"Қамшы" порталында күні кеше «Қазақ қыздарына Қытайдың ауқатты күйеу жігіттерін 15-20 мыңға ұсынып жатыр» деген мақала жарық көрген болатын. Аталмыш материал қоғамда дүрбелең туғызғаны рас. Мақала астында пікір қалдырғандардың арасында осындай ақпараттың сайтта жарық көруі оны жарнамалаумен тең деп ой білдіргендер де табылды. Алайда оқырманға «ауруын жасырған өледі» дегенді еске салғымыз келеді. Бүгінгі күні қытайлық күйеу жігіттер ғаламторда қызу талқыланып жатыр.
Белгілі журналист Серік Жанболат фейсбук әлеуметтік парақшасында мынандай жазба қалдырыпты.
Серік Жанболат: "Қытайдың оқыған, тоқыған, мықты-мықты жігіттері қазақ қыздарына үйлену үшін Астанаға келе жатыр дей ме? Расында да Қытайда бала санын шектеудің салдарынан ұлдардың көп туғаны анық. Жалғыз баланы еркек кіндік, яғни мұрагер жасаудың небір айла-тәсілін қолданған ғой. Миллиард адам қойсын ба, сол айла-амалдарының бір проценті нәтижелі болғанның өзінде қанша ер бала дүниеге келеді десеңізші! Сөйтіп, қазір, Қытайда қыздарға қарағанда ұлдар саны көп. Олардың шет елден үйленетін жан іздейтін себебі бар. Ал, бізде, жалғызбасты аналар мен отырып қалған қыздар баршылық. Бұл ресми санақсыз-ақ белгілі дүние. Қыз баланың біреуге жар болып, бала сүю - арманы. Сондықтан, ертең оларды қытайға тұрмысқа шықпаңдар деп қанша үгітте, ұрыс, айқайла - түк те шықпайды. Талай қазақ қызының оларға қосақ болып кететіні анық. Ең қиыны ол емес, ең қиыны сол қытайлардың ертең Қазақстан азаматтығын алу құқына ие болатындығы емес пе? Және олар күйеу баласың деп анау-мынау жұмысқа жегіп, мініп алатын әлсіздер емес, шетінен сен тұр - мен атайын, білімді, мықты жігіттер. Сондықтан, біздің қыздар бір ғана талап қоя алса керек, қытай жігіттері ислам дінін қабылдауы тиіс. Мұсылман баласына ғана тұрмысқа шығамын десін. Ол қытай балаларын қазаққа мойын бұрғызатын жалғыз жол осы ғой деймін? Әйтпесе, өз ішімізден бөлек отау тігіп, диаспора қылып тұтастырмаудың басқа жолын көрмей отырмын. Осылай дұрыс болмай ма? Басқа жолы бар ма?"
Ұлт зиялысы Мұхтар Шаханов болса өткен жылдың мамыр айында қазақ қызының қытайға тию мәселесін былайша көтерген болатын: «Жерді Қазақстан азаматтарына жалға беруге болады деп жатырмыз. Тек, бір мәселені қатаң түрде ескеруіміз керек. Бүгінгі таңда 24 мың қазақ қызы қытай жігіттеріне тұрмысқа шығыпты. Қыздарымыздың бұл үрдісі үлкен деңгейде жалғасып жатыр. Болашақта Қазақстан азаматшасына үйленген қытай күйеу балалар сан миллиондаған жерді жалға алып, қытай құдаларды қаптатса қайтеміз? Сондықтан аралас некедегі адамдардан келетін қауіпті Жер туралы заңға енгізуіміз керек».
Кезінде демограф, санақшы Мақаш Тәтімов былай деп шырылдапты:
"Қыздардың көпшілігі ілім қуып, жастық шағын сарп етсе, жігіттердің дені материалдық жағдайын түзеп алайын деп уақыт өткізіп алады. Бас құрауды ойға алмай, серiлiкпен алтын уақытты босқа өткiзiп жүрген сүрбойдақ жiгiттерiмiз өздерiнiң өсiп-өнуiне ғана емес, ұлтымыздың табиғи өсуiне де керi әсер етiп жүргендiктерiн ұғына бермейді. Осы себептен де соңғы уақытта қоғамымызға қауіпті құбылыстың бірі азаматтық некеге жүгінгендердің саны өсіп барады. Халық саны өсімінің кешеуілдеуі экономиканың өркендеуіне де кері әсерін тигізетіні белгілі. Осы орайда айтпай кетпеуге болмайтын үлкен қауіп бар. Бүгінде шетелдіктерге, әсіресе қытай азаматтарына тұрмысқа шығып жатқан қыздарымыз көп.
Қазақ халқы сияқты қытайлықтар да ұл баланы ғана ұрпаққа санайды. Осыдан 30 жылдай бұрын әлем халқына қауіп төндірер қасірет басталған-тұғын. Аяғы ауырлаған әйел УДЗ аппаратына түсіп, шарананың жынысын анықтатады. Қыз болса әрине, аборт жасатады.
30 жылдан бері үздіксіз жасалған осындай үрдістен кейін қазір Қытайда "еркек дағдарысы" тіптен белең алып кетті. Халқының саны бір жарым миллиардтан асып қалған қытайда жылына 16 миллион бала өмірге келсе, соның 65 пайыздан астамы – ұл бала.
Елдегі ресми мәліметтерге қарағанда, Қытайда қазір 20-30 жас аралығындағы үйленетін жасқа жеткен еркектер саны 31 милионнан асып кеткен. Осы елдің статистиктері енді алдағы 20 жылда аспан асты елінде қыз жетпейтін еркектер саны 70 миллионнан асып жығылады деп жобалап отыр.
Бірнеше жүз миллионннан асып жығылатын сүрбойдақ қытай тек біздің елімізге ғана емес, бүкіл дүние жүзіне төнген үлкен қауіп екеніне әлем ғалымдары енді назар аудара бастады. Еркек дағдарысынан құтылудың төте жолын тапқан Қытай үкіметі шетел азаматтығын, басқа мемлекеттің қызын алған өз азаматтарына экономикалық көмек көрсете бастады. Өз "қобландарын" қолпаштаған қытайлықтар өзге елдің азаматшасына үйленсе, мемлекет тарапынан мол сый-сияпат тағайындап отыр.
Шетелдік азамат еліміздің азаматшасымен некеге тұрса, Қазақстан азаматығын алуға болады деген заңымыз алдағы болашақта үлкен қауіп төндірмек. Тіпті, бұл әлемдегі №1 мәселеге айналуы да бек мүмкін.
Мұндай жағдайда әрине, өзіміздің қаракөз сүрбойдақтарымыз аузындағысынан қағылары сөзсіз. Шеттен келгендердің шекемізді шылқытпасы бесенеден белгілі. Шетелдікке күйеуге тиген қызымыз баласын да шетелше тәрбиелейтіні анық. Қытайдан туған жиеннің ел болып жарытпасы тағы анық".