Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әскери сотында бұрынғы бизнесмен Тоқтар Төлешовке қатысты алғашқы сот отырысы басталды. Қылмыстық іс жабық түрде қаралып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары сот дәлізін күзетуде, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Тоқтар Төлешов «Шымкентсыра» зауытының бұрынғы иесі еді. 2016 жылдың қаңтарында Шымкентте күш құрылымдары арнайы операция жүргізіп, оны қолға түсірген болатын. Арада алты ай өткен соң, яғни, маусым айында ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми мәлімдеме жасай отырып, Тоқтар Төлешовке қаражаты мен лауазымын пайдалана отырып, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген айып тақты. Бұл ойын жүзеге асыру үшін Тоқтар Төлешов құзырлы органдар мен әскери саладағы ведомстволардан сыбайластар тапқан екен. Жалпы, осы қылмыстық істе 25 фигурант бар.
Ел билігін күшпен басып алуға әрекеттенді деген айыптан басқа, Тоқтар Төлешовке адам ұрлады, билікті басып алуға үгіт-насихат жасады, заңсыз қару-жарақ сақтады деген тағы ондаған бап бойынша кінә тағылып отыр.
Айтып өткеніміздей, сот жабық түрде өтіп жатыр. Өйткені, қылмыстық істе мемлекеттік құпияларға қатысты деректер бар. Сот төрағасы - Ербол Ахметжанов.
Пікір қалдыру