Елімізде жылқы туралы халықаралық ғылыми деректі трилогияны түсіру жұмыстары басталды

/uploads/thumbnail/20170709222549396_small.jpg

Бүгін «Қазақстан» РТРК» АҚ мен Clearwater Documentary Inc. компаниясының бірлескен жобасы – «EQUUS» (Жылқы) деректі трилогиясына қатысты меморандумға қол қойылды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстан үшін бұл жобаның маңызды екендігін атап өтті.

«Біз осы жоба арқылы еліміздің имиджін көтеруге, мәдени кеңістік мүмкіндіктерін кеңейтуге және ғылыми зерттеу саласын одан әрі дамытуға үлес қосамыз. Түсірілімнің негізгі мақсаты – Қазақстан жерін мекендеген ертедегі жылқылардың өмір сүру салты мен материалдық мәдениетін ең үздік ғылыми жетістіктер негізінде зерделеу», - деді министр.

Кездесу барысында «EQUUS» (Жылқы) халықаралық жобасының өндірістік жұмыстары талқыға салынды. Аталмыш жоба еліміздің тарихы мен дәстүрін қамтып, кино және туризм салаларын халықаралық аренадағы имиджін қалыптастыруға ықпалын тигізеді.

Түсірілім жұмыстары биыл басталады, 2018 жылы аяқталады және Қазақстан аумағында өтеді. Оған қазақстандық кинематографистер, актерлер, дублерлер, өнер және дизайн саласындағы кәсіби мамандар тартылып, канадалық түсірілім тобымен бірлесіп жұмыс істейді. Қазақстандық кинематографистер үшін бұл мол тәжірибе ғана емес, сонымен қатар, ғылыми дерекнама бағытында рухани-мәдени алмасу болмақ.

Сонымен қатар бұл жобаға Канада (CBC), АҚШ (PBS), Германия (ZDF) және Франция (ARTE) елдерінің ұлттық ақпарат тарату корпорациялары қатысады. «EQUUS» деректі трилогиясының режиссері Найоби Томпсонның алдыңғы тәжірибесіне сүйенетін болсақ, аталмыш сериал әлемнің 50-ден астам елінде миллиондаған аудитория жинайды деп күтілуде.  

Осы орайда, жобадағы бірлескен әріптестік арқасында «Қазақстан» РТРК» АҚ «Equus» деректі трилогиясын көрсететін халықаралық ақпарат таратушы  дәрежесіне ие болады.  

Қатысты Мақалалар