(Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына)
Бір заманда қалғып та қалтыраған,
Қалып бара жатқасын халқы надан
«Оян қазақ» деп алаш ақындары,
Сахарада қырандай саңқылдаған.
Қалғып жүрген халыққа қойын бағып,
Көріне ме дүниенің бояуы анық?!
Бірақ қазақ жүз жылдап қалғығанмен,
Көкірегі тегінде ояу халық.
Көрінгенмен көп көшіп елдей надан,
Жерін сақтап, қаруын теңдей алған.
Амал қанша азулы, әккі жауға,
Көбінде рас шамасы келмей қалған.
Қосылып оған оқусыз қалғандығы,
Жауға тағы өздерін алдандырды.
Сол үшінде оян деп аңғарылар,
Оянуын қазақтың арман қылды.
Айтылса да абыз бен ақын сөзі,
Ашылмады ғылымсыз ақыл көзі.
Осы уытты ұйқыдан ең алдымен,
Дін үйретіп оятты тәңір өзі.
Ғасырларды еске алсақ өткен мұңлы,
Сыр шертеді жыраулар төккен жыры.
Сосын елдің намысын оятты өзі-ақ,
Отаршылдар, озбырлар өктемдігі.
Бас көтертпей тұрғанда жаттың күші,
Туды тағы бай-кедей таптың ісі.
Маркизім қайта елді қалғытқанмен,
Оятты елді идеялар қақтығысы.
Ел намысын аяусыз жаныштады,
Көне, жаңа отарлық барыстары.
Жанын тікті ұлт рухын сөндірмеуге,
Сонда біздің алаштың арыстары.
Қауып барын білсе де азап барын,
Аңсады ел өзінің азат таңын.
Дүр сілкінді бергі бет, арғы бетте
Қаны тасып оянған қазақтарың.
Шарлай жүріп кешегі, бүгінгісін,
Барлай жүріп замана құбылысын,
Біздің қазақ қайтпады алған беттен,
Тәуелсіздік дәл соның туындысы.
Енді мүлгіп кетпейді енді қалғып,
Өз-өзіне оянған келді халық
Айшықталып жазылып жатыр бүгін,
Арғы тарих ақиқи бергі тарих.
Өркениеттен жаңа, тың ой аларлық,
Енді менің қазағым ояу халық.
Ояу көзге көрінер күңгірттенбей,
Сан құбылған заманның бояуы анық.
Алға басып барады ерлеп халық,
Енді бізге жат мүлде кер бақпалық.
Жар астында жасырын жау барында,
Біліп отыр сезініп, сергек танып.
Әр ұлтта бар адамдар жаны қотыр,
Кейбірі оның биліктің тағында отыр.
Іштен шыққан жау жаман қашандағы,
Ояу қазақ оны да танып отыр.
Жаңа өмірге бұрылды бетің бірден,
Ер қазағым су кешкен етегімен.
Тереңіне ғылымның бойлап жүрсің,
Айналысып техника тетігімен.
Бақытты біз жасаймыз қолымызбен,
Санасамыз оңымыз, солымызбен.
Басқалардың қаңсығын таңсық көрмей,
Жүрсек болды қазақи жолымызбен.
Бір жағадан шықса егер бастарымыз,
Ашық болар мәңгілік аспанымыз!
Алаштардың жолына адал болсын,
Болашақтың иесі жастарымыз!