Биыл Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды. Айтулы датаға орай ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев рақымшылық жариялау туралы заң жобасын ұсынып, мемлекеттік қызметкерлерге қаржылық сыйақы беруге тапсырма берді. Бұдан бөлек ел көлемінде түрлі іс-шаралар, мерекелік концерттер өткізіледі. Ал қазақстандықтар тәуелсіздік күнін қалай атап өтетінін білу үшін бірнеше мәдени орталыққа хабарласып, қазақстандықтардың арасында сауалнама жүргіздік.
Юлия Пак, зейнеткер: «Мен көп қабатты үйде тұрамын. Осы жылы тәуелсіздік күніне орай әдеттегідей аулада дастархан жаямыз. Бұл біздің үйдің ақсақалдары үшін жылдағы дәстүрге айналған. Барлығын өзім ұйымдастырып жатырмын. Ақша жинамаймыз. Кім не алып келе алады, соны үстелге қоямыз. 16 желтоқсанда қайтыс болғандардың құрметіне бір-екі стақан ішіп қоятынымыз да бар. Бір жағынан бас қосуға тағы бір себеп».
Василий, менеджер: «Тәуелсіздік күніне орай төрт күн демалыс беріледі. Осы демалысты ештеңке істемей, үйде жатамын. Соңғы бір айда жұмыс қарбалас болғандықтан, ұйқыны қандырып, демалуға тамаша мүмкіндік туындап тұр».
Тамара, зейнеткер: «Мен үшін 16 желтоқсанның басқа күндерден еш айырмашылығы жоқ. Зейнеткер болғандықтан, көп уақытым үйде өтеді. Тәуелсіздік мерекесінде де үйде боламын. Әдеттегі дастархан, әдеттегі күн».
Арман, студент: «Мен жатақханада тұрамын. Сондықтан, демалыс болса қуана-қуана үйге барамын. Үйде өткізген әрбір күнім мен үшін мейрам».
Гузеля, есепші: Әйел адам үшін мейрамардың құрметіне берілетін демалыс – демалуға емес, үйдегі жиналып қалған шаруаларды аяқтау үшін қажет секілді. Сондықтан, тәуелсіздік күнін ерекше атап өтемін деп айта алмаймын. 4 күн демалыста үй шаруасымен айналысамын. Ал жұмыс бастан асады».
Лилия Старова, медбике: «Мен өзімнің негізгі жұмысымнан бөлек, уақытым болғанда желілік маркетингпен айналысамын. Тәуелсіздік күніне орай берілетін 4 күнді максималды түрде пайдаланғым келеді. Алматыдағы ірі сауда орталықтарындағы бутиктерді аралап, тауар ұсынамын. Менімен әріптес болуға үгіттеймін. Желілік маркетингпен айналысатындар мені түсінеді. Сондықтан мейрамда демалмаймын».
Игорь, студент: «Менің ойымша, Қазақстанда тәуелсіздік мерекесін көп ешкім тойламайды. Бұл әрине үлкен мереке. Десек те, ол жаңа жылдың тасасында қалып қалады. Мәселен мен жаңа жылға дайындығымды бастап кеттім. Қайда, кіммен өткізетінімді кәзірден бастап ойлап жүрмін. Ал 16 желтоқсан әдеттегі демалыс секілді өтіп кетеді
Тұрсынай Исмаилова, Ислам мемлекеті Иранның Қазақстандағы өкілдігінің қызметкері: «Тәуелсіздік күніне орай бізді бірнеше конференцияларға шақырды. Мәселен, жақында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған конференциясына бардық. Студент жастарды мерекемен құттықтап қайттық. Енді Абай атындағы ҚазҰПУ-да да өтпек. Соған барамыз. Ал орталық ештеңке ұйымдастырмады. Жылда ерекше іс-шара жасаймыз деп айта алмаймын. Себебі оған қаражат бөлінбейді».
Гольдберг Маисей, «Алеф» еврей мәдени орталығының төрағасы: «Біздің орталық тәуелсіздік күніне орай Астананың шалғай аудандарында концерт өткізді. Қала орталықтарына келуге көбіне мүмкіндіктері бола бермейтін аудандарға мәдени демалыс ұйымдастырып бердік».
Әділ Лиян, тележүргізуші: Осы жылы тәуелсіздік мерекесін отбасымен бірге, қала сыртындағы үйде өткізбекшімін. Мен жылда бұл мерекені дүркіретіп атап өтемін. Шет елде жүргенде де тәуелсіздік мерекесін ұмытпайтын. Мәселен, Лондонда жүргенде, тәуелсіздік күнін шет елдік достарыммен бірге атап өттім. Оларды қазақстанның мәдениетімен таныстырып, тарихы туралы айтып бердім. Ал осы жылы тәуелсіздік мерекесін елімізде емес, ыстық аймақта, жағалауда өткізгім келеді. Алайда бұл арманым биыл орындалмайтын сияқты».
Петр Свойк, саясаттанушы: Мен жылда серіктестеріммен бірге алаңға барып, гүл шоқтарын қоятынмын. Осы жылы мерекені өзгеше атап өтпекпін. Жақында мені Астанада тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылып жатқан мерекелік іс-шараға шақырды. Қуана-қуана барамын.
Алексей Чжен, Kazakhstan Fashion Week директоры: Мереке күндері республика сарайының жанында Қазақстанның үздік дизайнерлерінің еңбектері көрсетіледі. Бұл тәуелсіздігімізге 25 жыл толуына орай ұйымдастырылып жатқан іс-шара. Онда 25 жыл ішінде, сән әлемінде қандай жетістіктеріміз жөнінде айтылады, конкурстар ұйымдастырылады. Осы мерекелік шараның ұйымдастырушысы ретінде, тәуелсіздік күні жұмыста боламын.
Дильмурат Бахаров, «Дервиши» тобының әншісі: Отбасымызбен 16 желтоқсанда ауылға туыстарымызға барамыз деп жоспарлап қойғанбыз. Себебі осы жылы ешқандай мерекелік концертке шақырту жоқ. Мерекені жұмыста, сахнада қарсы алған өзіме ұнайды.
Әнші Дильназ Ахмадиеваға да қоңырау шалған едік. Менеджері әлеуметтік желіге хат жазуымызды сұрады. Ресми хат жолданды. Алайда әншіден ешқандай жауап келмеді.
Сауалнаманы жүргізген: Әсем Әлмұханбет