ДҮКЕНДЕРДЕ САТЫЛАТЫН СҮТ ӨНІМДЕРІ ТАБИҒИ МА?

/uploads/thumbnail/20170709044512387_small.jpg

Алғаным шұбат емес қатықтан қалған тегештің жуындысы

Мейлі сүт, мейлі айран, әлде қымыз немесе шұбат, сөрелерде тізіліп тұрған сүт өнімдерінің табиғи өнім екеніне кейде күмәнданасың. Өткенде шөліркеп супермаркеттің бірінен танымал маркалы шұбат алдым. Алған соң екі сағат өтпей қайтарып бердім. Ішпек тұрмақ татып алуға жарамайтын, тіпті "түйе сүтінен жасалған" деуге келмейтін түсініксіз сұйықтық. Жаңа өнім болса да ащы иіс бұрқырап тұр. Шұбатқа тән қоюлық жоқ, сылдыраған көк су. Дәмін татқан адам бұның шұбат еместігін бірден біледі. Кәдімгі қатықтан босаған тегештің жуындысы бар еді ғой, ауылда мысыққа құятын. Тура сондай.

Былтыр күннің ыстығында шөл басайын әрі сусын ретінде тоқ қой деп, атақты бренд маркалы айранның бірін алғам. Ол нан ашытқан тегештің жуындысындай боп шықты. Айран емес ашытқы татиды. Бұл өнімдерге сүт бактериялы қышқылдар дегенді қосатыны сыртында жазылатынын білеміз. Содан ба, әлде ішіне сүт өнімін мүлдем қоспай ма, әйтеуір атауына лайық емес."Тұтынушының құқығын қорғау" дейді. Бірақ "мына  өнім бағасына лайық емес" деп, қашанғы шағымданасың? Бір-екі емес, сөрелерде толып тұрған сан түрлі фирмалардың талайы аса табиғи емес өнім өндіріп жатқанын  білсе де көпшілік жасанды ұнтақтан жасалған езбені тұтынуға баяғыда көнген. Қазір 20 жыл бұрынғы сүт жоқ, ауылда болмаса. Айран, ірімшік, кілегейде бұрынғыдай табиғи дәм қалмаған. Неден жасайтынын өндірушілердің өздері білер. Осындай өнімдерден табиғи дәміне сай емес тосын иіс шығып тұрса да көпшілік тұтынуға мәжбүр.

Табиғи айранды шет елге барып іштім

Иә, аузымызға ақ тимегелі қай заман? Айран ішу үшін ауылға барып тұруға болады. Бірақ алыс. Кішкене кезімде ауылда татқан айран-сүттің дәмі қиялымда ғана қалғандай. Ұзақ жылдық үзілістен кейін табиғи айранды шет елден ішіп келдім. Оқу бағдарламасымен алыс мемлекетте жүргенде айранға бір тойдым. Рас айтамын. Оқыған институттың асханасына күнде таңертең қаймағы бұзылмай ұйыған бір тегеш айран тұрады. Мен содан құйып алып құмарымды қандырдым. Бұл жердің сүті де дәмді екен. Дамыған ел аталса да сүт өнімдерін өндіруде табиғи қалпын бұзбағанына риза болдым. Несін айтасыз, кәдімгі айран көрмегендей сімірдім.

Кейбір фирмалық қымыз, шұбат, т.б. емдік қасиеті бар сусындар ашыған бір дәмі болмаса табиғи қалпы жоғалғаны  белгілі. Әйтеуір өнім аты бар. Қазір балаларға дейін кемінде алты ай сақталатын сүт ішеді. Ауылдың табиғи сүті қаланың кез-келген бұрышында сатылып жатқан жоқ қой. Кейбір ауылдарға барсаң, "сиырды баяғыда сатып жібердік" деген сылтаумен қаладан келген фирмалық сүтті тұтынады. Осы, ауылға барып, айран-сүтке бір тояйыншы дейсің. Бірақ, жеңгелер алдыңа қалада күн сайын көретін "Фудмастерді" қояды. Қалалықтардың ең сүйікті өнімі ғой.

Сүт қатқан шай ішпегелі қай заман?

Қай үйде болсын, немесе жиын-тойда, шайға фирмалық сүтті, негізінен 6 ай сақталатын жасанды сүтті қосады. Ел ішеді. Қайтеді енді? Баяғыда ауылда самаурында қайнаған шайға қатқан сүттің дәмі қайда? Ешбір мейрамхана, кафеде жоқ ондай сүттің дәмі. "Осы үйде, жақсылап бір дәмдеп шай ішейінші" деп дүкеннен сүт іздесең, табиғи өнім табу қиын.  Ел көбінесе 6 ай сақталатын сүт алады. Табиғи өнім 6 ай сақталушы ма еді? Сыртында "табиғи сүт", "классикалық сүт" деген сияқты жазулары бар өнімдердің өзі кемінде 14 күн сақтауға арналған. Ал нағыз сүт үш күннен артыққа шыдамайтыны белгілі. Кезінде жоғары сапасымен танылған "Вим-биль-дан" деген маркалы сүтті алушы едік, Бішкектен шығатын. Кейінгі жылдары одан да бас тарттық. Қанша күн тұрса да ашымайды, шіркін. Кейде сүт өнімдері ішу үшін емес, сақтап қою үшін шығарыла ма деп ойлайсың. Қысқасы, қара шайдан асқазанымыз азып бітті.

Сүт өнімдерінің құрамы неге тексерілмейді?

"Россельхознадзор" сүт өнімдерін шығаратын зауыттарды арнайы тексеру нәтижесінде сүтке судан басқа крахмал, бор, сода, әк, бор қышқылы, т.б. нәрселерді қосатынын анықтаған. "Сметана" деп аталатын өнімге (бізде қаймақ деп жүр, бірақ ол басқа) өсімдік майлары, соя, ақуыз, крахмал, стабилизатор, дәмдік қоспалар бар екен. Сүт өндіретін фирмалар бұларды пайда табу үшін қосатын көрінеді.

Бізде осындай тексерулер жүргізіле ме? Жүргізілсе, оның нәтижесі неге жарияланбайды?

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша ересек адам үшін орташа тәуліктік сүт нормасы күніне 1 литр екен. Сүт ересектермен қатар балалар үшін де аса маңызда D дәруменінің негізгі көзі екені белгілі. Елімізде әр адамы күніне бір литрден сүт ішетін жанұя бар ма? Болса, бізге хат жазсыншы.

Дана Қамшыбек

Қатысты Мақалалар