ҚАЗАҚТАРДЫҢ ӨР АЛТАЙҒА ҚОНЫСТАНУЫНДАҒЫ ШАҚАБАЙ БАТЫР ҰРПАҚТАРЫНЫҢ ЕРЛІГІ

/uploads/thumbnail/20170710054818776_small.jpg

2017 жылдың 19 мамыры күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Шақабай батыр және оның ұрпақтарының ерлік іздері» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Аталған конференцияға қытай, моңғолия, түркия, т.б. шетелдерден ғалымдар, жазушылар келеді деп күтілуде. Шақабай батыр Есентайұлы (1688 - 1778) Жоңғар заманындағы әйгілі қазақ батырларының бірі болып, оның сүйегі ШҚО Тарбағатай ауданының Көкжыра деген жерінде жатыр. Батырды ұлықтау арқылы бүгінгі ұрпақты ерліккке, отаншылдыққа баулу парызы бәрінен де маңызды. Осы орайда Шақабай батырға арналғар еңбектерді жұрт назарына ұсынуды жөн көрдік.

Кешегі түркі даласының мұрагерлері бабадан қалған бағзы жерге иелік етуде тағдыр сынына көп ұшырап толарсақтан қан кешті. Сол сынның ең ауыры қара шаңырақты басқан қазақтарға түсті. Әсіресе, тәңірінің таласты күні жоңғар заманына тура келіп, Абылайдың туғанынан өлгеніне дейінгі дәуір алмағайып күйде арпалыспен өтті. Ол заманда атқа мінбеген, өзіне тиіскен жатқа шаппаған қазақ болмады.

Өздерін Шыңғыс әулетінің мұрагеріміз деп бас көтерген, бүгіндері моңғол атанған бағзы тайпалар ежелгідей ірі империя құруды көздеп еді. Ел мен жерді кеңейтпекке атқа қонып, алдымен өз әлі жететін көшпенділерді бағындыруды, біріктіруді мақсат етті. Осы мақсаттан басталған өріс, қоныс таласы талай қанды қырғынға мұрындық болды. Арғы-бергісін  айтпаған күнде сол жоңғарлар жеңілген соң олардан босап қалған жерді қазақтардың иеленуінен қатты алаңдаған қытай императорлары қалмақтарға жасырын ат шаптырып, 1771 жылғы Еділ бойынан қалмақ ауған «шаңды жорық» оқиғасын тудырды.

Абылайдың астарлы саясатымен қазіргі Іле, Алтай, Тарбағатай жеріне сұғына кіріп бара жатқан қазақ ауылдарының алдына сол қалмақ тұқымдарын қарауыл етті. Өз қолайына жағатын әлсіз күш – қалмақтарды жерге иелік еттіру арқылы көрші қазақтардың ата-баба жеріне қоныстануына кедергі келтіруді ойлады. Және солай етті де. Осы бір тарихи оқиғаны біздің есімізге салып жаңғырту мақсатында қазірге дейін сол далаларға моңғол ескерткіштерін қойып отыр. Ондағы ашық және жасырын түрде айтпақшы болғаны: «Бұл сендердің жерлерің емес, кезінде жоңғардан босатып алған өз жеріміз» дегені еді. Осы жолдарды қамтыған хаттарды Абылайдың өзіне де жазып үлгерген болатын.

Осындай қиын сәтте Абылайдың қасынан табылатын қарт сарбаздар аз болды. Қабанбай, Бөгенбай баһадүрлер көз жұмған. Жаудың шетіне, желдің өтіне қарай үдере көшкен керей ауылындағы қарт Шақабай батыр Абылай кеңесінің абыздарының бірі болса, оның өз қолымен тәрбиелеп өсірген Ер Жәнібек ақыл-қайраты толысып, азуын айға білеп, ханның сенімді серігі болды. Жоңғарлардың беті қайтқан соң орта жүздің керей ауылдары мен найманның Қызай ауылдары қанаттас көшіп, қазіргі Алтай, Тарбағатайға алғаш рет ат басын тіреді. Оның қарапайым мысалы Шақабай батыр сүйегінің қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылында жатуы мен Жәнібек батыр зиратының Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Ортабұлақ ауылында жатқандығы. Және де Шақабай батырдың қызы Несіпалдының сол тұста қызайларға келін болып ұзатылғандығы.

Осылайша Алтай, Тарбағатайды қанаттас өрлеген керей, найман ауылдары үздіксіз алға жылжып, жоңғарлардан босаған көне жұртына жылыстай көшсе, ұлы жүздер Іленің басына бет түзеді.

Ертісті жағалап Өр Алтайға көшкен керей ауылдары ол жерлерді де оп оңай иелей салған жоқ. Толарсақтан қан кешіп, ақылды найза, қайратты қалқан етті. 1780-1790 жылдардың өзінде-ақ қазіргі Қытай аумағына қарасты Алтай аймағының Қаба, Жеменей аудандарына кереге жайып, ірге көміп үлгерді. Ол кезде Алтайды мекендеп отырған моңғол тайпалары болса да олармен бірде қату, бірде тату болып көшті тоқтатқан жоқ. Көштің алды 1820 жылға келгенде Өр Алтайдың қазіргі Көктоғай, Шіңгіл жерлеріне дейін жетті.

Осы кездегі керейлердің басқару түзімі жағынан олар Әбілпейіз ханның ұлдары Көгедай, Сәмен, Жабағының тұқымына бағынышты болып, Сауыр-Сайқан өңірін мекендеп отырған Көгедайұлы Ажы Алтай керейлеріне билік жүргізетін еді. Ажы әр-түрлі алман-салық үшін болсада өзі басқарған халықтың тұс-тұсқа бытырауын қаламады. Қазақ хандарының тұқымынан алыстап бара жатқанынан да алаңдады. Бірақ керейлердің кез етікті, кереге сауытты баһадүрлері Өр Алтайды өрлей берді, көшті тоқтатпады. Өздеріне билеуші болған Ажыға бағынғысы келмеді.

Әкесі Көгедай Қытайдың Чиң патшалығына жыл сайын алман-салық төлеп, оларға сырттай бағынышты болғандықтан Ажы да Қытай әміршілерімен белгілі қарым-қатынаста еді. Аңызға қарағанда Ажы елдің өрлей көшкеніне наразы болып, өзінің жырындылары арқылы қосар атпен жасырын кісі шаптырып, қазіргі Шіңгіл жеріндегі Моңғол бұтханасын шақтырған деседі. Онысы Ертісті өрлей көшкен қазақ ауылдары мен моңғолдар ортасына от тастау арқылы қазақтары кері қайыру болса керек.

Енді осы оқиғалдар төңірегіндегі тарихи құжаттарға азырақ мойын бұрайық.

«Чиң патшасы Гаузұңның Орда естелінде» қазақтардың Алтай, Тарбағатайға көші туралы және олардың жоңғар қалдықтарымен болған өріс-қоныс таласы, барымта мәселесі жиі сөз болады. 1755 жылдың мамыр айындағы патша жарлығында және 1756, 1757, 1758 жылдардағы және одан кейінгі кездердегі хаттар мен әр түрлі қарым-қатынастарда осындай оқиғалар көрініс тауып отырады.

Осылай басталған байланыстарда ендігі жерде жер таласы ашыққа шығады. Абылайдың өз елін ежелгі жерге бауыр бастыру талабын ашық мақұлдамағанымен көп жағдайда олардың салық төлеу арқылы ішкі аумақтарға көшу-қонуына рұқсат етеді. Бұл көш Абылай дүниеден өткеннен кейін де өз жалғасын таба береді.

1822 жылдары шамасы Чиң патшалығының Қобда іс басқару орнынан патшаның атына арыз келіп түседі. Онда: «түрі адам сияқты, қылығы айуан сияқты бір тобыр Ертісті өрлей көшіп келеді. Олар біздің жерімізді иелеп, малымызды бұлап қана қоймай, бұттарымызды шағып дінімізді қорлады» делініп, оларды жазалауды сұрайды. Сөйтіп сол жылы жазға қарай Чиң патшалығының Улиастай әскери қолбасшылығынан Халха Монголдардан жасақталған 4000 атты әскер шығып, бейғам отырған қазақ ауылдарына тап береді. Алтай қазақтарында «Сайын ноян шапқан», «Беген шыбылған Қара Сеңгір оқиғасы» аталған сол қырғынды естігенде өз кезінде жылаған бала уанатын сұмдық болған деседі.

Ажының арандатушылығы сынды түрлі оқиғалдарды сылтауратып, қазақтардың алдын тосу, оларды көшірмеуді мақсат еткен патшалық саясаттан осындай ірі қанды оқиға туды.

Бұл оқиға жайында жазушы, тарихшы Асқар Татанайұлы «Беген шабылған Қара сеңгір оқиғасы» мақаласында былай деп бейнелеген еді:

Лек-легімен келген жау,

Құмырысқадай қайнады.

Жас баланы жайратты,

Жас сұлуды байлады.

Хан ордадай еліңді,

Түп қотара айдады,

Бегеннен ұрпақ қалмады. («Тарихи дерек келелі кеңес» 1987ж. Шынжаң халық баспасы, 91 бет).

Әрине, ел іші батырсыз болмайды. Осыған дейінгі 50-60 жыл бойы бетінен ешкімге қақтырмай мейманасы тасыған керей батырлары осындай сын сағаттар да қарап қалмайды. Тосын келген жауға қарсы шапқан сондай ерлердің алдында Шақабай батырдың немерелері болды. Оның бірі Ызғұтты батыр Жанбалаұлы болса, екіншісі Жарқынбай батыр Халықбайұлы еді.

А.Татанайұлының аталған еңбегінде Ызғұтты жайында:

Мінгені Ыздекеңнің сағақ бозды,

Ыздекең бұршақтатып топтан озды.

Немене озып-озбай қайран дүние,

Хандарға қапылыста тұтқын болды.

Ыздекең келер болсаң тезірек кел,

Байталдай айғыры өлген елің тозды, – деген жыр жолдарынан үзінді келтіріп, «айтушылар мұны дастан деуші еді, бірақ, қолға түскені осыншалық қана болып отыр» дейді.

Жоғарыдағы азғантай өлең жолдары-ақ көп нәрсені аңғартады. Бірі «лек-легімен келген жау, құмырысқадай қайнады» деу арқылы жаудың жер қайысқан қалың екенін көрсетсе, олардың қырғынын «жас баланы жайратты, жас сұлуды байлады» деп бейнелейді. Ал Ызғұтты хақында: «мінгені Ыздекеңнің сағақ бозды, Ыздекең бұршақтатып топтан озды» – деген жолдар арқылы қазақтың бағзы батырлық үлгісіндегі ерен ерлікті суреттейді. Әрі Ызғұттының жәй батыр ғана емес, елге тұтқа боларлық кесек кескінін «Ыздекең келер болсаң тезірек кел, байталдай айғыры өлген елің тозды» деп бейнелейді. А.Татанайұлының жазуынша осы қанды ұрыста аты бұрлыққан батыр қапылыста қолға түседі. Жаулар батырды өлтіріп, Алтай тауының бір биігіне мұнара орнатып, басын сонда іліп қояды.

Ызғұтты батырдың өлімі жайында биыл (2017 жыл) 98 жасқа келіп дүние салған шежіреші, әкемнің ағасы Бидахмет Мұқайұлы: «Менің бала күнімде 90 ға кеп дүние салған Ырсай деген шалдың: «бала күнімізде Китіңарша-Күнгейтінің бір биігінде дарға асып өлтірген Ызғұтты батырдың калошы күнге қураған жел қайықтай болып жатушы еді. Балалар қызық көріп екі-үш бала аяғымызды калошка қатар сұққанымызда сиып кетуші еді» дейтін» деп өткен күндер елесін еске алып, батырдың аса ірі денелі адам болғанына тамсанып отырушы еді.

Ажы төренің арандатушылығы жайындағы жоғарыдағы әңгіменің рас-өтірігі хақында нақты дәйектер  аз. Ал Асқар Татанайұылың жазуынша жоғарыдағы қырғынды естіген Ажы төре жауға қарсы тұрып, елді құтқару үшін Жарқынбай батыр бастаған ерлерді ел қорғауға аттандырған екен.

Біз аталған қырғынның уақытын моңғолиялық, тарих ғылымдарының докторы, профессор Құрметхан Мухамадиұлының дерегі бойынша 1822 жылдар болған деп жаздық. А.Татанайұлы бұл оқиғаны 1836 жыл болған деп көрсеткен.

Ал 1835 жылы «Чиң патшалығының орда күнделігінде»: «Қобдаға қарасты Алтай шүршітік урианхай қарауылдарынан жасырынып өтіп келіп қоныстанған қазақтарды ұдайы әскер жіберіп қуғындап қайтарып тұратынбыз. Тексеруімізше, қазақтар Цинь-Лун /1736-1795/ заманынан қазірге дейін урианхай өңіріне жасырынып өтіп келе берген екен. Қазір олардың екі мыңнан аса отбасы кері қайтарылды.Тек, Изағат бастаған алты жүздей отбасы көшпей отыр. Оларды Тарбағатай әмбісі әскер жіберіп қудалауы керек»  делінген.

Бұл деректер бойынша болғанда 1836 жылдан бұрын қалайда патша үкіметі қазақтарға қарата жазалаушы қосын аттандырғаны анық болады. Ал Ызғұтты батыр сол алғашқы ұрыста өлді ме, әлде кейін өлді ме аса анық емес. Мұндағы «Изағат» деген Ызғұтты емес пе деген де ой туады. Егер «Изағат» пен «Ызғұтты» бір адам болса, онда Ызғұтты батыр 1822 жылғы қырғында емес, кейіннен жауларымен қасарыса қарсыласып жүріп, 1836 жылдарда қапияда қолға түсіп өлген болады.

Мейлі қайсы ұрыста мерт болса да Ызғұтты батырдың елді ең алғашқы рет Өр Алтайға бастап келіп, сол өріс-қонысты алу шайқасының құрбаны болғаны анық. Және де Ызғұтты бастаған ұрысқа Жарқынбай батыр бастаған Өжеке, Иман т.б. көптеген батырлардың көмекке келіп жаумен шайқасып, олардың бетін қайтарғаны тілге тиек етіледі. Әрі осы реткі қырғындар қазақтарға уақыттық тойтарыс болғанмен олар алған бетінен қайтпады. 

Қайта алды-артын түгендеген ел сол 1836 жылы керей ұлысының құрылтайын шақырып, келелі кеңес құрады. Өр Алтайды мекен еткен керей еліне жалғыз Ажының билік дәрмені жетпейтінін ескеріп, оған көмекші ретінде төрт би сайлайды. Сөйтіп ендігі жерде елін қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай ата мекеніне бауыр басудың берік қамалын жасады. Қазақ көші Өр Алтайды толық иеленіп қалмастан, одан ары асып, қазіргі моңғолияның Қобда өңіріне дейін жетеді.

Сөзіміздің басында айтқан ежелгі түркі даласына қайта қоныстану барысында Шақабай батыр және оның батыр ұлдары мен немерелері қан кешіп жүріп күрескенін көреміз. Шақабай батырдың сүйегі жатқан Тарбағатай тауларының бөктерінен Ызғұтты батырдың сүйегі жатқан алтын Алтайдың құздарына дейінгі байтақ аймақты жаудан тазартып, оны иелену, ұрпағына аманат ету сол батыр бабаларымыздың ерлік шежіресі мен бізге енші еткен асыл байлығы еді. Олардың осы ерлігіне ақыл, қайрат, қайтпас жігер беріп отырған ең үлкен сенім – бұл даланы бабалармыздың меншігі деп білген ежелгі  мекендеріне деген ыстық сағынышы мен айнымас махаббаты болатын.

Осы ерліктің алтын арқауы осыдан кейінгі талай қанды шайқастар да тарих алдында өз өнегесін танытып отырды. Бастыларынан – 1867 жылғы «қызыл аяқ шапқыншығы», 1940-1941 жылы басталған Есімхан, Ырысхан, Оспан батырлар бастаған ұлт азаттық қозғалысы дәуірінде де «Шақабай!, Шақабай!» деп жауға шапқан қазақ сарбаздары аз болмады. «Қызыл аяқ соғысындағы» «атым Далай, атуым қалай» дейтін Далай Мерген, Өр Алтай қозғалысындағы Ноғайбай Аушыұлы, Ырысхан Ноғайбайұлы, Муса мерген Тұрғынбайұлы, Сүлеймен Бектұрұлы, Нұрғожай Молдаманұлы секілді батырлар және Нәзір тәйжі Жапарұлы, Нұрғали үкірдай Тұмсықұлы, Жәңгір Әтікұлы, әйгілі балуан Қайысбай Иісұлы, т.б.лар Шақабай батырдың шөбере, шөпшектері еді.

Бүгінгі бізге керегі де Шақабай батыр және оның ұрпақтарының ерлік рухымен Отанымызды, елімізді, жерімізді қорғау идеясын ұрпақтар санасына мәңгілікке сіңіру болып табылады. Ер рухы – ел мерейі. Ерлігіміз еңселі, елдігіміз мәңгі болсын, ағайын!    

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы

Қазақстан жазушылар одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі.

Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі.

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар