Дәурен Абаев: БЛОГЕРЛЕРДІ БАҚЫЛАУДА ҰСТАУДЫ МАҚСАТ ТҰТПАЙМЫЗ

/uploads/thumbnail/20170709101541329_small.jpg

Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін үйлестіру жөніндегі заңнамаларға енгізілгелі жатқан өзгертулер мен толықтырулар, осы мәселеге қатысты қоғамда талқыланып жатқан жағдайларға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Министр осы мәселеге қатысты ойын Фейсбуктегі парақшасында жариялады.

«Екі апта бұрын «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына «Ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы» заң жобасына қатысты Тұжырымдаманы орналастырғанымызды білесіздер.
Бұл осы саланы дамытудың көкейкесті мәселелері бойынша өзара пікір, идея алмасу үшін жасалған қадам болатын», - деген министр заң жобасын талқылау қоғамның барлық мүдделі топтарының ұсыныс-пікірлері негізінде жүзеге асатынын айтады.

«Әрине, жан-жақты диалог аталған заң жобасы нақты механизмдерімен назарларыңызға ұсынылған кезде басталады. Дегенмен, көріп отырғанымыздай, осы алғашқы кезеңнің өзінде қоғам мен медиа қауымдастықты алаңдататын негізгі мәселелер белгілі болуда.
Мәселен, блогерлер мәртебесіне өзгерту енгізу ұсынысы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Сондықтан, дәл осы мәселенің мән-жайына тоқтала кетсем деймін», - дейді Д. Абаев.

Осы орайда министр мемлекеттің әлеуметтік желі қолданушыларын қатаң бақылауға алуды мақсат етіп отырмағанын айтады.

«Бұл жерде көзделгені отандық блогосфераға қатаң бақылау орнату емес. Өз басым, мұндай әрекет қоғам үшін тиімсіз деп санаймын. Біз тұжырымдамада әлеуметтік желінің белсенді қолданушыларына өз қалауымен желілік басылым ретінде тіркеуге тұру мүмкіндігін беруді ұсынып отырмыз. Яғни, бұл дегеніміз оларға жаңа мүмкіндік пен құқық беріледі деген сөз.
Әрине, тұжырымдамаға қатысты қоғамдық пікірталастың жандануы уәкілетті орган ретінде бізді тек қуантады. Министрлік сындарлы ұсыныстарды, оның ішінде сыни пікірлерді де ескеретін болады», - дейді министр.
Оның айтуынша, «Ашық НҚА» порталы арқылы аталған мәселеге қатысты әркім өз ұсыныстарын жолдай алатын көрінеді. 

Қатысты Мақалалар