Жаңаөзенде алты күн бойы наразылық танытқан мұнайшылар жұмыстарына қайта кірісті,- деп хабарлайды Qamshy.kz Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Облыс әкімі Алик Айдарбаевпен алты сағат келіссөз жүргізген олар ақыры дегендеріне жетіп, наразылық шеруін тоқататқан.
Жергілікті билік мұнайшылар қойған барлық талапты орындауға «Бұрғылау» компаниясын көндіріпті. Ал олардың негізгі сұрағаны - айлықты көтеру болатын.
«Бұрғылау» серіктестігінің белсенділері мен облыс әкімі арасындағы жабық есік жағдайда өткен келіссөз бірнеше сағатқа созылды.
Мұнай-газ саласындағылардың жалақыларын басқа жолмен теңестіре салуға болмайды екен. Өйткені бұл жүйе тек ұлттық компанияларда енгізілген. Ал мұнайшылары наразылық білдірген жеке кәсіпорын оның құрамында емес.
Сондықтан ол жалақы мәселесін өздері реттеуі керек. Бұл үшін биліктегілер мекемеге келесі жылы да тапсырыстарды көптеп береміз деп отыр. Қойған талаптары бірден болмаса да, біртіндеп орындалатыны мұнайшыларды бұл жолы сабасына түсірген тәрізді.
"Дау бітті. Ары қарай қоян-қолтық жұмыс жасаймыз деп уәде беріп жатырмыз бір-бірімізге. Қалған мәселелер күнделікті жұмыс барысында шешіле береді", - дейді «Бұрғылау» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәкен Бекқалиев.
Тараптарды ымыраға әкелген келісімге қол қойылысымен мұнайшылар үйлеріне тарқасты. Ал бүгіннен бастап күнделікті жұмыстарына қайта кірісіп жатыр.