Астана соты Сейітқазы және Әсет Матаевқа қатысты Астанадағы Есіл аудандық №2 сотының үкіміне байланысты апелляциялық шағымды қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қаласы сотының апелляциялық алқасының судьясы Алма Есімова Матаевтарға қатысты алғашқы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Дегенмен өмір бойына мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардағы ұйымдастырумен және материалдық жауапкершілікпен байланысты басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салу жазасы өзгерді.
«Апелляциялық сот алқасы Сейітқазы және Әсет Матаевқа қатысты 3 қазанда Астанадағы Есіл аудандық №2 сотының шешімін өзгертуді қаулы етті. Өмір бойына мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардағы ұйымдастырумен және материалдық жауапкершілікпен байланысты басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салу жазасының орнына, Сейітқазы және Әсет Матаевқа мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардағы ұйымдастырумен және материалдық жауапкершілікпен байланысты басшылық қызметтерді атқаруға 10 жылға дейін тыйым салу жазасы тағайындалсын. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалсын, прокурордың апелляциялық келіспеушілігі қанағаттандырылсын», - деді А. Есімова.
Аталмыш үкім 9 желтоқсанда күшіне енеді.
Айта кетейік, 3 қазанда Астанадағы Есіл аудандық №2 сотының шешімімен, мемлекет бюджетінен ірі көлемде ақша жымқырды және 300 млн теңге салықты төлеуден жалтарды деп айыпталған
Сейітқазы Матаев 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал оның баласы Әсет Матаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сейітқазы Матаев пен оның баласы, «КазТАГ» ХАА бас директоры Әсет Матаев өзара сыбайласа отырып, 300 миллион теңге жымқырды деп айыпталған болатын. Бұған қоса, тергеу шаралары Сейітқазы Матаевтың 327 млн теңге көлеміндегі салықтан жалтарып жүргенін анықтаған болатын. Сейітқазы Матаев ҚР ҚК 177-бабының 4-бөлімінің Б тармағы бойынша және ҚР ҚК 245-бабының 3-бөлімінің, 190-бабы, 4- бөлімінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оның дүние-мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды. Әсет Матаев та ҚР ҚК 194-бабы 4-бөлімі, 190-баптың 4-тармағында көрсетілген қылмыстар бойынша кінәлі деп танылды. Аталған баптар негізінде «КазТАГ» ХАА бұрынғы басшысының дүние-мүлкі тәркілене отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.