"Бұрындары елдің жылдық бюджетін бекітерде, түн ұйықтамай, күн ұйықтамай, дауласып, әрбір тиынды санап-есептеп-екшеп, ақша бөлінетін саланы-мекемені әбден зерттеп, дауласып, қырық-пышақ болушы едік. Кейінгі кездері "Бюджет туралы" заңды бірден қабылдай салатын болды. Жоғарыдан түскен бұйрық сондай. Неге бұлай деуге ешкімде не жігер, не қауқар жоқ. Содан, мұндай нәрсеге шыдамай депутаттықтан өз еркіммен бас тартып, кетіп қалдым", - деп еді белгілі қаржыгер азамат. Қырық жыл бойы еліміздің қаржы саласын басқарған үлкен кісі тектен текке күйінбейтіні анық қой. Биліктегі дөкейлер небір қаржылық қитұрқы операцияларды "шырғалаң ойынға" айналдырып алғалы қашан.
"Мега", "Хан шатыр", "Еуразия" тағы да басқа алып ойын-сауық орталықтарында бір бутиктың бір айлық арендасы - бірнеше миллионнан басталып, адам өте бермейтін жердегі 3-4 шаршы метрлік қуыс бөлмелер ең азы - 300 мыңнан төлейді. Одан бөлек бизнесмендердің салығын, коммуналдық қызмет ақысына кететін ақшаларын есептей беріңіз. Тіпті "Еуразия" сауда орталығында саудагерлерді кәдімгідей қанайтын көрінеді. 5 минутқа кешігіп қалсаң да ақша, бөлме ішінде титтей шаң тұрса да айыппұл төлейсің, бутик ішіндегі біз зат өз орнында тұрмаса да ақша беріп әрең құтылады екенсің. Кәсіпкерлер бір жерге арызданып баруға дәті жоқ. Босқа тыраштанып не керек, арыздары ескерусіз қалатынын әу бастан біліп алған. Себебі, себебі - ол жердің иесі әйгілі Маминдер. Осы сияқты алып ойын-сауық орталықтарының иелерін анықтай түссеңіз, ар жағынан биліктегі атақты адамдардың фамилиялары атып шығады. Айтпағым,сондай ірі орталықтарға бюджеттен не үшін ақша бөлініп келген? Бір айда бір ғана бутиктен миллиондап алып отырған болса, бір айда сандаған бутиктен миллиардтаған қаржы жиналмай ма? Қаржыға зәру қаншама әлеуметтік салалар бар? Сол ақшаға МЕГА миллиардерлерінің "бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі " аясында жасаған бір мықты қамқорлықтарын көрмеппін. Біздің, салық төлеушілердің ақшасына қол жаятындай мүсәпір күйге түскендеріне жол болсын... Заңсыз бөлінген қаржы бюджетке қайтарылуы тиіс! Құзырлы орындар тексеру жүргізуі тиіс! Әй қайдам, осы кезге дейін бюджеттің әрбір тиынын шын жанашырлықпен санап, іздеу салатын, мақсатты-мақсатсыз бөлінген қаржыны бақылап отырған бір адамды көрген жоқпын. Бұған - біздің қаржыгерлер де, экономистер де, тіпті өзіміз де тікелей кінәліміз. Өйткені - талап етуді білмейміз!!!
Дина Түлекова.
(“Facebook” әлеуметтік желідегі парақшасынан.) “Қамшы” сілтейді
