшеде су тазарту құрылыстарын салу бойынша жобалар іске асырылды, «Мыңжылдықта» су тазарту құрылыстары іске қосылды, сондай-ақ, Иманов көшесіндегі сорғылардың қуаттылығы ұлғайтылды», - дейді Әсет Исекешев.
Қала басшысы сондай-ақ: «Үстіміздегі жылы Омаров – Отырар көшелерінің қиылысындағы коллектор қалпына келтірілді, тамыздың соңына дейін Тұран даңғылы мен №27 көшенің қиылысындағы су тазарту құрылыстары салынып бітеді. Мұнымен қоса, биыл Кіші Талдыкөлден Есіл өзеніне су жіберетін коллектор мен Сауран көшесіндегі Рысқұлов көшесінен №31 көшеге дейінгі нөсер кәрізі коллекторын, сондай-ақ, Сейфуллин көшесіндегі ПМК-86 су тазарту құрылыстарын салу аяқталады, Тұран даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысындағы су тазарту құрылыстарын қайта жөндеу қолға алынды. Қазіргі кезде Бейсеков көшесі мен Қорғалжын тасжолының қиылысындағы, логистикалық орталық ауданы мен Пригородный кентіндегі су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары жалғасуда. Үшқоңыр көшесінде құрылыс жұмыстары басталады. Тиісті жұмыстар қатты жаңбыр жауғанда қаладағы жағдайды қалпына келтіруге мүмкіндік береді», - дейді.
Әкім кәріз жүйесіндегі түйткілдерді шешуге халықаралық мамандар мен инженерлер тобының жұмылдырылып жатқанын айтады.
«Бүгінде мәселені жүйелі түрде тұтастай қала бойынша шешу үшін халықаралық институттармен, инженерлермен және эксперттік топтармен бірлесіп нөсер кәрізі жүйелерін одан әрі дамыту бағдарламасымен жұмыс істеп жатырмыз. Тиісті жұмыстардың нәтижелерін міндетті түрде күзге қарай қалалық қоғамдық кеңестің талқылауына ұсынатын боламыз», - дейді Әсет Исекешев.