ЖАРТЫ ҒҰМЫРЫН АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ МУЗЕЙ-ҮЙІНЕ АРНАҒАН РАЙХАН ИМАХАНБЕТ 50 ЖАСҚА ТОЛДЫ

/uploads/thumbnail/20170709223121687_small.jpg

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының ар-ожданы.

– Нұрсұлтан Назарбаев.

Райхан апай Сахыбекқызымен былтырғы жылы желтоқсан айының 12-cінде, «Алаш Орда» мемлекеті құрылғанына 99 жыл толған күні таныстық. Біз ол күні бір топ Алашшыл жастар Алаш Қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өзі тұрған, бірнеше жыл өмірін өткізген, киелі үйде Алаш арыстарына, қазақтың XX ғасырдың басындағы интеллигенциясының рухтарына құран бағыштауға барған едік.

Бұған дейінгі мақаламызда жазғандай, мемлекет қарауысыз, тиесілі қоғамдық қордың көмегінсіз өмір сүріп тұрған Байтұрсынұлы мұражай-үйі осы Райхан Сахыбекқызының көзінің қарашығындай күтіп баптауының арқасында 22 жыл бойы халыққа қызмет беріп тұр. Мұражай ашылған күннен бері қарай талай шенді бас сұқса да, Ахаңның ізі қалған үйге тек 2005 жылы мемлекетшіл тұлға Иманғали Тасмағамбетов қана қамқорлық көрсеткен. Ол биыл Алаш-Орданың 100 жылдығы аясында 27 қаңтарда екінші рет Байтұрсынұлы музей-үйіне келіп кетті.

1 ақпан күні Астанада «Алаш Орданың 100 жылдығын» мемлекеттік деңгейде атап өту туралы Иманғали Тасмағамбетовтің басқаруымен Үкіметтік жиын да өтті. Арнайы кеңес барысында Иманғали Нұрғалиұлының аңдату сөзінен кейін күн тәртібіндегі қаралатын негізгі мәселе – Ахмет Байтұрсынұлы музейін мемлекеттік меншікке  алып, мәртебесін республикалық деңгейге көтеру, ғалымның 10 томдық шығармалар жинағын шығару және деректі фильм түсіру жөнінде Мәдениет министрлігіне тапсырмалар берді.  Жиында, Иманғали Нұрғалиұлы алдымыздағы жылдың желтоқсанында ғасыр толатын Алаш автономиясы және қуғын-сүргін құрбандарының атылғанына 80 жыл, Ұлағатты ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдығына дайындықты жедел бастаудың қажеттігін айтты.  Ал ең өзекті мәселе – Ахмет Байтұрсынұлы музейіне мемлекеттік мәртебе беріп, оны республикалық бюджет тарапынан қаржыландыру әлі де шиеленісіп тұр. Үкімет тарапынан қандай да бір кедергі жоқ, керісінше барлық мүмкіндіктерді қарастырылып жатыр. Ахаң музейі құзырына қарайтын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қордың бүгінгі басшысы Серік Самыратұлы мәдени мұраларға тікелей жауапты Мәдениет және спорт министрлігімен келіссөздер жүргізуге пейілсіздік танытып отыр.

Ахмет Байтұрсынұлының тағылым үйі ретінде танылған музейі – қазақ халқының игілігі, мемлекетіміздің мақтанышы...

Ахмет Байтұрсынұлы мемлекеттік ірі қайраткер, тарихи тұлға болғандықтан, Райхан Сахыбекқызының, болмаса Серік Байтұрсыновтың жеке меншігі емес. Қазақ халқының игілігі, мемлекетіміздің мақтанышы. Қазақ жұрты тайлы-таяғымен ғалым реформатордың алда келе жатқан 145 жылдығынан бөлек, ұлт мүддесіне арымен қызмет еткен тарихи тұлғаның көзіндей болған осынау тарихи маңызы зор ғимаратын мемлекеттің асыл қазынасы, рухани байлығы деп ұлықтаса қазақ үшін құрбан болған Ахаң әруағы алдында ұрпақтық парызымыздың өтемі орындалған болар еді-ау.

Райхан Сахыбекқызы Ахмет Байтұрсынұлы тақырыбына 1994 жылы келді. Ресми түрде рәсімделіп жұмыс істеуі 1996 жылдан басталады. Оның өзі қоғамдық негізде. 20 жылдан аса жұмыс істегенде музей қажеттіліктерін қаржыландыруға немесе Байтұрсынұлы шығармаларын насихаттау мен зерттеп дамытуға қандай да бір қаржы бөлетіндей қоғамдық қор мүмкіншілігі болған жоқ. Қоғамдық қордың құрылтайшысының бірі ретінде жанына бататын дүние де осы!

Бұған дейінгі мақаламда музей неге мемлекет қамқорлығына алынбады деп мәселе көтерген едім. Осы мақалада мәселенің екінші жағына де зер салайын.

Музейдің мемлекет қарауына өтпей, халық игілігіне жұмыс істемей тұруының себептерінің бірі Байтұрсынұлының туыс ұрпағының құлықсыздығында жатқандай көрінеді.  Сұрастырып білсек, 2000 жылдары мұражайдың қараусыз қалған кездері болыпты. Сол тұтса Райхан Сахыбекқызы Шарасыздықтан музейге бара да алмай қалған.

Алматыдан Байтұрсынұлы тұрған үйді Мұражай ретінде ұрпағына тегін берген мемлекет болатын. Енді сұраусыз қалдырғандай болып тұр. Ахмет Байтұрсынұлының мұражай үйі мемлекеттік, тарихи-әлеуметтік маңызы бар ескерткіштер қатарына кіреді. Ал, мұндай ғимарат жіті қадағалауда болу керек.  Шығармашылық жұмыстарды зерттеуде ешқандай тоқыраудың жоқ екені белгілі. Байтұрсынұлының мұражайын індете зерттеп, оған жаңаша көзқараспен келген қазіргі ғалымдардың ішінде бірде бір адам жоқ екені қынжылтады.

Байтұрсынұлы атындағы мұражай қоғамдық негіздегі шаруаларды атқарып келе жатыр. Атап айтқанда бірнеше күн бұрын ғана осы киелі үйде «Қамшы» порталы Алаш арыстарына ас берді. Оған Райхан Сахыбекқызы қуана қолдау көрсетті.

Қоғамдық негіз дегеннің өзін жалпақ жұрт түсіне бермейді. Қоғамдық негіз – тегін қызмет.  Қоғамдық негізде бәріміз де қызмет атқаруымыз мүмкін. Бірақ дәл осылай жалғаса беретін болса кез келген адам күйзеліске ұшырайды. Мұражайдың коммуналдық қызметінің өзін жылдар бойы төлеп шығу мүмкін емес. Қоғамдық қордан айлық алмайтын, қоғамдық қор оның жұмысын қажетті деңгейінде алға жүргізе алмайтын болса, ол артқа шегініп, өзінің жарғысында жазылған дүниені жүргізе алмағандықтан өз тарапынан мұражайды мемлекетке не сыйға тартуы керек, не көздеген мақсатын ашып айтып, Ахметті ұлттың игілігіне айналдыратын жолға өзі ұрпақ ретінде мойындауы керек.

Алаш Арыстарын ұлықтау мәселесіне келетін болсақ, «Иманғали Нұрғалиұлының Ресейге елші болып тағайындалуынан жұмыс тұралап қалады» деген ойдан аулақпыз. Имекең қазаққа рухани серпін әкелетін толғақты бастаманы көтеріп, маңызды тапсырманы қажетті өкілеттіліктерге дайындап кетті. Алаш партиясын, ұлт зиялыларының мұрасын насихаттау – бір Иманғалидың мойнына артылып қойылған жүк емес, бұл бажайлай білген жанға «еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін» Алаш мұрасын зерделеу мен ел игілігіне айналдыру, Алаш мұратын бүгінгі тәуелсіздігіміздің тірегі деп ұғыну, бабалар аманатына адал болу ұрпақтық парызымыз. Оны өз дәрежесінде атқару баршамызға, оның ішінде ел тізгінін ұстағандарға тіпті үлкен сынақ! Ал,

Музей-үйге алғаш барғаннан бері жиі бас сұғамыз. Қар қалың жауған күндерде Райхан Сахыбекқызының қолына күрек алып музей ауласын тазалап жүргеніне талай рет куә болдық. Ахмет Байтұрсынұлы Алашын ардақтаса, Райхан Имаханбет Ахаң тұрған үйді көзінің қарашығындай қорғап келеді.

Бүгінгі күн, 1967 жыл, 9-наурыз – Ахметтанушы, Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Имаханбеттің туған күні ғана емес, 1917 жыл, 9 наурызда «Алаш» газетінде Н.Күзембайұлының «Ұраным - Алаш!» атты өлеңі жарияланған күн;  1910 жыл, 9 наурызда А.Байтұрсынұлы Орынборға келді. Ағартушы өмірінің жаңа кезеңі басталды. Осы орайда Райхан Сахыбекқызына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, ол көзінің қарашығындай аялаған Байтұрсынұлы музей-үйі еңселене берсін дейміз!

 

Нұрғали НҰРТАЙ

Қатысты Мақалалар