Бүгінде миллиардтаған қытайларды таңғалдырған ерекше дауыс иесі Димаш Құдайбергеновты әлемнің әр қиыранан шетелдік баспасөздер жарыса жазып жатыр. Димашқа «Қазақстандық Витас» деп баға берген қытайлар, тіпті, қазақ тілін үйренуге ниет білдіріп отыр. Кейбір басылым оны «Димаш – Тәңір өзі назарына алған жас әнші» деп тамсанған.
Қазақстанның туын биікке көтерген азаматымыз бірнеше ақынның жырына арқау болып жатыр. Солардың бірі белгілі ақын Аманжол Әлтай Димашқа ақжолтай өлеңін арнады.
Қазақтың өр намысын байрақ етіп,
Тамылжыт. Жезтаңдайым сайра жетік.
Екі миллиард қытайдың есін алсын,
Дауысың қара жерден айға жетіп.
Қалықта сұңқар інім, бабыңдасың,
Жүлдені жұлып алар шағыңдасың.
Алашым тұмар тағып қосқан тұлпар,
Құрлықты шаңға көміп арындасын.
Текті ұрпақ дана сақ пен ғұннан қалған,
Қорғанды әнмен аштың құмнан салған.
Құдіретті үніңнен айбаттансын,
Шүршіттен үрейленіп тұрған жалған.
Өзіңе сенім арттық көкем бүгін,
Көк туды көкке биік көтер бүгін.
Дәлелде өнеріңмен, байтақ жердің,
Иесі қайсар қазақ екендігін!
