Қазақ көші: Ирандағы қандастарымыздың тағдыры Қазақстанның қолында!

/uploads/thumbnail/20250618123035119_big.webp

Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал күннен-күнге ушығып келеді. Иран мен Израиль арасындағы әскери шиеленіс салдарынан бейбіт тұрғындардың өміріне тікелей қауіп төніп отыр. Осы жағдайға байланысты Иранда тұратын қазақ диаспорасының тағдыры да алаңдаушылық тудырып отыр. Бүгінде бұл өңірдегі қандастарымыз қауіп-қатердің ортасында қалып отыр. 

Бейресми деректерге сенсек, Иранда шамамен 5–7 мың қазақ өмір сүреді. Оның ішінде бұрыннан қоныстанып, тұрақталып қалған қазақтар мен кейіннен жұмыс бабымен барған қазақтар бар. 2024 жылдың соңынан бері жалғасып келе жатқан Иран мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс азаматтық инфрақұрылымға қауіп төндіріп, ел ішінде тұрақсыздықты өршітті. Бұл жағдай Иран қазақтарының да өміріне тікелей әсер етуде:

  • Аймақта қауіпсіздік нашарлаған;
  • Экономикалық дағдарыс тереңдеп жатыр;
  • Тұрмыс ауырлап, азық-түлік пен дәрі-дәрмекке қолжетімсіздік байқалуда;
  • Қазақтардың Қазақстанға көшуге ниеті күшейіп отыр, бірақ нақты мүмкіндік жоқ.

Осыған орай еліміздегі бірқатар қоғам белсенділері Қазақстан билігін нақты әрі жедел әрекет етуге шақырып, тарихи жауапкершілікті кешіктірмеу қажеттігін мәлімдеді.

Қоғам қайраткері Өмір Шыныбекұлы өз үндеуінде өркениетті елдердің Таяу Шығыстағы азаматтарын эвакуациялау бағытындағы нақты қадамдарын мысалға келтіріп, Қазақстанның да осыған ұқсас шешім қабылдау қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, Германия, Чехия, Польша және АҚШ сынды елдер Иран мен Израильден мыңдаған азаматтарын елге қайтаруға кіріскен немесе соған дайындалып жатыр. Мәселен, Германия ELEFAND жүйесі арқылы 5000 азаматты эвакуациялауға дайын екенін мәлімдеді. Оның ішінде Иранда 1000 неміс азаматы тіркелген. Чехия билігі Тель-Авивтен 80 азаматын көрші елге шығарып, үкіметтік ұшақпен Прагаға жеткізді. Польша шамамен 200 азаматын Иордания арқылы эвакуациялауды жоспарлап отыр. АҚШ та дипломатиялық персонал мен олардың отбасы мүшелерін қауіпсіз жерге көшіруге шешім қабылдаған. Ал Әзірбайжан билігі Ираннан өткен Ресей, Қазақстан, Қырғызстан азаматтарын өз аумағына кіргізіп, Бакуге жеткізгенін хабарлады. Осы деректер халықаралық қауымдастықтың азаматтық жауапкершілік танытып отырғанын көрсетеді.

 Өмір Шыныбекұлының айтуынша, қазір Иран қазақтары да тығырыққа тіреліп, Әзірбайжанға қарай босып жатқан көрінеді. Олар шекарадан өткеннен кейін Бакуден Ақтау портына дейінгі жолды паром арқылы еңсеруге болады. Бұл техникалық жағынан еш қиындық туғызбайды. Алайда мәселенің түйіні — саяси ерік пен шұғыл шешім қабылдауда жатыр.

«Ал біз ше?». Қоғам өкілдері бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайтынын, Ирандағы қазақтарды елге көшіру бүгін шешілуі тиіс мәселе екенін айтып отыр. Бұл — тек гуманитарлық емес, ұлттық қауіпсіздікке, демографияға, тарихи жауапкершілікке қатысты міндет. Қазақстан Тәуелсіз ел ретінде қиын сәтте сырттағы қандастарына қорған бола білуі тиіс.

Сондықтан билік Ирандағы жағдайды ескеріп, қандастардың тағдырына қатысты нақты әрі батыл шешім қабылдауы керек. Бұл – елдігіміздің сыналатын сәті.

Бифат Елтаева

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар