АТЫРАУ БАСШЫЛЫҒЫ ХАЛЫҚҚА АУРУ МАЛДЫҢ ЕТІН ЖЕГІЗБЕК ПЕ?

/uploads/thumbnail/20170709045609833_small.jpg

Атам заманнан малға жұқпалы ауру тараса ол жақсылықтың нышаны емес. Жұқпалы аурумен ауырған малдың етін жеуге де, өзге мақсаттарға пайдалануға да болмайтыны белгілі. Жуырда Атырауда ірі қара малға «нодулярлы дерматит» деген ауру тарап, облыстың екі ауданында сиырлардың қырылғаны белгілі. Соңғы  деректерге сүйенсек,  облыста мал дәрігерлері 384 сиырды емдеген, 1611-і ауруынан әлі жазылмаған. 130 ірі қара өлген.

«Хабар» агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті басшысының орынбасары Тұрсын Кабдулданов ауру малды емдеуге бюджеттен 1,9 млн теңге бөлінгенін мәлімдеген. Аймақта бір айлық карантин жарияланды. Сөйте тұра нодулярный дерматитпен ауырған малды емдеген соң етін жеуге болады деу асығыстық емес пе? «Нодулярлы дерматит малдың тек терісін зақымдайды» деген шенеунік аталмыш ауру жұққан малдың өнімділігі төмендеп, қызуы көтеріліп, ішкі құрылысына дейін зақымдалатын, ал бұндай белгілер оның етінің сапасына нұқсан келтіретінін ескермей отыр ма сонда?

Нодулярлы дерматит Ресей Федерациясының Солтүстік Кавказ аймағына да тараған. Ресейлік ғалымдар бұл ауру адамға аса қауіпті болмаса да оған шалдыққан малдың етін жеуге болмайтынын айтуда. Тіпті, ауру сиырдың сүтін де ішуге болмайды. Өйткені, ауру малды емдеу кезінде егілген химиялық препараттардың қалдықтары еттің құрамына жиналатын көрінеді. Бұл препараттар адам азғасына өткенде денсаулығына кері әсер етері сөзсіз.

Ал ҚР Ауыл шауашылығы министрлігі өкілінің нодулярный дерматиттен емделген малдың етін жеуге болады деген пікірді ашықтан ашық айтуы халық денсаулығына немқұрайлы қарау емес пе?

Бүгінде Ресейдің Кавказ аймағында сатылымға түскен сиыр еті қатаң тексерілуде. Яғни ауырған малдың еті тұтынушының қолына өтпеуі жіті қадағалануда. Ресейде нодулярный дерматитпен ауырған мал етінің сатылуына жол берілмейді. Солтүстік  Осетия – Алания Республикасында алғаш рет 2015 жылы қазан айында тіркелген нодулярный дерматиттің қаупі әлі де сақталуына байланысты республиканың мал дәрігерлік басқармасы осындай қадағалау орнатқан. Бүгінге дейін Моздок ауданында  6 мың бас ірі қара малға вакцинация жасалған. Солтүстік Осетияда нодулярный дерматит 500-ден астам ірі қара малды зақымдаған. Сондай-ақ, milknews.ru мәліметіне сүйенсек, бұл ауру биыл Ресейдің Ставрополь, Краснодар аймақтарында, Шешенстанда тіркелген.

Нодулярлы дерматитке қарсы вакцина әлі жасалған жоқ. Ресей мал дәрігерлері сиырларды емдеуге қойдың шешек ауруына арналған вакцинаны еселеп пайдалануда. Ауру тарамас үшін Дағыстанның мал шаруашылығы  кәсіпорындарында сүт өнідірісі "жабық режимге" көшірілді. Аймақтағы ветеринарлық-полицейлік бекеттерде әкелінген мал мен мал өнімдеріне, оның ішінде мал терісіне қатаң түрде тексеру жүргізілуде.  

Нодулярный дерматит - вирустан туындайтын инфекциялық ауру, сиыр бұл науқас шалдықса қызуы көтеріліп, терісіне жара шығады, өнім бермей, арықтайды. Вирус малдың ішкі құрылысын да зақымдайды. Біздің мамандар ауырған сиырдың етін (аурудан емделді дегеннің өзінде) тұтынуға болмайтынын ескертудің орнына халыққа "жеңдер" деп ұсынғаны қызық-ақ.

Дана Қамшыбек

Қатысты Мақалалар