Ақтөбелік тұрғын мал үшін өзінің бажасын атып тастаған

/uploads/thumbnail/20170709230846992_small.jpg

 

Ақтөбедегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ағайындардың арасында болған жанжалға қатысты сот тыңдалымы басталды. Бажасын атып өлтіріп, айдалаға тастап кеткен сотталушы өз кінәсін ішінара ғана мойындайтынын айтты деп хабарлайды «Қамшы» порталы өңірдегі NUR.KZ тілшісіне сілтеп.

Оқиға 2016 жылдың 3 қазанында күндізгі уақытта болған. Хромтау ауданы Көктау ауылы Нұрлы көш көшесінің тұрғыны Жетпіс Ршимов телефон арқылы бажасын мал базасының маңына кездесуге шақырады. Ол ішімдік ішкен күйі кездесуге келген бажасын аңшы мылтығымен атып жіберіп, оған ешқандай көмек көрсетпестен айдалаға тастап кеткен.

Хаблахат Жанзақов кеудесінен жараланып, өкпеден көп қан кетуінен оқиға орнында көз жұмады. Сотқа талап арыз түсірген жәбірленушінің ағасы сотталушының осыған дейін де інісін ұрып тастағанын айтты.

«Екеуі де бірін бірі бала кезден таниды. Қарасу ауылында туып өсті. Кейін бір үйдің қызын алып бажа болды. Ол інімді 1994 жылы да ұрып, жағын сындырған болатын. Үйге еңбектеп келген күйеуін көрген әйелі жүкті еді. Босанған кезде баласы сөйлей алмайтын болып туды.

Ағайыншылықпен сотқа берген жоқпыз. Енді «қашарымды жоғалтты» деп інімді атып өлтірді. Оқиға туралы інім өлгеннен кейін ғана естідім. Мені сол жерге апарғанда қансырап жатқан інімнің мәйітін ғана көрдім, полиция жүрді. Әрі қарай есімде жоқ. Адам көрмесе айдаладан құс та жеп кетер еді», - дейді марқұмның ағасы.

Сотталушы бажасына оқ атқанын мойындап, бірақ оны қасақана жасаған жоқпын деп ақталды.

«Айыпты ішінара мойындаймын. Атқаным рас, бірақ қасақана атқан жоқпын. Өлуіне себепші болған шығар... 1994 жылғы оқиғада мен оны үйіне барып сабаған жоқпын. Оның өзі үйіме келді», - деді сотталушы жайбырақат.

Айыптауда хабарланғандай, сотталушының қару ұстауға рұқсаты болмаған.

Сотталушы Жетпіс Ршимов - 1961 жылғы, бұрын сотталған, үшінші топ мүгедегі.

Ол сотта 6 баласы мен немерелерінің барын айтты. Бүгінгі сот мәжілісіне оқиға туралы білетін екі куәгер келген жоқ.

Жәбірленушінің қорғаушысы сот төрағасына ауылда куәгерлерді қорқыту оқиғасының болғанын хабарлады. Айтуынша, сотқа шақырылған кәугерлер өздерін қорқытқандығы туралы полицияға хабар берген.

Сот төрағасы Нұрлан Сұлтановтан жәбірленуші тарап 10 миллион теңге моральдық, 520 мың теңге материалдық шығын өтеп беруді сұрайды.

Сотқа барлық ағайын-туған жиналған.

 

Қатысты Мақалалар