Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі "Феникс" көркемфильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражаттың жымқырылғанын анықтады, - деп хабарлады.
Тергеудің мәліметінше, "Қазақфильм" АҚ-ның "Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS" ЖШС-ға фильмнің өндірісіне 79 миллион теңге бөлгені анықталған. "Оның 69 миллион теңгесін картина продюсері Тұңғышбай Жаманқұлов жымқырған. Ол - "Т.К.TURAN UNIVERSAL BUSINESS" ЖШС-ның құрылтайшысы", - делінген хабарламада. Осыған байланысты Тұңғышбай Жаманқұловтың бүгін, 2 қарашада ұсталғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, қаражаттың қосалқы мердігерлік ұйымдарда қолма-қол ақшаға айналдырылып, Тұңғышбай Жаманқұловқа берілгені айтылады.
Сонымен қатар, қаражат жымқыруға "Қазақфильм" АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Г.Ысқақованың және фильмнің атқарушы продюсері Н.Юдинаның қатысы бар екені дәлелденгені хабарланып отыр. Айта кетейік, олар соттың санкциясымен қамауға алынған болатын.
Еске сала кететін болсақ, жақында ғана Тұңғышбай Жаманқұлов Мәдениет және Спорт министрін сынаған еді.
Пікір қалдыру