Зағиптар қоғамының мүшелері жаппай төбелес шығарды (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709070634698_small.JPG

Қазақ зағиптар қоғамында тағы да шатақ шықты. Бұрынғы президентін соттатып тынған ұйым өкілдері бұл жолы Алматыдағы филиал директорын да қызметінен кетірмекке бекінген. Алайда мекеме басшысының оңайлықпен орнын бергісі жоқ. Директорды креслосынан күшпен алып тастамақ болғандар ақыр соңы қырғын төбелесті бастап кетті, - деп хабарлайды Qamshy.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Бұрынғы басшысын түрмеге қамап тынса да зағиптар қоғамы әлі тынши қоймаған. Енді бұл жолғы талас осы қоғамға қарасты Алматыдағы оқу-өндірістік кәсіпорын директорының орынтағына қатысты жүріп жатыр. 

Алтынай Ибрагимова, Қазақ соқырлар қоғамы №1 Алматы оқу-өндіріс кәсіпорынының директоры:

-Бұрынғы директор осы жердегі бүкіл құжаттардың мөрдің барлығын, алып, 6 ай бойы біздің кәсіпорынға жұмыс істетпеді. Енді бүгінгі күні тағы да сондай жалған құжат әкеліп, әбігерге түсіріп жатыр. 

Ал өзін осы оқу-өндіріс кәсіпорнының жаңадан тағайындалған директорымын деп таныстырған азамат Алтынай Ибрагимованың осыдан екі күн бұрын жұмыстан босатылғанын алға тартты. Сондықтан бүгін қалайда қызметке кірісуім керек деп отыр.

Талғат Пірімжанов:

-Заң жүзінде қайта сайланған жаңа басшылық оны өткен 13-і күні жұмыстан босатқан. Бірақ ол орнын тастап кеткісі келмейді. Кезінде осы қоғамнан ұрлаған 2,5 миллион теңгесі үшін әлі қылмыстық іс жүріп жатыр. Біз сол ақшаны қайтарып, мына жерден кетуін талап етеміз.

Қарсы тараптар қатты-қатты айтса да құр сөз жарыстырып қана тұрған. Алайда жанжал сөзбен бітпеген соң бір-бірінің жағасына жармасты.

Зіңгіттей күзетші жігіттер жетіп келсе де, оларға қарап жатқан зағиптар жоқ. Көзбен көрмесе де құлаш сермеп жұдырықтап, тіпті директор кеңсесінің ішінде қолына таяқ ұстағандар да табылды. Бәрінің көздегені бұрышқа тығылған директорды қуып шығу.

-Ұрма, кет!!! Жоғал!

Жаппай төбелес ұзаққа созылған соң оқиға орнына полиция келіп жетті. 

Полиция өкілдері келген соң ғана жұрт сабасын түсті. Тәртіп сақшыларына ере келген жедел жәрдем қызметкерлері содан кейін ғана таяқ жегендерге алғашқы көмек көрсетті.

Әйтеуір, қазақ зағиптар қоғамы даудан арылмай қойды. Оның бұрынғы президенті Байболат Әубәкіров те талай жылғы текетірестен кейін 7 жылға сотталып тынған еді. Сот оны бюджетке 1 млрд. 300 млн. теңгені жымқырды деп тапты. Бұл жолғы жаппай төбелеске де осы қоғамның бюджетін құрайтын ірі көлемдегі қаржы себеп деген сыбыс бар. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар