Жер жәннаты – Жетісу өлкесі әлмисақтан бері ауыздыға сөз бермеген ақындардың мекені болып саналады. Жыр сүлейі Сүйінбай Аронұлы бастаған айтыс ақындарының ұлы көші қазақ даласын жырға бөлеп, елдің даңқын аспандатты. Осындай от ауызды, орақ тілді ақындардың бірі – Қалқа Жапсарбаев. Қара халықтың Қалқасына айналған жыр жанбозының есімі ел есінде мәңгі сақталары хақ.
Желтоқсанның 28-ші жұлдызында киелі Көксу жерінде Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Алматы облыстық мәдениет басқармасының және Көксу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен жыр дүлдүлі –Қалқа Жапсарбаевтың туғанына 130 жыл толу мерейтойы атап өтілді. Тарихтың өшпес беттерінде өзіндік ойып алар орны бар семсер сөздің сардарына арналған мерейтой берекелі де мерекелі Мұқыры ауылындағы ақын ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Қалқа Жапсарбаев атындағы орта мектеп оқушылары Қалқа ақынның дастандары мен арнауларын жатқа оқыды. Бабаға құрмет көрсетілгеннен кейін игі шара аудандық Мәдениет үйінде «Қалқасы еді халықтың» атты облыстық ақындар айтысымен жалғасын тапты.
Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын жыр сүйер қауым алыс-жақыннан тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Топты ортада дуалы сөз бастап тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатқан ақындарды ел бастаған серкелер қай заманда да әспеттей білген. Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ ел ішінде «Қанжар ақын» атанған халық ақыны Қалқа Жапсарбаевтың 130 жылдығына ат арытып арнайы келген көпшілікке алғысын білідріп, жыр додасына түсетін айтыс ақындарына сәттілік тіледі.
Жетісу даласын жырымен тербеткен жыр дүлдүлін жырлаған айтыс ақындары еш аянып қалмады. Халқына қадірі артқан Қалқа ақынның туған жерінде жыр маржаны төгіліп, жырдан шашу шашылып жатты. Бір күнге созылған тартысты додада мықтылар сараланып, жыр мәресіне сүрінбей жеткен ақындар белгілі болды. Бас жүлдені Талдықорған қаласының ақыны Аякөз Серікқызы қанжығасына байлады. Бірінші орынды Жамбыл ауданының ақыны Жалғас Садыр иеленсе, екінші орынға Райымбек ауданынан келген Айбын Жамали жайғасты. Ел іші-сыртындағы жыр додаларда топ жарып жүрген Арзыгүл Қайыңбек үшінші орынды қанағат тұтты. Қарасай ауданының ақыны Алтынбек Ибрагимов те үшінші орынды иеленді. Көксу ауданының ақыны Зирагүл Нұрданбек ел анасы атанған Зылиха Тамшыбаева атындағы сыйлыққа лайық деп танылды. Жыр бәсекесіне түскен барлық ақындарға қаржылай және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Халық ақыны Қалқа Жапсарбаевтың есімі қара орман халқымен бірге уақыт көшіне ілесіп, болашақ ұрпақ есінде мәңгі сақталмақ.
Алаш ТҰРСЫНӘЛІ
Пікір қалдыру