Жақында «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен аталған қоғамның төралқасына кіретін ақсақалдары Науан хазірет мешітінде имамдармен кездесу өткізген еді. Онда негізгі мәселе жаназа кезінде белең алатын ысырапшылдық жайы кеңінен талқыға түсті. Ел ақсақалдарымен болған бұл кездесуде облыс имамы Қанат Қыдырмин Мүфтияттың бұған ерекше назар аударып отырғанын атап көрсетті. Жаназа жайлы пәтуада да ысырапқа жол бермеу баса айтылады. Бірақ, біздің қазақ қоғамы бұл жайға ат-үсті қарайтыны өкінішті.
Мен осыған дейін «Мәйітті ұрлаған кім?» деген мақаламды жазып, онда жерлеу кезінде өрбитін келеңсіз көріністерді кеңінен сөз еткен едім. Жаназа кезінде ас берудегі астамшылық қана емес, қабірстандағы мазар салып жарысқандардың да жай-күйі тілге тиек етілген-ді. Қарап отырсақ, қазақ тойда да, жаназа ысырабынан да алдына жан салмайды.
Соңғы кездері тойға ғана емес, жерлеу кезінде ас беру үшін де банкіден несие алу оқиғалары айтыла бастады. Қалталы азаматтарға бұл тиынды желге шашу сияқты көрінгенімен, қарапайым адамдарға оңайға соқпайтынын несіне жасырамыз.
Демек, біз шариғаттан да алшақтап бара жатқан жоқпыз ба? Асыл дінімізде адамы қайтыс болған үйге салмақ салуға болмайтыны баса айтылмаушы ма еді. Үш күнге дейін ол шаңырақтан ас ішілмесін деп те міндет қояды ғой. Ендеше біздікі қай шариғат, сонда?!
Жақын адамы қайтыс болған кісі мәйіт жуындырып, кебіндеп, тезірек жерлеуге емес, ас-судың қаракетімен кетіп жатады. Мәйітке, бақиға озған адамға деген құрмет қайда қалды. Тіпті, ауылды жерде осындай қаракеттің салдарынан мәйіттің үйде жалғыз қалатын кездері де кездеседі. Үйдегілердің бәрі тайлы-тұяғы қалмай, бірі асқа сойылатын малды іздеп, екіншісі тарататын шүберек пен ас-судың жайымен қалаға шұбырады.
Әлемде жаһандық дағдарыстар етектен тартып тұр. Айналаға қарасаң, барлығы үнемге көшіп, қолын да тартып ұстайтын жағдайға бет бұрды. Осынай дағдарысдарға мұрнын шүйіріп қараған қазақ па деп қаласың. Бұдан да қиын замандар болған, қазақ одан да мойымай өткен. Ол шындық. Бірақ, әр заманның өз теперіші бар емес пе?!
Неге қазақ осы елдегі басқа ұлыстардан кедейлеу тұрады. Үй-күйі жоқтардың дені өз қазағымыз десек еш қателеспейміз. Бірақ, той жасауға, жаназаны әлгіндей ысыраппен өткізуге келгенде алдымызға жан салмаймыз. Мұндай дарақылық керек пе, бізге.
Жаназаларда жүріп көп еститінің: «Тірісінде жақсылық көре алмады, енді ол дүниеге дұрыстап шығарып салайық!» деген пеншелік сөз. Өлген адамның жерлеу рәсімін осылай аста-төк той қылып өткізгеннен оған пайдасы бар ма?! Ахирет күнге одан мол сауап жазылса ғой. Одан да өлген адамға сауап жазылатын істерді көбірек жасағанымыз абзал емес пе.
Жаназа кезінде не дәреті жоқ, не басқа сылтауды желеу еткендер намазға тұрмағанын жиі байқайсың. Есесіне, асқа баруға құлшынып тұрады. Бір табақ етті жұғын да қалдырмай, қалса, мүшелеп бөліп алу нағыз надандық емес немене.
Көкшетауда жаназа дастарханына етті турап әкелу жөнінде ұсыныс айтылғалы бері оны қолдағандар да, қарсы дау айтушылар да бар. Алғашқылары шариғат тәртібін түсінетіндер, ал, екінші топтағылар: «Көкшетау еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда басты асымыз қазақы етті мүше-мүшесімен ұсынатынымен ерекшеленеді. Енді бұл дәстүрімізден де айырғыларың келе ме?» деп өздерінше көсемсиді.
Негізі, сый табақты ұсыну жаназа кезінде ғана болмаса екен деп отырмыз ғой. Қазақтың басқа тойларында шаруамыз жоқ. Бірақ, заманымызға қарай көсілу үшін той кезінде де дарақылықтан бойды аулақ салғанымыз жөн болар еді.
Кейде осындай ысырап болатын жаназа дастарханын жайды көбірек қалайтындар қалталарында ақшасы бар, мұрты майланған жандар екенін көресің. Аздап шыр бітті екен деп барлығымыз бірдей паң Нұрмағамбет болып Сағынайдың асын ұйымдастыра берсек одан ұтатын кім, ұтылатын кім. Қабірстандағы зәулім-зәулім мазарларды салып жатқандар да солар. Бұрынғы өткен бабалардан үлгі-өнеге алу керек болса, асыл пайғамбарымыздың өнегелі өміріне неге үңілмеске.
Мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын шығару және жерлеу ғана негізгі діни рәсім болып табылады. Қалғаны қосымша амалдар. Ендеше біз қайтыс болған адамға сауап болатын жаңағы төрт амалды емес, жанама істерге көбірек көңіл бөледі екенбіз. Елімізде жаназа пәтуасы да бар. Қасиетті Құранда Алла тағала парыз еткен міндеттерді де білеміз. Алдымен осы парыз істерге назар аударсақ, жанама қаракеттердің керісінше ысырапсыз жағына ден қойсақ.
Бақыт СМАҒҰЛ
Пікір қалдыру