Экономист Мақсат Халық ағымдағы жылы Қазақстанның экономикасының хал-ахуалына болжам жасап, қоғам көкейіндегі қымбатшылық, еңбек нарығы, ортақ экономикалық кеңістік және т.б өзекті сауалдарға жауап берді.
Сарапшылар осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның экономикасы 2017 жылы күрт төмендейді деп болжаған еді. Қаржылық дағдарыс осы жылы ерекше қатты сезіледі деп айтуға бола ма?
Бұл болжамды растай алмаймын. Керісінше өткен жылмен салыстырғанда, биыл экономикалық өсім байқалады. Өткен жылы, 2017 жылы ЖІӨ 2% өседі деп болжағанмын. Біздің Үкіметтің де болжамы 2% төңірегінде. Жақында ғана Халықаралық валюталық қор Қазақстан экономикасы 0,6% өседі деген еді. Алайда, аталмыш қор бұл болжамын өзгертіп, Қазақстан экономикасы 2,5 % өсуге қарай бет алды деген еді. Бұл дегінімз 2017 жылы Қазақстанның экономикасы қайта жоғарыға өседі. Бірақ сыртқы факторларды да ескермеуге болмайды, қауіпті жағдайлар бар.
Біріншіден, Иранда үлкен мұнай қоры табылды.
Екіншіден, АҚШ өте көп дәрежеде мұнай қорын жинаған. Бұл АҚШ-тың кез-келген уақытта әлем нарығына өз мұнайын шығару арқылы оның бағасын түсіруі мүмкін екенін ескеру керек. Ал мұнай бағасы күрт төмендесе экономикалық жағдай қайта төмендеуі мүмкін.
2016 жылы дағдарыс болғандықтан кейбір салқындар қалады, әлі де сақталады. Бірақ, ол экономикалық ахуал мүлдем нашар болады деген сөз емес. Қазақстанның экономикасы қайта өсуге қарай бет алады деп айта аламын.
Халық 2017 жылдың басынан-ақ қымбатшылықты сезінді. Жылдың аяғына дейін баға тұрақтана ма?
Қазақстан ортақ экономикалық кеңістікті құрғаны белгілі. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің арасында ортақ баға саясаты жүргізіліп жатыр. Бұл ретте осы жылдан бастап бірнеше тауар түріне антимонополиялық комитет араласпайтындығын, бағаны реттеуді алып тастағанын атап өткен дұрыс. Бағаны енді мемлекет емес, нарық реттейді деген сөз. Белгілі дәрежеде тауар бағасының қымбаттауына алып келетіні сөзсіз. Тауар бағалары түседі дегенге өз басым сенбеймін. Керісінше, өсе береді.
Қымбатшылықты жанармайдың бағасынан-ақ көруге болады. Ол ортақ мемлекеттер арасындағы баға шамасы бірдей болу керектігін көрсетеді. Бұл халықтың сатып алу қабілетіне кері әсер ететіндігі анық. Оның екінші жағы да бар. Мемлекет қаншалықты экономикаға араласуы керек?
Бағаны нарық белгілеуі тиіс. Сұраныс пен ұсыныстың негізінде баға белгіленіп отыратын болса, онда біз нақты шын мәніндегі нарықты экономиканы құрып және нарықтық экономиканың заңдарымен өмір сүретін боламыз. Ерте ме, кеш пе ол жүзеге асады.
2017 жылы жаппай қысқартулар болады деп күтілуде. Ол еңбек нарығына қалай әсер етеді?
Қаржылық дағдарыс орын алғаннан кейін соңғы екі жылда көптеген компанияларда қысқартулар жүрді. Біраз адамдар жұмыссыз қалды. Жұмыссыздық белгілі дәрежеде бар екенін жоққа шығармаймын. Бұл күрделі мәселе және ол шешімін табу керек деп ойлаймын. Ол үшін жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесін қарастыру керек. Ол үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту керек. Себебі бизнес дамыса, жаңа жұмыс орындары ашылады. Осылай ғана еңбек нарығына біз өз септігімізді тигізе аламыз.
Мұнай бағасы төмендегенде мамандар «Басқа экономикалық салаларды дамытып, мұнайға деген тәуелділіктен арылуға тамаша мүмкіндік» деген болатын. Содан бері бір жыл өтті. Осы уақыт аралығында мұнай секторынан бөлек, басқа экономикалық салаларды дамыта алдық па?
Өткен жылы мұнай бағасы 27 долларға дейін сырғып кеткен кездері болды. Аталмыш жағдай Қазақстан үшін қиынға соқты. Өйткені қара алтынның бағасы 30-дан төмендеп кетеді деп ешкім ойламады. Үкімет экономикамызды қалай әртараптандыруға болады? Қалай мұнайға деген тәуелділіктен арылуға болады? Қай салаларды біз басым бағыттар бойынша дамыта аламыз? деген сауалдармен бас қатыра бастады.
Осы жерде мұнайдан басқа ауылшаруашылық секторын атап өтуге болады. Өткенде елбасы да өзінің жолдауында «Қазақстан өзінің нарығы бойынша осы Еуразия кеңістігінде "астық кәрзеңкесі" болуы керек» деген. Яғни, Қазақстан астық тасымалдаушы ең негізгі елге айналу қажет деген мақсат қойылып отыр.
Одан бөлек Қазақстан тауарлары эко-өнімдер болып саналады. Қытай біздің азық-түлік өнімімізге қызығушылық танытып отырғанын атап өту керек. Осы тұста Қазақстан азық-түлік өндірісін дамыту арқылы зауыттарымызды Қытай шекарасына жақын салып сол елге қарай өнімдерімізді тасымалдауымыз керек деп есептеймін. Сол кезде елімізде миллиардтаған тұтынушысы бар нарық ашылады. Ол Қазақстанның экономикасының қалыпты дамуына сепітігін тигізеді. Одан кейін негізгі салалардың бірі ретінде логистикаға көңіл бөлініп отыр. Ол Батыс Қытай, Батыс Еуропа дәлізі. Осының төңірегінде «Жібек Жолы» идеясын жаңғырту қолға алынуда. Бұл белгілі дәрежеде үлкен мәселе. Әлемдік нарықтың тасымалдау саласында Қазақстанның темір-жол тарифтері өте жоғары болып табылады. Сондықтан, осындай үлкен дәліздің ашылуы белгілі дәрежеде экономикаға оң ықпал етеді деп айтуға болады. Сондықтан Еуропа мен Азияны жалғастырушы үлкен көпірден әжептеуір жақсы табыс көре аламыз деп айта аламын.
Шағын және орта бизнеске қазір жақсы көңіл бөлініп отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аясында ауыл тұрғындары да, қала халқы да 16 миллионға дейінгі қаражатты несиеге төмен пайызбен ала алады. Бизнес ашу үшін төмен пайызбен несие беруге жағдай жасау қарастырылып жатыр. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы Қазақстан экономикасының тамырына қан жүгіртеді деп айта аламын.
Ағымдағы жылы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Оған 5 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде. Бұл ел экономикасының қаржылық қорын толтыруы мүмкін бе?
ЭКСПО-ға қыруар қаражат жұмсалды. Адамдардың көкейінде бұл жұмсалған қаражат өзін-өзі ақтай ма деген сауал бар. Экономикалық тұрғысынан ақтайды дегенге сенбеймін. Десек те, бұл халықаралық көрме болғандықтан көптеген елдерден туристер келеді. Ол туристік саланы дамытуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін жоғары дәрежеде өткізуі оның сыртқы имммиджін көтеруге әсерін тигізеді. Бұл Қазақстанның инвестициялық кредитін жақсартады деп айта аламын. Себебі ЭКСПО арқылы басқа елдер Қазақстанды жақынырақ тани бастайды. Осылайша бизнесте немесе әріптестік қарым-қатынас орнатуға ынталы болады. Бұл дегеніміз елге инвестиция тартыла бастайды. Одан бөлек ол Қазақстанның танымалдылығына әсерін тигізеді.
ЭКСПО төңірегінде көп келіспеушіліктер болды. «Өзін ақтамайды. Не үшін қажет?» деген секілді күмәндар туындағаны рас. Алайда, шешім қабылданып, оған қыруар қаражат бөлініп қойды. Енді осы жауапты істі жоғары дәрежеде өткізу ғана қалды.
Сұхбаттастқан: Әсем Әлмұханбет
Пікір қалдыру