8 ақпан күні Қытайдан Қазақ Еліне оралу мақсатымен көшіп келе жатып, ШҚО Зайсан ауданына қарасты «Майқапшағай» кедендік бақылау бекетінде 49,900 АҚШ доллары тәркіленген Мәуітхан Гүлжан есімді жесір ананың ісіне қатысты сот отырысы 17 наурызда өтеді. Бұл туралы Baq.kz жазды.
қоғамда зор дау туғызған бұл оқиғадан соң, 9 наурыз күні Астана қаласындағы «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова қолынан келгенше көмектесетінін айтқан болатын.
Айта кететін бір жәйт, 17 наурыз күні өтетін сот отырысына тек қана Мәуітхан Гүлжанды ғана шақырған. Жесір ананың ұлы Мұхташұлы Әділбекке хабарласқан шақырушылар сот отырысына төрағалық ететін судияның аты-жөнін айтудан бас тартыпты.
Еліміздегі негізгі ақпарат құралдары осы жағдай туралы бастама көтеріп, abai.kz, qamshy.kz, 31.kz, azattyq.org және т.б. ақпарат құралдары Үкімет басшысы Б.Сағынтаев пен ҚР Бас прокуроры Ж.Асановтың назарына хат жазған еді.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының ізгі бастамаларының бірі – көші-қон саясатын арқа тұтып, Қытай елінен атажұртым Қазақстанға біржола қоныс аударып, көшіп келе жатып, шекарадан осындай үлкен кедергіге тап болдым. Өзім жүрек талмасымен қатты ауырамын. Қанша ғұмырым барын білмеймін, көзім тірі кезде балаларымды Қазақ Еліне орналастырып, ұрпақтарымның алаңсыз өмір сүргенін көрсем деймін. Кішкентай қызым Мұхташқызы Перизат Астана қаласындағы №40 мектепте 6-сыныпта оқиды», – деп көз жасын төкті жесір ана.
«Қазақтың жалғыз отаны – Қазақстан» деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
«Қазақстанның жері кең, елі кең. Келіңдер де айналайын қазағым, күніңді көріп байыңдар!»
Бұл да – Елбасының шетелдегі қазақтарды Атажұртқа шақырған, Дүниежүзі Қазақтарының ІІ-ші Құрылтайындағы сөзі.
Пікір қалдыру