Моңғолияның жаңадан жасақталған министрлер кабинетіне Баян-Өлгий аймағынан Парламентке сайланған депутат, қандасымыз Әубәкір Тілеуханұлы еніп отыр. Ол Отбасы, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі лауазымына тағайындалуы тиіс.- деп хабарлайды Qamshy.kz e-history.kz сайтына сілтеме жасап.
Әубәкір Тілеуханұлы — Моңғолия Мемлекеттік Ұлы Хуралының (Парламентінің) депутаты. 1976 жылы Селенге аймағында дүниеге келген. 1992 жылы Цагааннуур сомонындағы орта мектепті тәмамдаған. 2000 жылы Ұлан-Батор қаласындағы Отгонтэнгэр университетін халықаралық құқық мамандығы бойынша бітіріп, бакалавр дәрежесін алған.
Еңбек жолын Селенге аймағындағы «Селенге тария» ЖШС-де директордың орынбасары қызметінен бастаған. 2008–2015 жылдары Баян-Өлгий аймағындағы Әлеуметтік демократия – Моңғолия жастар одағының төрағасы болған. Ал 2015–2019 жылдар аралығында елдің кеден басқармасында ішкі аудит және бақылау бөлімінің басшысы, сондай-ақ кеден бөлімі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
2020 жылдан бері Мемлекеттік Ұлы Хуралдың мүшесі. Енді ол министрлер кабинетінің жаңа құрамында әлеуметтік салаға жауапты министр ретінде қызметке кірісуі мүмкін.
Айта кетейік, 3 маусым күні Моңғолияның сол кездегі премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдене отставкаға кеткен болатын. Оның орнына 13 маусымда Гомбожав Занданшатар премьер-министр қызметіне кірісті. Жаңа үкімет құрамын Занданшатар бүгін Ұлы Хурал депутаттарына таныстырды.