Жапондар хатшы қыздың жұмысын да құлтемірге тапсырады

/uploads/thumbnail/20170709071337782_small.jpg

Бүгінде құлтемірлер (робот) саны жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Жапонияда адам тәрізді іс-қимыл жасайтын роботтың көптеген түрлері танымал. Енді солардың бірнешеуіне тоқталайық.

Сая есімді хатшы робот

Токиодағы Жаратылыстану ғылымдары университетінде Сая есімді хатшы жұмыс істейді. Бірақ ол адам емес, хатшы қыз бейнесінде жасалған робот.  Университеттің технология факультетінің ғылыми-зерттеу лабораториясына келушілерді қабылдап, тіркеп,  ақпарат жинаумен айналысатын хатшы  робот сөйлейді, күледі, тіпті ренішін де жасырмайды. Ол қабылдау бөлмесіне келген адамға басын изеп, сәлем береді де, “бұл неғылған жан?” дегендей жақсылап қарайды. Содан соң кісінің қандай шаруамен келгендігін сұрайды. Келушіні тіркеген соң, мекемеге кіруге рұқсат береді екен. Әрі ақылды, әрі еңбекқор, жалақы талап етпейтін Сая сияқты хатшы  робот қай мекемеге болса да қажет-ау.

Хирург-роботтың қызметі орасан

Жапонияда кісі хирургтың әлі қолы жете қоймаған мүмкіндіктерін хирург  робот толықтыруда. ММ1 жүйесі бойынша іске қосылған ғажайып  робот  мидағы ақаулықты жылдам тауып, ұсақ-тамырларға ем жасайды екен. Егер дәрігер мониторға қарап отырып, құрал-саймандар арқылы 100 мм мөлшердегі тамырларға қозғау салса, хирург  робот 5мм-лік өте ұсақ көлемдегіні көре алады екен. Сондай-ақ, оның тереңдігі 60 мм, ені 0,8 мм өте жіңішке қан тамырына операция жасау мүмкіндігі бар. Хирург - робот Токио университетінің техникалық зерттеулер институтында жасалып, университеттің медицина факультетіне қарасты аурухананың ми және жүйке жүйесін емдейтін бөлімшесінде іске қосылған.

Оттан, судан, ұрыдан... бәрінен қорғайтын күзетші робот

Жапониядағы «Гадробо-Д1» деп аталатын патруль сақшысы кез-келген мекеме, зауыт-фабрика, қоймаларды қарауылдай алады екен. Оның кеудесіне, арқасына және қос бүйіріне төрт бейнекамера орнатылған. Робот өзінің камерасы түсіріп алған бейнелерді автоматты түрде «Қауіпсіздік орталығындағы» мамандарға жібереді. Ол сонымен қатар күдікті кісіні байқаса немесе өрт пен су шаю қаупін сезсе дереу дабыл қағады. Күзетші роботтың тағы бір кереметі — кенеттен өрт шыға қалса өрт сөндіргіш құралымен бірден сөндіре қояды. Әмбебап күзетшінің дене тұрқы 110 сантиметр, салмағы 80 килограмм. Бұл роботты Күншығыс еліндегі «Күзет қызметі» деп аталатын акционерлік компания пайдалануда.

Шарафат Жылқыбаева

Қатысты Мақалалар