СҚО ШЕНЕУНІГІ КӨШЕНІҢ ЕСКІ АТАУЛАРЫН ӨЗГЕРТУГЕ НЕГЕ ҚАРСЫ?

/uploads/thumbnail/20170709230832585_small.jpg

Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің 2017 жылғы 14 наурыз күнгі санында «Ескі атаулардан арылатын уақыт жетті» деген мақаланы оқығаннан кейін, қолыма қалам алып отырмын.  Қызылжар ауданындағы Петерфельд ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Сағат Қуандықов кеңестік дәуірдің сарқыншағы іспетті ескі атаулардан арылатын уақыт жеткенін, әлі де болса  ономастика мәселесінің ақсап тұрғаны жайында өз ойын білдіріп, мақала жазған екен. Материалдан қандай да бір оғаштық, арандатушылық не болмаса жеке бір тұлғалардың ар-ожданына нұқсан келетіндей пікірді байқамадым. Соған қарамастан Қызылжар аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарып жүрген Алла Криворотько  аудандық «Қызылжар” газетіне беттеліп, шығып бара жатқан мақаланы алдырып тастапты.

Шенеуніктің бұл қылығына ашынған автор «Аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы А. М. Кривортько еліміздің Ата Заңы кепілдік берген азаматтардың сөз, шығармашылық бостандығына шектеу қойып,  Қазақстан Республикасының “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заңын белден басып, аудандық газетке цензура жасап отырғанын аңғардым. Бұл қалай?», дейді.

Азаттық алғанымызға ширек ғасыр толса да, ескі көше атауларын еліміздің ұлттық болмысына сай етіп өзгертуге қарсылық білдіріп, аяқтан шалатын шенеуніктер табылып жатады. Сағат Қуандықов өз мақаласында артық ауыз сөз айтып тұрған жоқ. Бар болғаны еліміздің бір тұрғыны ретінде Тәуелсіз мемлекеттің ұстанған бағытына сай келмейтін кеңестік дәуірдің сарқыншағы іспетті бұл атауларды өзгерту мәселесі ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келе жатқанына қынжылыс білдіріп, ескі атаулардан арылатын уақыт жеткені жайында ойын ортаға салған екен. Біздің облысымызда жетпістен астам елді мекен әлі күнге дейін тоталитарлық сипаттағы атауларға ие екенін, бір Лениннің атында 79, Совет атауын иеленген 74, Комсомол құрметіне қойылған 68, Октябрь деп аталатын 52 ауыл мен көше бар екен осы мақаладан білдім.  

Осындайда Мұхтар Әуезовтің “Ел боламын десең, бесігіңді түзе”, – деген ғибратты сөзі ойға оралады. Кеңес дәуірін еске салатын көше атауларын өзгертуге билік те, тұрғындар да ықылас танытса, бұл мәселе толық шешіліп қалмағанмен, сең сөгілер еді, деп ойлайсың.

Сағат Қуандықов өзі  тұрып жатқан Петерфельд ауылын мысалға  алып, ол жерде де ономастика мәселесінің ақсап тұрғанын сөз етеді. Ауылдық округте өткен жиналыста күн тәртібіне ескірген көше атауларын өзгерту мәселесі қойылғанын, ауылдағы Молодежная, Торговая, Школьная, Восточная, Октябрьская, Коминтерна сынды көшелердің соңғы екеуінің атауын ауыстыру туралы шешім қабылданғанын айтқан екен.  Сондай-ақ, автор  көше аттарын өзгертуге жергілікті тұрғындар тарапынан  қарсылық байқалмайтынын, тек құжат ауыстыру жұмыстары қаражат мәселесіне тіреліп, қол байлау болып тұр, деген ойын білдіреді. 

Ал Алла Криворотько бұл мақаланы  газет бетінен алып тастағаннан не ұтты. Меніңше, бұл тіл саясатына ашықтан-ашық қарсылық білдіру. Осылайша белден басу арқылы мемлекеттік қызметкер өз міндетіне адалдық танытып тұр ма, ойландыратын мәселе?!

Жайна Балтабай,

Петропавл қаласының тұрғыны. 

Қатысты Мақалалар