Қырмызы балаларының бауыр болып шүйіркелесіп ойнап жатқанына сүйсіне қарап тұрды. Анасы кірсе қымсынып қалады деп ойлады ма, балаларды бақылап отырғанын білдірмеді. Бір уақытта ойыншыққа таласқан бауырлардың бірі әдепсіз сөз айтып, екіншісін төпештеп ұра бастады. Мұндай көріністі Қырмызы бұған дейін көрмеген. Үлкен баласының мінезіндегі өзгеріс пен ашушаңдығы онымен қоса әдепсіз сөз айтқаны Қырмызыны таң қалдырды. Жаймашуақ күнде басынан мұздай суды төгіп жібергендей күй кешкен Қырмызы бірден баласын сұрақтың астына алды. Нәтижесінде баланың әдепсіз сөзді де, адамды ұруды да балабақшадағы тәрбиешісінен көргенін білді. Балабақшада тәрбиешісінің балаларға қалай ұрысатынын айтып берген Шыңғыс қорыққаннан жылап жіберді. «Енді балабақшаға бармаймын» деп өксігін тия алмады.
Бұл Қазақстандағы балабақшалардың бірінде ғана болған оқиға. Ал ел бойынша 9407 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның 241-і жекеменшік балабақша. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Алайда соңғы кездері баланы аяусыз ұрған тәрбиешілер туралы жиі еститін болдық. Ұялы телефонға ол жағдайлар түсірілмесе, балабақша қызметкерлерінің мұндай қатігез қылығы туралы ешкім білмес пе еді? Өзінің пасық әрекетін әлсіз балаға көрсетіп, әлімжеттік жасағанын, баланың психологиясына өмірлік жара салғанын ешкім байқамаспа еді?
Жақында ғана Қызылорда облысындағы «Бибіжар» балабақшасында А.Нұрғалиева есімді әдіскер баланы ұрғаны үшін жұмыстан қуылған. Бұл хабарды естіген Қызылорда облыстық ІІД оқиғаның мән жайын тексеруді бастап кетті.
Бұдан бөлек, соңғы бір айдың ішінде балаларды балабақшада ұру туралы бірнеше шулы оқиғаның куәсі болдық. Олардың барлығы желіде кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылығын тудырған еді. Ата-аналар балаларының тағдыры, денсаулығы мен тәрбиесіне алаңдайтындарын жеткізсе, енді бірі орыс тілді балабақшада мұндай оқиға өте сирек кездесетінін айтады. Пікір білдірушілердің дені қазақ тілді тәрбиешілер мен дәрігерлердің және қазақ тілді балабақшалардың балаларға дұрыс көңіл бөлмейтінін және баланы жасық қылып тәрбиелейтінін айтып сынның астына алды. Оның ішінде мектепке дейінгі балаларды тәрбиелейтін мекеме қызметкерлері көбіне грант үшін ғана аталмыш мамандыққа оқитынын айтқандары да болды.
Психолог, баланың оны ешкімнің ұруға құқығы жоқ екенін түсіндіргісі келетін ата-аналарға ең алдымен өзін тәрбиелеуге кеңес береді.
Оксана Чолак, балалар психологы: Ата-ана баласына қол көтергеннен кейін, оны басқалары ұрса бала оны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Оның үстіне бала мен ата-ананың арасында бір-біріне деген сенімді қарым-қатынас болмайды. Соның салдарынан бала тәрбиешілер тарапынан зорлыққа тап болса да оны ата-анасына айтпайды. Себебі оның сөзіне сенбейді немесе сөзіне күмән келтіріп, ұрады деп қорқатын болады.
Оксана Чолак бала мен ата-ананың арасында сенімді қарым-қатынас болмаған жағдайда, зорлық көрген баланы мінезінен және ойынынан аңғаруға болатынын айтады.
«Бала не үйренсе де, өмірінде қандай жағдайларға тап болса да оны ойыншықтарға қайталайды. Егер ол ойыншықтарды тізіп қойып, ұрып-соғып, айқайласа, яғни өмірінде де сондай жағдайлардың куәсі болғанын немесе бастан өткергенін білдіреді» дейді психолог.
Оксана Чолак әр баланың мінезіне қарай да түрлі белгілер болуы мүмкін екендігін ескертеді. Мәселен, ашушаңдық, қорқақтық, тұйықталу секілді өзгерістер болуы мүмкін екенін ескертеді.
Мұндай жағдайды байқағанда бірден қажетті шараларды қолдану керек. Яғни, күмәніңіздің дұрыс немесе бұрыс екенін анықтағаннан кейін, заңгердің көмегіне жүгіне аласыз. Ол үшін қолыңызда бұлтартпас дәлелдер болу керек. Себебі ҚР заңы бойынша баланың сөзі айғақ ретінде қабылданбайды. Яғни баланың сөзі дәлел бола алмайды.
Кәмшат Есмұханбетқызы, заңгер: Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 141-ші бабында «Балалардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру, қызметтік бабы бойынша салғырт қарау және баланың өліміне алып келетін жағдайларда» балабақша қызметкерін 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырады және 3 жылға дейін балалармен жұмыс істейтін қызметке орналаса алмайды. Ал балабақша қызметкері абайсызда баланың денсаулығына зиян келтірсе 2 жылға бас бостандығынан айырылады және 3 жылға дейін бұрынғы қызметіне орала алмайды.
Баланы мектепке дейінгі мекемелерде ұру фактісі бойынша бірнеше іспен айналысқан Кәмшат Есмұханбетқызы 3 жылға жұмысынан шектетілген адам жаза мерзімі біткеннен кейін қайта қызметіне орала алатынын ескертеді.
«Егер тәрбиеші 3 жылда ешқандай жауапқа тартылмаса, тәртіп бұзбаса сотқа қызметіне оралу туралы өтініш жаза алады» дейді заңгер.
Балаға зорлық көрсетудің түрлі әдістері бар. Оның ішінде физикалық зорлықпен қоса, психологиялық қысым да бар. Заңгердің айтуынша психологиялық қысымды дәлелдеу үшін психологиялық сараптама жүргізіледі және нақты балалабақшадан психологиясына зақым келгенін дәлелдеу қажет болады.
Кәмшат Есмұханбетқызы балалардың құқығын қорғайтын ұйымдарды да сынға алды.
«Үлкендердің тарапынан, оның ішінде тәрбиешілерден зорлық көрген балаларға ең алдымен сол балалардың құқығын қорғайтын ұйымдар қол ұшын беру керек. Алайда олар көбіне үнсіз қалады. Ата-аналар өздері заңгерлердің көмегіне жүгініп, мекемелердің табалдырығын тоздырады. Балалардың құқығын қорғайтын ұйымдардың жұмысы жанданса деген тілегім бар. Себебі олар арқылы көптеген мәселені шешуге болады» дейді Кәмшат Есмұханбетқызы.
Қазақстанның әр облысында кәмелет жасқа толмаған балалардың құқығын қорғайтын ұйымдар бар. Олардың өз заңгерлері мен психологтары жұмыс істейді. Шетелдің тәжірибесіне сүйетін болсақ, олар бала құқығын қорғайтын арнайы институттар құрған. Швеция, Франция, Италия елдерінде аталмыш институт сәтті өз жұмысын жүргізіп келеді.
Өмірге тәй-тәйлап басып, оң мен солын енді танып келген баланы көзінің қарашығындай қорғау әр ересек адамның міндеті. Ата-анасы баласын тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсіруге тырысқанымен әркез жанында жүре алмайтыны белгілі. Мұны пайдаланған кейбір балабақша қызметкерлері балаға жұдырық жұмсап жүр. Өзін қорғауға қауқарсыз баланы ұру - қылмыс. Бала біздің ертеңіміз, бала біздің болашағымыз. Кіші буынды қалай тәрбиелеп, оған қандай қарым-қатынас жасасақ ел болашағы мен кейінгі ұрпақ та сондай болмақ.
Қамшыгер: Әсем Әлмұханбет