Жер комиссиясының шығынын Ерболат Досаевтың мойнына ілу ұсынылды

/uploads/thumbnail/20170709043953913_small.JPG

«Жер комиссиясының бюджетін Ерболат Досаевтың жеке мойнына іліп, мемлекеттік қызметтен аластату қажет». Саясаткер, үкімет жанындағы жер реформасы жөніндегі құқықтық жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан осындай ұсыныс тастады, – деп хабарлайды Qamshy.kz.

Мұхтар Тайжанның бұрынғы Ұлттық экономика министріне бұлай шүйлігуі бекер емес екен. Саясаткердің айтуынша, бір ғана Атырау қаласында өткен комиссия отырысына шамамен 5 миллион теңге қаражат кеткен.

«Комиссияның отырыстары бюджет үшін қымбат па?» деген сұраққа жауап берген Мұхтар Тайжан әрбір комиссия мүшесіне жұмсалатын мемлекет қаржысының есебін жариялады.

«Мысалға, Атырауға дейін ұшақ билеті – 113 мың теңге. Қонақ үй – үш тәулікке 75 мың, тамақ, кір жуу, көйлекті үтіктеу – 10 мың – тәуліктік шығыннан төленеді. Толығымен дерлік бір адамға – 200 мың теңге. Кешегі отырысымызға (23 шілде күні Атырауда өткен сегізінші отырыс – ред.) комиссияның 25 мүшесі қатысты. Яғни, іс-сапарға шамамен 5 миллион теңге ақша кетті. Залды жалға алуды, адамдардың жұмысын айтпай-ақ қояйын», - деген ол бұдан басқа отырыстардың да қазына үшін оңайға түспегенін айтады.

«Басқа отырыстарымызға 25 емес, 75 мүше қатысады. Яғни, бүгінге дейін ең кемімен 40 миллион теңге мемлекеттің қалтасынан кетті деген сөз», - дейді М. Тайжан.

Осыншама қаражаттың сұраусыз кетпеуі керектігін айтқан саясаткер комиссия шығынын «Жер кодексіне» енген даулы өзгерістерді жасаған бұрынғы Ұлттық экономика министрі төлеу керек деп санайды.

«Неге бұндай шығын пайда болды? Себебі, жер мәселесі бойынша соңғы заң сапасыз болғандықтан халық оған қарсы шықты. Бұл заңның авторы кім еді? Ерболат Досаев мырза, өзі мұны мойындап сол үшін отставкаға кетті. «Отставка» болғанда қазір мемлекеттік «Байтерек» қорын басқарып отыр. Менің ұсынысым – Жер комиссияның бюджетін Ерболат Досаевтың жеке мойнына іліп, мемлекеттік қызметтен алып тастау, болашақта жолатпау керек. Бұндай айыппұл толығымен әділетті болады деп санаймын», - дейді ол.

Қатысты Мақалалар