Бүгінгі күні қазақтың салт-дәстүрін, өнерін дәріптеп жүргендер көп емес. Осы мәселені қолына алып, ұлт өнерін ұлықтауды парыз еткен әншілерімізідің бірі – Шаба Әденқұлқызы. Белгілі әнші, композитер, көптеген әндердің авторы, кәсіби музыкант Шаба Әденқұлқызынан «Қамшы» порталының тілшісі сұхбат алды.
Шығармашылық жаңалықтарыңыз жайында айтып өтсеңіз?
Биылғы жылдың жазынан бастап шығармашылық жолға қайтадан кірістім. Ең бірінші айта кететін жаңалығым – күйеуім екеуміз дуэт болып, ән айтуға кіріскен едік. Осы уақытқа дейін бірталай әндер жаздырып, бейнебаяндар түсірдік. Жазда «Туған жер» атты әнімізге бейнебаян түсірдік. Бейнебаянымыз халықтың көңілінен шықты, жоғары бағаларын берді.
Осы жақында менің орындауымда«Үри-ай» деген халық әні жарыққа шықты. Кішкентай ғана халық әніне өзім қайырма қосып, өңдеп, жарыққа шығардым. Әнді орындауымның екі мақсаты болды: біріншісі – халық әндерін насихаттау болса, екіншісі – дәстүрді насихаттау. Оның ішінде халқымыздың ең әдемі, жүректі елжіретер дәстүрлерінің бірі – қыз ұзату дәстүріне арнайы тоқталдық. Бірақ ескі дәстүрмен емес, жаңа заман ағымымен жүрдік. Өздерің қарап, бағасын берерсіңдер. Ең үлкен жаңалығымыз – осы.
Болашақтағы жоспарларымызға келетін болсам, халық арасында таралған бесік жырларынан альбом жасамақ ойымыз бар. Қазіргі уақытта көптеген ақындармен жақсы қарым-қатынаста болып, оларға бесік жырына арнап сөздер жаздырып, жинақтап жатқан жайымыз бар. Ұлт үшін үлкен тәрбие болатынына сенемін. Себебі, бесік жырын тыңдап, салт-дәстүрді құрметтеп өскен бала жаман болмайды.
Жолдасыңыз да өнер адамы екен. Бір отбасында екі өнер адамның болғаны сіздерге қиындық туғызбай ма?
Иә, жолдасым – актер, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарады. Екеуміздің де өнер адамы болғанымыз қиындық туғызады деп айта алмаймын. Өнерге қатысты тақырыптарды екеуміз бірге талқылаймыз, өзара ақылдасып отырып, ортақ шешімге келеміз
Ұлыңыз да өнер адамы болғанын қалар ма едіңіз?
Ұлым өнер жолында өзінің ізін қалдырамын десе, оған қарсылығым жоқ. Кез-келген ата-ананың бір ғана тілегі болады ғой. Баласы аман-есен өсіп, биіктерді бағындырып, үлкен азамат болса екен дейді. Біздің де ойымыз – осы.
Жақында «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» медалімен марапатталған екенсіз? Осы марапаттаудың сізге берілгені бекер емес қой, себебін айтып өтсеңіз?
9-желтоқсанда «Елге келіп елеулі болдым» атты Құсман Кәрімұлы ұйымдастырған шығармашылық кеш болған. Сол кешке үнемі қатысып жүрген, қоғамға пайдасы сіңген әртістердің басын қосу – жыл сайынғы дәстүрге айналды. Медаль сол кеште берілген.3 дәрежеге бөліп берді. Мен бірінші дәрежелі сыйлыққа ие болдым.
Сізді композитор ретінде де танимыз. Осы уақытқа дейін неше әніңіз таралып, жұртқа танылды?
Осы уақытқа дейін қырыққа тарта әнім жазылды. Танымал болғандары – көбіне өзімнің орындауымдағы әндер. Мұқағалидың «Сен шынымен жоғалдың ба?» әні, «Туған жер» атты әнім халық арасында жақсы танымалдылыққа ие.
Әр сұхбат алып жатқан адамға «Қамшы» порталының қоятын дәстүрлі сұрағы бар. Сіз мәдениет саласында жұмыс жасап келесіз. Қолыңызда билік болса, мәдениет саласы үшін не істер едіңіз? Еліңіз үшін не істер едіңіз?
Қазақ ұлт болып жаралғалы ұлттық дәстүрлі музыкасымен өмірін байланыстырған. Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын халық болған. Ал, қазіргі уақытта дістүрлі өнеріміз құлдырап бара жатыр. Егер сондай мүмкіндік берілген жағдайда, ең бірінші қазағымыздың дәстүрлі музыкасын дәріптеуге көп көңіл бөлер едім. Бірнеше жыл бұрын телеарналардан «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» мен «1000 күйі» сынды бағдарламалар жиі көрсетілетін. Бүгінгі күні жоқтың қасы. Осындай дәстүрлі музыкаға бағытталған бағдарламалардың көбеюін қадағалар ем.
Сіздің ойыңызша, біздң шоу-бизнестің ақсап жатқан тұстары бар ма?
Қазіргі кезде бір-екі өлең жаздыртып, дауыстарын өңдеп, бейнебаяндар түсіріп, халық арасында танылып кеткен әншілеріміз көп. Сахна – шынайы таланттардың жүретін орны.
Қазіргі таңда сіз көптеген қыздардың ұзатылуына атсалысып жүрсіз. Қазақ қыздарына қандай ақыл-кеңестеріңізді айтар едіңіз?
Интернет парақтарын ашып қалсаң, қыздардың неше-түрлі суреттерін көресің, ашық-шашық киінгендеріне қарап, өзің іштей қысыласың. Қазақтың қарагөз қыздарына айтарым – өте ашық-шашық киінбеңдер. Қатерлі ісік деген жаман ауру ең бірінші ашық киінген қыдарда пайда болады екен. Денсаулықтарыңды күтіңдер. Оның үстіне ондай қыздарды ешкім күйеуге алмайды. Жігіттердің ермегіне айналасыңдар. Тәрбиелі, ибалы, әдепті болыңдар. Және ешқашан да өзге ұлтқа тұрмысқа шықпаңдар. Өзінің қазақ қанын сақтасын сіңлілерім.
Сұхбаттасқан: Гүлім Жақан