МҮФТИДІ ІЗДЕСЕҢ МЕШІТКЕ БАР!

/uploads/thumbnail/20170709043358080_small.jpg

Дін басыларына тиісу – еріккеннің ермегіне айналып жатқандай. Жұмасында  мешітке бір соқпайтын базбіреулер имамдарды даттап, Мүфтиятты қисынсыз қаралауда. «Бісмілләсін» білдей әкім Бердібек Сапарбаев бастап еді, телеарналар қостап, одан қалса кім-көрінген аузына түскенін көки беретін болды ғой.

Күні кеше ұлт батыры Қайрат Рысқұлбековтың ағасы Діни Басқармамен қоса, Ұлттық қауіпсіздік Комитетіндегілерді сынап тастады. «Сезікті бірінші секіреді» деуші еді. Жалпы, сақалы сапсиғандарға кім микрофон ұсыныпты? Гәп сонда боп тұр да. Жәә, қойшы, соларды, тықыр таяғанда тышқан да тыпырлайды ғой. Жалпы Дарын Мубаровтың жақтаушыларының жайы бесенеден белгілі емес пе?  

Енді біреу әлеуметтік желі бетінде «Муфтият неге салафизмге қатысты патуа шығармайды» деп «питеция» жариялапты. Діни Басқармадағыларға олардың зиянды екені онсыз да мәлім. Ондай патуа экс-Мүфти Ратбек қажының кезінде шығарылған. Содан бері имамдар жақ талдырмай айтумен келеді. Сәләфилер содырға айналғанша «соқыр» болған – билік қана. Радикалды топтарды Мүфтият емес, ел үкіметі қауіпті деп тануы тиіс.  

 «Жұрт не демейді…» дей салайық десек…..

Аты дардай Қазақ күресі Федерациясының Президенті Арман Шораев бір шидің ұшын шығарды. Ол «КТК» телеарнасын басқарған шағында садақаға түсетін ақшаға қатысты жүргізілген журналистік зерттеуді Фейсбуктағы парақшасында жариялады. Сөйтіп, Діни Басқарманы «жемқорлар пирамидасына» теңеді. Имамдардың жер-жебіріне жетті.

Аз-кем өткенге көз жүгіртіп көрейікші. Арман Шораев телеарна басшысы болған тұста еліміздің Бас Мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі еді. Ол кезеңде Діни Басқарманың жұмысында біраз шикілік болғаны сырт көзге де байқалған-ды. Кадр тағайындауда рушылдық, жершілдікке жол берілді. Сәләфиттер де сол кезеңде тайраңдап кетті. Тіпті солардың ұстанымдарын құптайтын бірен-саран имамдар да болды. Шымкентке «тықпалағанында» дәстүрлі дінге берік жергілікті жұртшылықтың оларды жолатпай, келген іздерімен қайтарып жібергені де есте. «Нұр-Мүбарак» университетін әлгіндей арабтардан арылта алмады емес пе? Мешіттерді өзінің кітаптарын сататын дүкенге айналдырып жібере жаздаған еді. Экс-Мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің мешіттердің ашылу салтанатына қатысуының өзі «қиямет-қайым» ниязды еді ғой.    

Сондай-ақ, Арман мырза садақаны сөз етті. Елдегі мешіттердің нақты санын білмейтін адам, 70 миллион доллар түсетінін қайдан санап алды екен. Оның қисабына жету үшін, арнайы есепші болудың қажеті жоқ. Мұндай ақша «бейшара» имамдардың тісі тұрмақ, түсіне де кірмеген. 70 мың тұрмақ 7 мың теңге де айлық ала алмайтын имамдар бар. Мешіттер құлыптаулы тұрмасын деп, Жаратқанның разылығы үшін бес уақыт намаз өткізіп тұрады, олар.     

Одан бөлек, халықтың бәрі жаппай мешітке арнайы барып, садақа бермейді. Жеті шелпекпен шектелетіндері де бар. Күлше тұрмақ, көк тиын садақа бермейтіндер де баршылық. Ауылдағы мешіттердің садақа жәшіктерінің түбін төңкерсең де ақша түспейді. Қайдағы 70 миллион доллар?! Жеті жылда да жиналмас ондай сома. Алдымен, халықтың садақа, зекет беру мәдениетін көтеру керек.       

Садақа төңірегінде шу тағы да сол экс-Мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің кезінде шыққан. Не бөлісе алмай қалғандарын қайдам, Дін істері жөніндегі Комитеттің сол кездегі жетекшісі Қайрат Лама-Шариф мырза садақаға шүйліккен күйі кетті ғой. Тіпті садақа терминалдарын ойлап тапқан еді. Қанша миллион теңгеге алынған терминалдар түкке жарамай тұр, қазір. Өйткені, «Оң қолыңмен бергенді, сол қолын көрмесін» деп риядан сақтанатын қазақтың Рахманның разылығы үшін, отбасының, өз басының амандығы үшін берген садақасын бұлдауға ешкімнің хақысы жоқ.

Қазіргі кезде Мүфтияттағылардың садақа-зекеттен түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсап жатқанын көрер көз байқап жүр. Арман Шораев айтқандай 70 миллион доллар болса, апаттан зардап шеккендерге үй салып та берер еді. Әл-әзірге тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, киім-кешек жеткізіп жатқандарына, Шүкіршілік! Экс-Мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің бір кітабын  сыйға алу мұң еді. Қазір сұрағанға діни кітаптар тарту етіледі. Бағыттағы оқулықтар тегін таратылады. Одан бөлек, медреселерде дәріс алып жатқан балалардың оқулықтарының, ішіп-жемінің негізгі шығынын Діни Басқарма көтереді. Мешіттердің күтімі тағы бар. Өз мамандарын еңбекақымен толық қамтамасыз ете алмай жатса да, қиналғандарға шама-шарқы жеткенше жәрдемдесіп жатқан Мүфтият пен жомарт жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

 «Қазақстан барысы» боп, миллиондап жүлде ұтып алып жатқандардың аузынан жырып мұқтаждарға көмектескенін естісек қой.  

Арман мырзаның қанша жыл бұрынғыны қазір еске алуына не түрткі болды екен? Не десек те, биікте жүрген ағалардың ұсақ-түйек әңгімеге араласуы іріліктеріне сын сияқты.

Ал, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының бір орталық директоры Ерқанат Әбени де «ұрынарға қара таппай» қалғандай, Бас Мүфтиге ақыл айтып тастады. Жиырма шақты адамның арасында жүргізген сауалнамасында Бас Мүфтиді ешқайсысы танымайтын боп шығыпты-мыс. Тіпті олар атын да атай алмапты. Қысқасы, ол былай дейді: «А ведь именно руководство духовенства должно вести активную просветительную работу, что бы как можно меньше людей поддавались нетрадиционным течениям, не брали грех на себя и убивали людей. Главный имам обязан быть лидером мнения, должен несходит с экранов телевизоров, использовать все современные средства коммуникации разъясняя, что есть истинный Ислам, а что от иблиса».

«Самұрық-қазынада» мұрнынан сүрлігіп жүрсе, Ерқанаттың өзін Діни Басқарманың тіршілігінен «осветить» етіп қояйықшы. Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлы «Асыл арна», «Еуразия» телеарналарының эфирлерінен өзі уағыз айтады. Одан бөлек Мүфтиятқа қарасты 22 сайтта, діннен не хабар керек, бәрі бар. «Ақида», «Фиқһ», «Тәпсір», «Хадис», «Бес парыз», «Иман шарттары» тағы да басқа дәрістер жүргізіліп, күндіз-түні рухани-танымдық хабарлар таратылуда.        Мүфтиді попқа теңеп, атын шығарып алайын деді ме екен, Ерқанат Әбени. «Самұрық-Қазынада» зерікпесе, еріккеннің әңгімесін неге айтады, ермек қып. Мүфтиді көргісі келсе, мешітке барып, өзіне айтсын, оныз да дінсіздеу қоғамды шулатпай!   

Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафаның с.а.у хадистерінде «Кім бір жақсылықты жайса, оның сауабын алады. Ал, жамандықты жайса, күнасына қалады» деген даналық бар. Дін басыларын тілдеу – дінге тиіскенмен тең. Бұл Жаратқанға қарсы келгенмен пара-пар. Дінді қорғаштайтын заманда, дін иелерін қаралап жатқанымыз өкінішті-ақ.                                           

Мөлдір Нұрман

Қатысты Мақалалар