Атырауда «қоқысты тастап, үйіңе ыстық нан жеткізу» атты сөйлеммен ерекше хабарландырулар жарияланды, деп хабарлайды «Мой город» порталының тілшісі. Бұндай кәсіп түрін ашу жергілікті кәсіпкердің ойына келген. Осымен екінші күн «Серік» ЖК қызметкерлері қоқыс тастап, үйге ыстық нанды тасу үшін тапсырыстар қабылдауда.
Жас компанияда әзірге үш қызметкер жұмыс атқаруда – бастығы және кәмелет жасқа толмаған екі көмекшісі. Қызмет көрсету құны – 100 теңге.
- Менде әзірге екі жігіт жұмыс атқарады, екеуінің де жеке куәліктері бар. Олар жұмыс іздеп, маған өздері келді. Жазғы демалыс кезінде мен оларды уақытша орналастырған едім, бірақ табыс қашан да керек болғандықтан, жігіттер менімен жұмыс істеуді жалғастыруды қалады, - деп өз пікірімен бөлісті Серік есімді кәсіпкер.
Өзінің жас кәсібі үшін кәсіпкер қала орталығынан жеке кеңсе жалдаған, қоңырауларға да өзі жауап береді. Жеке кәсіптің ашылып, жұмысқа кіріскені жайында қала тұрғындары екі күн ішінде білген. Алайда, тапсырыстар әзірге «Рахат» ауданы бойынша ғана қабылдануда.
- Мен тағы да екі қызметкер алуды ойлап жүрмін, бірақ қаланы бірден түгелдей қамту мүмкін емес. Бізге тапсырысқа ішетін су да қосуды сұрайды. Көбінесе, зейнеткерлер мен жұмысшылар, тіпті, қарапайым нәрсеге уақыт таппайтын адамдардың өздері хабарласып жатады. Мен кәсіпті кеңейтуді ойлайтын болам, - дейді кәсіпкер.
Заң мәселелері Серікті әзірге мазалаған жоқ. Жігіт кәмелеттік жасқа толмағандарды жұмысқа орналастырып, өзінің қайырымды іспен айналысып жүргеніне сенімді. Оның қол астында көпбалалы, әрі жағдайы төмен отбасынан шыққан балалар. Жігіттердің табысы отбасына көмектесуге жеткілікті.
- Егер тексеріс келіп жатса, олар маған алдымен ескерту айтады. Ал мен олардан заңға қарсы келмейтіндей кәсіпті қалай бастауға болатынын сұрайтын боламын. Себебі, мен кәсіпті өз қара басым үшін емес, жігіттерге табыс табуға көмектесу үшін бастадым, - дейді кәсіпкер.
ҚР Еңбек кодексінің 30 бабына сәйкес 16 жасқа толған азаматтармен еңбек келісіміне отыруға болатыны айтылған. Бірақ ата-аналарының келісімімен 14 жастағы жасөспірімдер де сабақтан бос уақыттарында жұмыс істей алады.