Қарағанды облысы Шахан кентіндегі төтенше жағдайдың себебі айтылды. Ал құтқарушылар қиранды астынан тірі қалған ер адамды шығарып алды.
Үйдің жылу қазандығының жарылуы тұрғын үйдің құлауына себеп болды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков хабарлады.
«Тұрғын үй қазандықтың жарылуынан құлаған. Шахандағы бірқатар тұрғын үйлерге жылу автономдық жүйе арқылы беріледі. Бұл қазандық үй комитетінің есебінде болды», - дейді Нұрмұхамбет Әбдібеков журналистерге берген сұхбатында.
Құлаған үйге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мұны Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады. ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес 292 бабтың 3 тармағы бойынша (Адам өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүргізіледі.
Қарағанды облысы Шахан кентінде опырылып түскен көп қабатты үйде 118 адам тұрады. Ал үй құлаған уақытта онда 30-ға жуық адам болған. Баспанасыз қалғандарға уақытша балабақшада тұруға рұқсат етілді.
1 қаңтар сағат 22.40-та Қарағанды облысы Шахтинск қаласының Шахан ауылында көп қабатты үйдің бір бөлігі опырылып түскен болатын.