Кейде осы басқа елдің жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы туралы айтыла қалса жұрт бірден жамандайтыны несі? «Ақша үшін, материалдық байлықты көздеп кетті» деген сияқты кінәлап, даттап жатады. Мен шет елге тұрмысқа шыққан қыздарды кінәламас едім. Өйткені, өзім де болашақта екінші жартымды шет елден тапсам деймін. Иә солай. Неге екенін баяндап берейін.
Бөтен елге, әсіресе капиталистік мемлекетке барып, сонда өмірлік теңін тауып, қалып жатқан қыздарды кінәлауға негіз жоқ, меніңше. Мысалы, мен де дүние-байлық қуған жан емеспін. Екі шет тілін білемін. Қазақшам да жетік. Бірақ маған қазақ ортасында өмір сүру қиын сияқты. Кінәлай көрмеңіздер. Бай-қуатты туыстарыммен емін-еркін қатынас жасай алмаймын. Бұрын олар тұрмысы жұпыны кезінде кісі сияқты сөйлесетін. Ал қазір жақтырмайды, өзімен байлығы тең еместі менсінбейді. Тіпті есігінен кіргізбейтіндері бар. Маған біздің қазіргі қоғам есеппен өмір сүретіндерге арналғандай көрінеді. Бай туыс кедей туыстың алдында көсіле мақтанып, бөскенін көріп, есту жанға батады.
Мен ағылшын тілінің аудармашысымын. Жуырда бір шет елдікті ауылға апардым. Сол жердегі бір ауқатты қазақ отбасы қонақ етті. Ол үйдің қариялары менен қайта-қайта "Өзіңнің тұрмысың жақсы ма? Материалдық жағдайың жақсы шығар" деп сұрай берді. Шет елдіктер біреудің тұрмыс жағдайын сөз етпейді, мәдениетсіздік саналады. Қасымдағы азаматты (жасы үлкен адам еді) "Зейнетақың қанша доллар? Біздің теңгеге шаққанда қанша болады? Балаларыңның да табысы жақсы шығар?" деген тәрізді сұрақтармен мазалай берді. Бұл дүниеқоңыздық па? Әрине, бұл дүние-мүлікті адам капиталынан, адамның жеке басынан жоғары қою деп білемін. Адамды материалдық жағдайына қарап бағалайтын қазақтар бұрынғыдан гөрі қазір көп сияқты көрінеді. Әлгі қонақтың алдында қатты ыңғайсыздандым. Егер мен қазақ жігітіне тұрмысқа шықсам, оның туған-туыстары да сондай есепқой бола ма деп уайымдаймын.
Мен өзімнің тілімді, елімнің тарихын, салт-дәстүрін қатты құрметтеймін. Негізі өз ана тілімде сөйлеймін. Бірақ маған бұл қоғамға сіңіп кету қиын боп тұр, рас. Қазіргі қазақ осыдан 20 жыл бұрынғы қазақтан басқа сияқты көрінеді. Әлде бұл ойым дұрыс емес пе? Бір кезде мектепте мұғалім боп жүрген орташа тұрмысты туыс апайымыз қызы бастық лауазымына тағайындалып, материалдық жағдайы күрт жақсарып еді, қарапайым адамдарды елемейтін болды. Тек үйіне шақырып, шай беріп отырып, өздерінің бәрінен артық екенін көрсетіп, мақтанғаны болмаса. Оның іргесіндегі кедей қазақтың қандай ыңғайсыз күйге түсетінін тіпті ойламайды да. Оларға көмектеспейді де.
Ал шет елдің капиталистік қоғамында бұндай бөліп-жару жоқ екенін көріп жүрміз. Мысалы, еуропалықтар, қайда жүрсе де қарапайым. Бай-кедей деп бөліп жармайды. Өзінің шынайы қалпынан айнымаған.
Сонымен егер мен қазаққа күйеуге шықсам, оның туыстары менің туыстарыммен материалдық жағынан бәсекелес бола ма деп ойлаймын. Сен дүние-мүлік, қызмет тұрғысынан асып тұрсаң құрметтеп, қарапайым адам болсаң бірден менсінбей шыға ма деп қорқамын. Мысалы, құдалықтың өзі қандай дүние жарыс десеңізші!
Былтыр бір танысымның 19 жасар қызы 24-тегі заңгер жігітке тұрмысқа шықты. Бір ай өтпей жатып, қыздың жағы қайта-қайта барып, қазан-ошағына араласып жүріп, екеуін ажыратты. Мәселенің бәрі жігіттің өте ауқатты еместігінде. Ол кедей де емес. Бірақ жалақысы орташа, ата-анасының да табысы жоғары емес. Несиеге той жасады. Екі бөлмелі пәтерде жігіт ата-анасымен және бір інісімен бірге тұратын. Өте көрікті, сымбатты, ақкөңіл жігіт еді. Қыздың анасы оның ас та төк табысты болмағаны үшін ажыратып жіберді. Әлгі жігітті іштей аядым да.
Ауылға барсаң, қандай жиын болса да біреудің лауазымды қызметін, дүние-мүлкін ғана сөз қылады. Жоғары кресло иелерін төрге отырғызып құрметтейді де, кезінде сыйлы, ал бүгін қартайып, зейнеткер боп қалған, ұл-қызы үлкен қызметкер емес кісілерді төмен отырғызатынын да байқайсың кейде. Іштей ызаланасың. Сонда адамның қадір-қасиеті оның ақшасымен өлшене ме? Амал не?! Төңірегіме қарасам, бай туыс кедей туыстың үйін тартып алған жағдайларды да көресің. Кейде ойлаймын, біздің қоғамда тіршілік ету үшін мықты жүйке керек-ау деп. Менің жүйкем мықты емес. Жан-дүнием өте әлсіз. Біреудің біреуді басынғанын, құлданып пайдаланғанын көрсем жан-дүнием езіліп кетеді. Сондықтан ешкімнің дүние-мүлкін сөз қылмайтын, адамдарды алаламайтын шет елдің бір жігітімен бас қоссам деп ойлаймын. Бірақ бұндағы туыстарымды қалдырмай, көмекке зәру отбасыларға көмектесемін.
Айжан
Алматы қаласы