АҚШ-та жоғалып кеткен қазақстандық дәрігер өзінің не себепті «қашып» кеткендігін түсіндірді

/uploads/thumbnail/20170709224701228_small.jpg

АҚШ-та қазақстандық дәрігер Нұрбол Данияров осыдан бірер күн бұрын із-түссіз жоғалып кеткен. Бұл туралы «Қамшы» порталы ktk.kz-ке cілтеме жасай отырып  хабарлайды.

Алматылық гинеколог дәрігер өзінің мамандығын  кәсіби түрғыда жетілдіру бағдарламасы бойынша шетелге барған.  Алайда, елге қайтып оралуға бір күн қалғанда ол із-түссіз жоғалып кеткен.  Әлеуметтік желілерде Нұрболдың жоғалғаны туралы ақпарат 7 наурыз күні жарияланып, тарай бастады. Қазақстандық дәрігерді іздестіруге тек отандастары ғана емес, шетелдік азаматтар мен американдық полицей қызметкерлері де ат салысқан. Алайда, көп ұзамай жоғалған Нұрбол Данияров өзінің аман-сау екендігін хабарлаған. Белгілі болғандай, ол басқа  елде өзінің демалысын жалғастырмақ болған.  Қазақстандық дәргерлердің біліктілігін көтеру мәселесін ұйымдастырушы Нұргүл Салиева Данияровтың елге оралуға 1 күн қалғанда жоғалып кеткенін растады:

«Таңертең Нұрболды таңғы асқа шақырғанда, ол төменге түспей қойды. Ота жасауымыз керек болған. Сондықтан қатты асығыс едік. Нұрболдың бөлмесіне кіргенде оның жоқ екенін білдік. Полиция қызметкерлерін шақыртқанда, олар Нұрболдың киімдерін қарап, іздеп көріңдер деді. Біз іздегенде, шынымен де оның киім-кешектері жоқ болып шықты».

25 ақпанда осында келген 3 дәрігер өздерінің кәсіби біліктіліктерін жетілдіру мақсатында американдық хирургтардан шеберлік сағатын алып, ота жасауды үйреніп жүрген. Алайда шеберлік сағатының соңғы күнінде қатысушылардың бірі Данияров қашып кеткен.

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, Данияров алдын-ала Ричмонд-Чикаго рейсіне билетін шығарып алыпты. Демек, өзінің бұл сапарын алдын-ала ойластырып, жоспарлаған.

Әлеуметтік желілерде осы оқиғаға қатысты біраз дау-дамай, шу шыққан. Біреулер Данияровты қолдаса, екіншілері оны жазаға тартуды ұсынған.

Ал осындай шудың шығуына негізгі себепші болған Нұрбол Данияров өзінің ісінде тұрған ұятты да, қылмысты да ештеңе жоқ деп отыр:

«Мен ешқайда қашқан жоқпын. Ұйымдастырушыларға келген күні-ақ қаражаттарын төлеп тастадым. Ешкімге ештеңе міндетті емеспін. Олар мені елімнің алдында жексұрын етіп көрсетіп отыр. Олардың маған, менің жеке тұлғама деген қарым-қатынасы ұнаған жоқ. Әуелі  былай болады деп түсіндірген, кейін келген соң мүлде басқаша сөйледі. Мен оларды да, елімді де алдағам жоқ» -дейді Н.Данияров. Оның айтуынша ол билетті өз ақшасына сатып алған. Сонымен бірге,  жақын арада туған еліне қайтатындығын, қазір еңбек демалысында жүргенін жеткізді.

Алайда, осы жағдайдан кейін ұйымдасырушыларда АҚШ-та қазақстандық мамандардың біліктілігін жетілдіру бағдарламасын жауып тастай ма деген қорқыныш туып отыр.

Қатысты Мақалалар