Непал полициясы 15 жасар қыздың өлімін тексеріп жатыр. Оны етеккір келгені үшін уақытша үйден шығарып, ауа аз кіретін қораға көшірген деп хабарлайды bbc.com.
Полицейлердің айтуынша, Рошани Тирува жылыну үшін от жағып, тұншығып қайтыс болды. Қыздың денесін өткен демалыста әкесі тапқан. Оқиға Катмандудан 440 шақырым жерде орналасқан Ачхам ауданындағы кішкентай ауылда болған.
Ежелгі үнді дәстүрі бойынша, әйелдер етеккір кезінде және жаңадан босанғанда «таза емес» болып есептеледі.
Непал үкіметі 2005 жылы оған заң түрінде тиым салған. Алайда, кейбір қауымдарда әлі күнге дейін аталмыш дәстүрді жалғастырып келеді.
Жергілікті тұрғындардың ойынша, әйелге етеккір келген уақытта үйден көшіріп жібермесе, ауылда бақытсыздық орнайды. Мәселен, табиғи апат.
Қоғамнан уақытша оқшауланған әйелдерге әдеттегі тамақ бермейді және сүт ішуге тиым салады. Қыздар мен әйелдерді малмен бірге ұйықтауға мәжбүрлейтін жағдайлар болған. Кейде тіпті ауылдан шығарып жіберіп отырған.
Әйелдер көбіне қыста мұздап, жазда ыстықтан жапа шегеді. Ол егде жасқа жеткенде психикалық ауруларға шалдықтырады екен.