«Орал әкімінің кезекті Зашағандағы кездесуі №30 мектепте өтті. Оның мәжіліс залына шағын ауданды көркейту турасында біраз сауалдары бар жергілікті халық жиналды деп хабарлайды ratel.kz.
Барлық қызық әкім өзінің есебін бітіргеннен кейін басталды. Өзін Мұрат деп таныстырған жергілікті тұрғын Зашаған ауданының әкімі Әділбек Қадыровқа аймақты жасылдандыру туралы сұрақ жолдады. Тұрғын ағашты отырғызуға миллиондап ақша жұмсалып, оның жартысынан көбі күтім көрмегендіктен қурап қалатынын айтып, неліктен бұлай екенін білгісі келді. Қала әкімі Нариман Төреғалиев Зашаған әкімінен «Сұрақты түсіндіңіз бе?» деп сыбырлап сұрады. Әділбек Қадыров түсінгенін білдіріп, басын изеді де сұраққа орысша жауап бере бастады.
Мұрат есімді тұрғын әкімнің сөзін бөліп жіберіп, орыс тілін түсінбегендкітен қазақша жауап беруін сұрады. Залда тыныштық орнады. Зашаған әкімінің маңдайынан тер шығып, жағаға шығып қалған балықтай күй кешкені көрініп тұрды. Тыныштық ұзаққа созылды. Әділбек Қадыров көп күттіртіп сөзін бастады.
«Мен сіздің сұрағыңызға орысша жауап бере аламын. Сауалыңыз маған түсінікті болды. Ағашты отырғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күтім нашар болғандықтан олар қурап қалады. Мәселені шешеміз» деді де, сұраққа нақты жауап бермеді.