Ұлттық трагедия: Қазақ келіншек қытай шалдың тырнағын алды (ФОТО)

/uploads/thumbnail/20170709231342981_small.jpeg

Әлеуметтік желіде жоғарыдағыдай сурет жүр. Бұны Қытай үкіметі «Ұлттар ынтымағының аса қатты нығайғандығының» көрсеткіші етсе керек. Суреттен байқайтынымыз қазақтың өрімдей ұл-қыздары қытайдың өлеусіреген шал-кемпіріне «күң» болып жүр. Үстіне «Қытай Шыңжаң еңбекшілер бірлестігі» деген қызыл лента байланған қазақтың бір келіншегі қытайдың тырнағын алып отырса, екінші бір келіншек қытайдың шашын ұстарамен қырып қызмет көрсетіп жатыр... Бізге жеткен ақпарат бойынша, бұндай «қамқорлық» қимылына этникалық ұлттардан бір азамат аптасына бір рет қатысуға міндеттелген.

Қытайдағы қандастар бізге жиі жолдайтын хаттарда соңғы он жылда Шыңжаң аймағында (Автономиялық дербестігі бар ауданда 1,5 миллионға жуық этникалық қазақ өмір сүреді. –ред.) ассимиляция қарқынды жүріп жатқандығы айтылады. Қытай үкіметі өзінің қытайландыру саясатын түрліше «Ұлттар ынтымағы», «Бауырластық» деп  бүркемелейді. Жоғарыдағы сурет осындай бүркеншікті көп саясатының бір көрінісі ғана.

Атап айтқанда, Қытайда қытайдан басқа ұлттар тұратын аудандарда әр отбасына бірден ұлты қытай азаматтарды өз отбасында тұрғызуға міндеттеген. Олар бір үйден тамақтанып, бір үйде ұйықтайды. 

Әр күні таңертең әр отбасынан бір адам орталық алаңға барып сағат сегіз шамасында Қытайдың гимнін орындауға қатысуға тиіс. Қатыспағандарға әкімшілік жаза қолданады.

Ұлты қытай емес этникалық ұлттардан алынған әскерилер немесе полицейлер этникалық аудандардағы түрлі жағдайларды болдырмауға жұмылдырылады. Бір сөзбен айтқанда өзін-өзіне салған. Бұндай фактілер санай берсек жеткілікті...

Бәрінен жанға бататыны әнеу қытай тырнағын алған келіншек үйіндегі баласын бағу үшін лажысыз осыған көніп жатқан шығар. Анасына осындай жұмыс істеткен қытай ертең баласына не істетеді?...

Сәбина РАМАЗАН

Қатысты Мақалалар