Шымкенттік тәуелсіз ұйымдар өкілдерінің басын қосқан жиын USAID/GAIN бағдарламаларын Қазақстанда жүзеге асырудың қоғамдық таңдауына арналды. Ғалымдар адам өлімі санының көбеюі тағамдардың сапасыздығынан болатынын айтуда. Өңірімізге арнайы келген Ю.Белослюдцев, Е.Ган, Ә.Ілиясова сынды мамандар бұл тығырықтан шығудың жолы ұнды фортификациялау, яғни ұнды дәрумендермен, минералдармен байыту дейді. Мұндай тәсіл әлемнің көптеген елдерінде жаппай қолданылады.
Адамның күнделікті рационында нан ерекше орын алады. Мамандардың айтуынша, әлем халқы жыл сайын 400 млн. тоннадан артық ұн пайдаланады. Бидай мен қара бидай –B1, B2, B6, E дәрумендерімен ниацин, темір, мырыштың көзі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша,әлемде екі миллиард адам анемияға ұшыраған. Қазақстандағы ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің 45 пайызы теміртапшылық анемиясымен ауырады. Бұл өз кезегінде ана мен бала өлімі көрсеткіштерінің жоғарылауына, физикалық және ақыл-ой дамуының кешеуілдеуіне әсер етеді.
Қазақстандағы қайта өңдеу одағының төрағасы Е.Ган мырзаның мәлімдеуінше, әлемнің 85 елінде ұнды міндетті түрде фортификациялау заң негізінде жүргізіледі. Мысалы, АҚШ фортификацияны 1938 жылдан жүргізеді. Ұнды міндетті түрде байыту балалардың өмір сүруіне, жетілуі мен саулығына бағытталған. Біздің елімізде де осы мәселені шешу үшін заңнамалық тұрғыда негіз қаланды. Қазақстан аумағындағы сауда айналымындағы жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұны 2009 жылдан бері міндетті түрде дәрумендер мен минералдармен байытылуы (фортификациялау) тиіс (ҚР «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексінің 160-бабы). Ұнды Қазақстанда фортификациялау халықтың денсаулығы мен еліміздің экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді.
-Фортификация – ұн тарту кезінде аз мөлшерде дәрумендер мен минералдарды қосу процесі. Бұл өнімнің сапасы мен қоректілік құндылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қазақ тағамтану академиясы бидай ұнының бірінші және жоғары сұрыптарын нәрлендіру үшін халықаралық нормалар мен тәжірибе негізінде дәрумен-минерал премикс құрамын әзірлеген болатын. Фортификация процесі кезінде жоғары және бірінші сұрыптағы бір тонна ұнға 150 грамм темір, мырыш қоспалары, фолий қышқылы мен В тобының дәрумендері қосылады. Қоспа элементтері тағамдық сапаны арттырады, бірақ ұнның органолептикалық және басқа да қасиеттеріне әсерін тигізбейді және жанама құбылыстарды туғызбайды,-дейді Е.Ган.
Фортификацияланған ұнның алты айға тең жеткілікті сақтау мерзімі бар. Халықаралық экономистер халықтың тамақтану жағдайын түзету мақсатында көпшілік тұтынатын өнімдерді темір мен фолий қышқылымен байыту 90 мыңға жуық адамның өмірін сақтауға, жүйке түтігінің туа біткен кемістігі мен жүрек-қан тамыры ауруларын болдырмауға мүмкіндік береді деп пайымдайды.
Авторы: Б.Дарғожина