Көкшетауда әріптесі Дархан Еламановты тапаншамен атып өлтірді деген күдікпен полиция қызметкері тұтқынға алынды деп хабарлайды 31.kz. Мұндай қылмысқа баруы мүмкін деген Жәнібек Баймурзин өз кінәсін толық мойындап, қазір қамауға алынды. Ал, қайғыдан қан жұтқан марқұмның жақындары күдікті тиісті жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды.
Жексенбі. Кешкі сағат тоғызға бес минут қалған сәт. Осы уақытта жұмыстан шыққан Дархан Еламанов әйелімен телефон арқылы соңғы рет сөйлескен. Ата-анасы мен үйленгендеріне үш ай ғана болған сүйікті жары үйде асыға күтіп отырған еді. Алайда, тәртіп сақшысы отбасына оралмады. Хабар да үзілген. Ішкі істер қызметі бір тәуліктен соң іздеу жариялады. Туыс-туғандарымен бірге Дарханды таныған 100-ге жуық жора-жолдастары да іздеуге шығады. Арада екі күн өткенде Еламановтардың шаңырағына суық хабар жетеді. Криминалдық полицияда небәрі 2 жыл істеген тәртіп сақшысының мәйіті табылыпты.
МҰРАТ ЕЛАМАНОВ, Дарханның әкесі:
- Мына мойын мен бас жағында жарақат бар. Сразу насмерть сол жерде атқан. Киімін бәрін шешіп алған. Щучинскінің трассасына алып шығып, өзін қарға жапқан. Неке сақинасын алған, документтерін алған, табельный пистолетін алған. Қалған киімі мен соткасын өртеп жіберген.
Дарханның денесі табылғаннан кейін көп уақыт өтпей қылмысқа барды деген күдіктінің есімі де белгілі болды. Ол өзге емес, бір салада иық тіресе жұмыс істеп жүрген Ақмола облыстық ішкі істер департаментінің криминалдық полиция қызметкері, 10 жылдық өтілі бар, майор Жәнібек Баймурзин.
ГҮЛНӘР ПИНЧУК, Ақмола облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Күдікті ұсталып, қылмыстық процесуалдық заңнамаға сәйкес уақытша қамауға алынды. Өзінің кінәсін мойындап отыр. Өлтіруге арадағы алауыздық себеп болған.
Алауыздықтың неден туындағаны туралы әзірге ішкі істер қызметкерлері тіс жармай отыр. Ал, марқұмның туысқандары Жәнібек Баймурзиннің сотта және өзге де құзырлы органдарда істейтін беделді жақындарының арқасында ол жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды.
Нұрбек Еламанов, Дарханның ағасы:
- Біз әділ шешім сұраймыз. Өз кінәсіна лайықты жазасын алсын. Жауып тастап, жасырып ондай болмасын. Қандай жақсы бала еді. Жақында 16 желтоқсанда үлгілі қызметі үшін департамент басшысының қолынан алғыс хат алған. Әріптестері де, барлығы шок болып отыр. Ешқандай жаман мінезін байқамаған.
Күдіктіге қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша адам өлтіргені үшін сот ісі тағайындалды. Денесіндегі жарақаттар мен дәйек заттарды ескере отырып, бірнеше сараптама жүргізілуде.Ал, әріптесі тапаншамен атып өлтіруі мүмкін Дархан Еламановты жақындары ертең ақтық сапарға шығарып салмақшы.
Пікір қалдыру