Жұмаш КЕНЕБАЙ (КӨКБӨРІ). «МЕН ҚАЗАҚПЫН!» топтамасынан

/uploads/thumbnail/20170709215143899_small.jpg

1. Қос бәйтерек

 

Ахмет Байтұрсыұлы мен

Міржақып Дулат рухына.

Автор.


Ахаң, Жақаң — бірін-бірі толықтырған тұлғалар,

Екеуінің жанын жеген көздерінде мұң да бар…


Ұлт жолында қажымастан еңбек еткен екеуі,

Екеуі де лапылдаған жанып тұрған от еді.  


Жол бастаған Алашының Серкелері болатын,

Қай жағдайда ұлтпен өсіп, ұлтпен бірге толатын.


Ахаң ұлтын ұйқыдағы "Маса" болып шағатын,

Жақаң болса, "Оян, қазақ!" деп бірінші шабатын.


Екі тұлға шын мәнінде – Тіреуі еді ұлтының,

Ал жаулары екеуіне даярлаған мылтығын.


Ахаң болса, Қазағының Әліппесін жасады,

Жақаң болса, ақ жүрегін өз ұлтына ашады. 


Ұшан-теңіз болатын-ды екеуінің білімі,

Қай заманда қадыр тұтқан Ұлы ғана — Ұлыны!  


Екеуі де — өз ұлтының Азаттығын көрмеді,

Ешқашан да қолдарынан ұлт намысын бермеді.


Арман етті ұлы ойларын барша Түрік халқының,

Туы болды екеуі де ұлттық ғұрып-салтының.


Көк Түріктің сарбаздарын екеуі де үлгі етті,

Ұлт жолында бұл пәниден екеуі де бірге өтті.  


Қайда болса құтылмаған жендеттердің торынан,

Екі боздақ өлтірілді қызылдардың қолынан.


Олар өлді, бірақ ұлты аман жетті бүгінге,

Ұйқтап жатыр екі боздақ қос бәйтерек түбінде…


Біздің қазақ біліп айтқан: "Текті,-дейді, - Тектіні!",

Ұлт қолында желбірейді Көк Түріктің көк туы!!!

 

2. Ант

 

 

Салтымды сақтаймын,

Антымды сатпаймын,

Өзімді сақтаймын,

Халқымды сақтаймын!


Ұлтымды сақтаймын,

Түркімді сақтаймын,

Қандай бір дауылдан

Жұртымды сақтаймын.


Ұлт үшін мұздаймын,

Ұлт үшін сыздаймын,

Келсе де не зауал

Сертімді бұзбаймын.


Мақсатқа жетемін

Жалғызбын, жекемін…

Қанша өмір қалса да

Берік боп өтемін.


Түрі осы жайымның,

Бұрқансам – дауылмын.

Ұлт үшін кез келген

Күреске дайынмын.


Мен шындап Ант берем,

Демеймін жалт берем,

Күн кешем өлгенше

Қазақи салтпенен.


Адалмын — өзіме,

Адалмын — сөзіме,

Сенбесең қарашы,

От шашқан көзіме?!


Өтірік айтпаймын,

Мен тыныш жатпаймын,

Осы алған бетімнен

Өлсем де қайтпаймын.


Алдымен — адаммын,

Жақсымын, жаманмын,

Сөз бердім, берген соң

Антыма адалмын!!!

  


3. Алаштың Ардагер Ұлдары

 

Жанымды қоятын жырлатып,

Күйімде ұлттық әуен бар.

Әлихан, Ахмет, Міржақып,

Мұстафа, Мағжан, Халел бар…


Ұлты үшін күрескен тұлғалар,

Солармен мен шындап мақтанам!

Ұлтымен қашан да бірге олар,

Қайда да мен олар жақ болам.


Қапастан қарманып жол тапқан

Ал олар — ұлтымның Серкесі.

Дініме, тіліме шорқақтар —

Ұлтымның бүгінгі дерті осы!..


Мұраты — ұлты үшін бірге өлу,

Өзіме үлгі етем оларды.

Ұлты үшін күресті үйрену

Солардан басталған жол алды.  


Қазақтың Ары мен Намысы

Шоқ жұлдыз – алаштық Ерлерім!

Қазақтың біртуар арысы

Солардай Ерлерді көрмедім! 


Адассам — жол таппай тұманда

Соларға түзеймін бетімді.

Солардай қасқайып тұрам да

Кессе де жауларым етімді.


Оларға берілген тұтастай

Сертімнен ешқашан таймаймын!

Олармен міне, мен , қандаймын,

Гүл болып шаттанып, жайнаймын!


Жүре алам ешкімнен тығылмай

Сөзімде титтей де жалған жоқ!

Алаштың Ардагер ұлындай

Ұлтымды сүйе алсам — арман жоқ!


Соларға еліктеп өтемін

Аз ғана ғұмырым жеткенше.

Таңдаған өз жолым — төте бұл

Жек көрсін жауларым, жек көрсе!..


Солардай мен де ұлмын Алашқа

Ұлтыма, тегіме адалмын.

Ұқсаймын мен емен ағашқа

Шайқалтпас дауылы заманның.


Қолдағы туымсың жығылтпас

Сендерсің, ұлтымның мұң-зары.

Сендерді бұл ұлтың ұмытпас

Алаштың Ардагер Ұлдары!!!

Қатысты Мақалалар