Бүгін Астана қаласы мәслихатының кезекті сессиясы өтіп, оған елорда әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов қатысты, деп хабарлайды Qamshy.kz Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне -ке сілтеме жасап.
Депутаттар күн тәртібіне шығарылған 13 мәселені қарады. Отырыс барысында талқыланған басты мәселе - автомобиль жолдарын дамыту және күтіп ұстау болды.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметовтың айтуынша, бүгінде төменде аталған учаскелерде көлік құралдары кептеліп қалады. Олар: Тұран даңғылы мен Қорғалжын тасжолының қиылысы, Тұран даңғылының Керей мен Жәнібек хандар көшесінен Сығанақ көшесіне дейінгі бөлігі, Сығанақ көшесі, Орынбор көшесі, (Қонаев көшесінен Керей мен Жәнібек хандар көшесіне дейін), Сарыарқа даңғылы (Тұлпар көпірінен Кенесары көшесіне дейін және Бөгенбай батыр даңғылымен қиылысы),Уәлиханов көшесі мен Абай даңғылының қиылысы.
«Әлеуметтік шиеленісті жою, әлеуметтік нысандарды инженерлік желілермен және бару жолдарымен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар көшелерді салу жұмыстары қолға алынды. Соның ішінде Сейфуллин көшесі мен Тілендиев даңғылы аумағында жалпы ұзындығы 5,3 км 4 көше, Қошқарбаев көшесі аумағында жалпы ұзындығы 9,1 км 7 көше пайда болады. Сығанақ көшесінің аумағында Е11, Е13 көшелер салынып жатыр. Сондай-ақ, биыл «Зеленый квартал» ТК инженерлік желілер тарту және көшелер салу жұмыстары басталды»,- деді Қ. Айтмұхаметов.
Оның айтуынша, қаланың көлік желісіне түсетін жүктемені азайту үшін Кіші айналма жолдың құрылысын жалғастыру керек. Оның жалпы ұзындығы 35,0 км құрайды. 2008 жылдан бері 22,8 км, 14 жолайырықтың 9-ы, көпірлер мен жол өтпелері салынған.
«Кіші айналма жолмен тәулігіне 90 мыңнан астам көлік жүреді, жоба іске қосылған кезде кем дегенде 20 мың көлік қала орталығын айналып өтетін болады», - деді ол.