Астанада жолақы төлеудің электронды жүйесі жүзеге асырыла бастады. Енді елорда маңындағы ауылдарға жолаушылар тасымалдау 4 тарифтік аймақ бойынша жүргізіледі. Нақтылап айтқанда, бұған дейін қала сыртындағы 24 елді мекенге қатынайтын 14 бағдардың жолақы құны былай бөлінбек, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Автобустардың 1-ші аймағы - қала іші. Бұл аумақта жол жүру құны ересектерге 90, ал балаларға 40 теңге. Одан кейінгі 2-ші аймаққа бару үшін 200 теңге шығынданасыз. 3-ші және 4-ші тариф бойынша сәйкесінше 300 немесе 400 теңге төлейсіз.
Аймақтар арасындағы ара қашықтық 15 шақырымнан және әр аймақ ішіндегі жолақы 90 теңгеден аспауы тиіс. Бұдан бөлек осы бірінші кезеңде бірқатар азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған. Олардың қатарына соғыс ардагерлері, зейнеткерлер, барлық топтағы мүгедектер, көп балалы аналар мен оқушылар кіріп отыр.
- Қалалық тұрғындардың жалпы саны 93 мың адамды құрайды. Ал қала маңындағы елді мекендерде тұрғандардың саны 12 мыңның үстінде. Осы азаматтар жеңілдікпен пайдалана алатын болады, - дейді "Астана LRT" ЖШС-ның жолаушылар көлігі маманы Әбдіхамит Тамабаев.