Түркіменстанда президент сайлауы өтіп жатыр

/uploads/thumbnail/20170709210023155_small.jpg

 

Түркіменстанда кезекті президент сайлауы үшін 07:00-де сайлау учаскелері жұмысын бастады. Бұл Дауыс беру кешкі 19:00-ге дейін 2587 сайлау учаскесінде жалғасады. Ал оның 39-ы Түркіменстанның өзге елдердегі дипмиссиясында ашылған. Дауыс беруге 3223455 адам қатысады.

Сайлауға барлығы тоғыз кандидат түсті. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жартысынан көбінің қолдауына ие болған кандидат Түркіменстанның жаңа сайланған президенті болып саналады.

Ашғабаттағы №68 мектепте орналасқан сайлау учаскесіне президентпен бірге оның әке-шешесі келді.

Дауыс беруден кейін Бердімұхамедов қысқаша сөз сөйледі. «Бүкіл халқымыз ел үшін маңызды оқиғаға қатысуда. Миллиондаған адам конституциялық құқын пайдаланып, еріктерін білдіріп жатыр. Олар болашақ алдындағы ұлы жауапкершілігін сезініп, жоғары мемлекеттік қызметке алдағы жеті жылға лайықты деген кандидатқа дауыс беруде» деді ол.

Түркіменстандағы президент сайлауына жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00-ге дейін қатысушылардың 51%-ы дауыс беріп үлгерді. Ең жоғары көрсеткіш Ахал уәлаятында тіркелген. Мұнда 11:00-ге дейін 58,77% дауыс беруші қатысты. Балқан уәлаятында – 51,52%, Дашоғұз уәлаятында – 52,84%, Лебап уәлаятында – 51,90%, Мары уәлаятында – 49,40%, Ашхабад қаласында – 45,02%.

Айта кетер болсақ, 2016 жылдың 14 қыркүйегінде қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, президент өкілеттігі бес жылдан жеті жылға ұзартылды. Сонымен қатар,президенттің жасы 70-тен жоғары болмауы керек деген шектеу алынып тасталды.

Еске салсақ, бірнеше күн бұрын Халықаралық құқық қорғау "Хюман Райтс Уотч" (HRW) ұйымы Түркіменстанда өтетін президент сайлауы қарсаңында мәлімдеме жасап, еркін және таза сайлау өтетініне күмән келтірген.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар