Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр “Қытай – Орталық Азия” индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумында сөйлеген сөзінде Орталық Азия өңірінің ауыл шаруашылығы және стратегиялық металдар саласындағы зор әлеуетіне тоқталды.
Склярдың айтуынша, Орталық Азия — құрғақ егістік ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы климаттық жағдайларға ие әлемдегі бірегей өңірлердің бірі. Бұл аймақ бидай, майлы дақылдар, сондай-ақ ет пен сүт өнімдерін өндіруде жоғары бәсекеге қабілеттілікке ие.
"Ауыл шаруашылығын дамытуда негізгі басымдық — жаңа технологияларды енгізу, өнімділікті арттыру және өнімді терең өңдеу. Қазақстан алдағы он жылда дәнді дақылдарды терең өңдеу бойынша әлемнің үздік он елінің қатарына кіруді жоспарлап отыр", – деді ол.
Сонымен қатар, ол Қазақстан мен Қытай арасында органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына жеткізу бағытында елеулі өсу әлеуеті бар екенін атап өтті. Бұл үшін екі ел арасындағы шектеулерді толық алып тастау қажет.
Форумда Скляр сирек кездесетін және стратегиялық металдар саласындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытудың маңыздылығына да назар аударды.
"Бұл металдарға әлемдік сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Олар бүгінде 'екінші мұнай' ретінде бағаланады. Қазақстанда 5 мыңға жуық зерттелмеген пайдалы қазбалар кен орны бар. Біз никель қорытпалары мен аккумуляторлық материалдар өндірісін екі негізгі бағыт ретінде айқындадық", – деді ол.
Скляр бұл салада Қазақстан "инвестициялар мен технологиялар – шикізатқа" деген прагматикалық формулаға сүйеніп, қытайлық компаниялармен нақты жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді.
Сөз соңында ол Қазақстанда Қытайдың қатысуымен 50 мың жаңа жұмыс орны ашылғанын, алдағы уақытта екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілетінін еске салды.